ӘЛІШЕР ҚАйРАТҰЛЫ, жас әнші: Бұл менің есеп беру кешім емес
- Әлішер, алдымен халыққа өмірбаяның мен отбасыңды таныстырайық…
- Мен 1997 жылы 18 қаңтарда Талдықорған қаласында дүниеге келдім. Қазір сол Талдықорғандағы Мұхтар Арын атындағы экономикалық бизнес лицейнің 11 сынып оқушысымын. Әкемнің есімі Қайрат, анам Анар. Екі бауырым бар. Олар ағам Аркен және інім Абылай. Менің тілеуімді тілеп, күш, рух беріп қолдап, қолпаштап отыратын, әндеріме, өнеріме ең бірінші болып баға беретін осы аяулы жандар.
- Өнер әлеміне қалай келдің?
- Бала күнімнен әншілік өнерге деген қызығушылығым ерекше еді. Мейрамбек Беспаев, Қайрат Нұртас сынды әншілерді тыңдап өстім. Солар секілді әнші болсам деп армандадым. Алайда, өзімнің сүйікті әншім Қайрат Нұртаспен қатар тұрып ән салам, бірге бейнебаян түсірем деп сол кезде ойламаған шығармын. Ең алғаш сахнаға 24 ақпанда Қайрат Нұртастың туған күніне орай Республика сарайында өткізген концертінде шықтым. Қатты қобалжыдым. Біріншіден, Қайратпен бірге ән айтуға жүрексінсем, екіншіден, халық қалай қабылдайды, бұдан кейін әнші боламын ба, ән айтамын ба, жоқ па деген ойлар мазалады. «Алматы түнін» сол кеште халық өте жақсы қабылдады. Аз уақыттың ішінде ән хит болды. Осы әнге түсірген бейнебаянымыз да сәтті шықты. Бұл маған күш берді, рух сыйлады. Армандар орындалады екен. Мен өзім қиялдаған киелі өнерге осылай келіп қосылдым. Кейін Қайрат аға екеуміздің дуэтіміз «Қалай жетем», «Қайда, қайда» деген әндермен толықты. Бұл әндер де ғаламтордағы сайттар арқылы халыққа кең тарауда.
- Қазір жеке репертуарыңда қанша ән бар?
- 9 ән бар. Қазір жеке әндеріме бейнебаян түсіріп жатырмыз. Жаңа жылға дейін альбом шығарсақ деген мақсатымыз бар. Жуырда «Қыран» тобымен бірлесіп концерт бермекшіміз.
- Концерт беруге ерте деп ойламайсың ба?
- Ерте болатындай бұл халыққа есеп беру кеші емес. Керісінше, өз өнерімді ел алдында паш етіп, шығармашылығымды шыңдау әрі тыңдармандарымды қалыптастыру, көбейту мақсатында өткізілетін концерт. Жалпы өнердегі ағаларым айтып жатыр «біздің сахнада жүргенімізге бірнеше жыл болса да әлі концерт берген жоқпыз, жеке концерт беруге қорықпайсың ба» деп. Жоқ, қорықпаймын. Меніңше тәуекелге бел буа алмаған адам мақсатына да жете алмайды. «Қыран» тобы көптен бері ел алдында өнер көрсетіп жүрген топ. Өз имиджі, өз тыңдармандары бар. Олармен бірге кеш беру мен үшін үлкен мәртебе. Концертті екі күнге жоспарлап отырмыз. Бірініші Қыздар Педагогикалық Университетінде, екінші Ө. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында. Концерт тегін өтеді, келем деушілерге есік ашық.
- Концертке Қайрат Нұртас қатыса ма?
- Қайрат ағаны шақырған едік. Өкінішке орай, өздеріңізге белгілі себептерге байланысты концертке қатыса алмайтын болды.
- Бүгінде Алматыда концерт беру оңай емес. Сіздер екі бірдей концертті тегін өткізбексіздер. Қаражат жағынан көмектесетін спонсорың бар шығар?
- Иә, бар.
- Продюсерің бар ма?
- Бар. Продюсерім Бағлан Әуелбеков деген азамат. Ол кісі бұрын Асан Пердешевпен жұмыс істеген. Қазір «Қыран» тобымен және менімен бірлесіп жұмыс істеуде. Концерт, альбом, бейнебаян жұмыстары осы кісінің тынымсыз еңбегінің арқасында жүзеге асып жатыр.
- Алдағы жоспарларыңмен бөліссең?
- Жуырда «Қоштасу» деген әніме бейнебаян түсірдік, қазір телеарналарда көрсетіліп жатыр. «Арай» тобымен бірлесіп, Көктебеде «HIT.TV» арнасының ұйымдастыруымен концерт бердік. Меніңше, өте сәтті, өте қызықты өтті. Алда «Жаным-ау,неге?» деген әнге бейнебаян түсіруді жоспарлап отырмыз. Бұл «Қоштасу» әніне түсірілген бейнебаянның жалғасы іспетті болмақ. Қазір «Жаңа жыл» деген ән жаздырып жатырмын.
- «Саз әлемі» бағдарламасына шақырту алғаныңды естіп едік...
- Иә, бірақ уақыт тапшылығына байланысты одан бас тарттым.
- Әнді өзің таңдайсың ба? Қандай ақын, композиторлармен жұмыс істеп жүрсің?
- Әнді отбасыммен, продюсеріммен ақылдаса отырып таңдаймын. Жалпы жаныма жақын, көңілім толатын әндерді орындаймын. Памир Байдуллаев, Бек Шәріп, Бауыржан Бимахан, Әйгерім Сырлыбаева, Бауыржан Есебаев, Еркебұлан Кенехан, Қуаныш Жаманқұлов, Құрманай Бақтиярқызы, Ринат Зайытов сынды ақын, сазгерлермен жұмыс істеудеміз.
- Жаныңа жақын тақырып махаббат, сезім тақырыбы ма? Әндеріңнің басым бөлігі солай сияқты.
- Жоқ, өз жасыма сай келетін басқа да түрлі тақырыптағы әндерім бар. Мәселен, «Аяулы ана», «Жан әке» деген әндер. Мектеп, туған жер туралы да әндер жаздыртсам деген ойым бар.
Талдықорған мен Алматының арасында жүріп сабақтан көп қалатын шығарсың? Бұған мұғалімдерің қалай қарайды? Алда үлкен сынақ Ұлттық Бірыңғай тестілеу келе жатыр? Дайындығың қалай?
Шынымды айтсам, әр концерт сайын мектеп басшылары мен мұғалімдері ренжіп, кейде тіпті, рұқсат бермей қояды. «Не сабақ оқы, не әнші бол» дегендей реніштерін де білдірген кездер болды. Ондай сәттерде жанашыр, жақын адамдарым ара түсіп, рұқсат алып беріп жүрді. Ал қазір мектебім мені түсініп, қолдап, көмектесіп те жүр. ҰБТ-ға дайындығым жаман емес. Бірақ, дайындық, сабақ, концерт деп жүріп, қиналып кететін кездерім де болады.
Мектеп бітірген соң әншілік өнеріңді әрі қарай шыңдайсың ба, әлде басқа мамандықты таңдайсың ба?
Бала күнімнен Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетіне заңгер мамандығы бойынша түсуді армандағанмын. Сол арманым, Алла қаласа, орындалар деп ойлаймын.
Жігітке жеті өнер де аз. Ән айтудан басқа тағы қандай өнерің бар?
Ән өнерімен қатар, спортты да қатар алып жүрмін. Бала күнінмен дзюдоға қатысып, түрлі жарыстардан марапаттар алып, әлемдік деңгейге дейін көтерілгенмін. Бірақ ертеден арманым әншілік өнер болғандықтан, мен осы жолды таңдадым.
Алға қойған мақсатыңа жетуіңе тілектеспіз! Сәттілік жолдас болсын!
«Тамаша жұлдыздар» журналынан