Әлішер Кәрімовтың көшпелі турнесі

24 қыркүйек күні Көкшетау қаласында басталған турнені көру маған да бұйырды. Жексенбіде Қарағандыға қыдырып келген мен де тек жанды дауыста ән шырқайтын Әлішер Кәрімовтың концертінен қалмайын деп шештім."С.Сейфуллин атындағы драма театры" лық толған соң көп кешікпей концерт басталып кетті. Қарағандылықтардың Әлішерге деген ықыласы ерекше екен, сахнаны қала тұрғындарына арналған әнмен ашып одан сайын қошеметке ие болды. Репертуарына қосылған жаңа әндерді таныстырып, сонымен қатар хит әндерін тыңдармандармен қоса шырқады. Көшпелі турненің басты ерекшелігі тек жанды дауыста өтуі дер едім. Тек теледидар, интернеттен бейнебаяндарын қарап, әндерін тыңдап жүрген маған сахнадан өз көзіммен көріп, кең диапазонын құлағыммен есту ерекше әсер сыйлады. Әншінің қарапайымдылығы, сонымен қатар әр әнді айтпастан бұрын қысқаша мазмұн, тарихына түсініктеме беріп кетуі ұнады. Бұрыннан тыңдайтын әндері өмірлік маңызы бар тақырыптарда және ән мәтіндері жақсылыққа, өмірдің мәнін түсінуге, адамгершілік қасиеттерді үндеуге бағытталғанын білетінмін. Ал концертте орындаушының өз ойын, әнге деген жүрекжарды сөздерін есту өнерге деген махаббатымды арттыра түсті. Әнмен ғана емес, биімен де концертке жиналған қауымды таң қалдырған Әлішер жеке басына қатысты сұраққа "Менің де бір аққуым бар шығар" деген әнмен жылы жауап берді. 

Көшпелі турне бүгін Өскеменде, 28 қыркүйек Семей қаласында, ал 29-ы Павлодар қаласына барады. Аталған үш қаланың тұрғындары бұл мүмкіндікті жібермейді деп ойлаймын. Жанды дауыста құлақтың құрышын қандырар ән тыңдағыңыз келсе "Ниетіміз таза болса..." атты Әлішер Кәрімовтың көшпелі турнесіне баруыңыз керек. Эстрадамызда жанды дауыста ән салуға жүрексініп, мың бір сылтау айтатындар өте көп, ал Әлішер Кәрімовтың батылдығы кез келген әншінің бойынан табыла бермейді. Концерттен соң әншіге деген құрметім артып, плейлистіме бүкіл әнін қосып тыңдап жүрмін. 



Бөлісу: