Алматының кептелісіндей...
блог
Өмірдің ащысы мен тұщысын татпағанға өмір қызық емес секілді, махаббаттың да тәттісі мен қаттысын көрмегенге сүю жайлы әңгіме айтып керек емес шығар. Махаббат дегенің де қызық қой,алғаш кездескенде ғашықтық оты лаулап, сол от тұла бойыңды баурап, бақытқа ерте еніп,екеулеп өртеніп жүресің. Ол күндерде қиялдың шегіне жетпей, ешқандай мұң-қайғы көрмей, түрлі арман-мақсатты құрастырып, барлығын жан-жақты ұластырып, білгің келгеніңді сұрастырып қоямыз-ау.
Еркелетсе нұрланып, өкпелетсе бұлданып, қызғаныштан жынданып кете жаздайсың. Бірақ бір күні жайнаған жаздан кейін сарғайған күздің келетініндей,бақытты сәттерден кейін мұңға толы кезең де өміріңнің есігін қағып тұрады. Сол сәтте сайраған жүректің тілі байланып, ең ерекше адамың естелікке айналып кете барады. Былтыр жаныңда жүрген жүрегіңнің жарты бөлшегі биыл өзгенің жанында жүрсе таңқалмайсың, "Неден қателестім?" ,- деп ойланып, толғанасың.
Өмір ғой. Ешқашан өткен күнде ерекше естеліктер сыйлаған адамдарымызды кінәләмайық. Себебі,ол бір кездегі біздің ең тамаша таңдауымыз ғой. Қыз Жібектің Төлегені бола алмасаңыз,Бекежан да болмаңыз. Екі жанның бақытын тілеңіз. Әрине жүрек қиналады, қимайды, сағынады. Алайда, сіз сыйламаған бақытты өзгелер алақанында аялауы мүмкін. Жалғыздық та кейде жақсы ма деп ойлаймын. Біраз уақытқа дейін танымайтынға бос көзбен,танитынға дос көзбен қарап жүресің. Көрген көзге, кездескен сезімге ере бермеген жөн. Ал нағыз махаббатқа керегі-тұрақтылық. Әсем қала Алматының кептелісіндей...