Алматыда "Желтоқсан саябағы" ашылды

Алматыда "Желтоқсан саябағы" ашылды
жеке
блог

Тәуелсіздігіміздің алтын діңгегі желтоқсан көтерілісі қазақ тарихында ойып тұрып өз орнын алды. Желтоқсан көтерілісіне қатысқандардың алды 60-қа таяса, арты елуді еңсеріп келеді. Бүгінде бастарын ақ шалған қазақтың батыр ұл-қыздары сол бір қанды көтерілісте ел тағдыры сынға түскен кезде, жан қиюға дайын екендерін қан тамған алаңда қайтпас қайсарлық көрсете білді. Міне, сол бір тәуелсіздігіміз үшін болған қанды көтерілсіке  34 жыл толған екен. Алла нәсіп етсе, келер жылы еліміз аман жұртымыз тыныш болса, 35 жылдығы елімізде кең көлемде аталып өтеді деген ойымыз бар.

Жылдар алыстап, сол бір қасіретті түнді батырлар еске алғанда көздеріне жас үйіріліп, бойларындағы ұлттық рухы бой көтеріп  күрсіне еске алады. Бүгінде тәуелсіз еліміз бен желтоқсан қаhармандары үшін тарихи күн болып есте қалғалы отыр. Алматыдағы "Жас қанат" мөлтекауданында  Желтоқсан көтерілісне қатысқандарға арналып арнайы "Желтоқсан саябағының"  шымылдығы түріліп, қаз-қатар шыршалар отырғызылды. Мұндай игілікті шара желтоқсандықтар үшін ғана емес, болашақ ұрпақ үшін маңызы ерекше асыл мұра болып қалмақ.

Желтоқсан саябағының ашылуына шен-шекпенді азаматтар мен бірге зиялы қауым өкілдері түгелдей келіп қатысты. Қазақстан Жазушылары Одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет екпінді өлеңін  жыр еткеннен кейін, жазушы, киондраматург Смағұл Елубай  сол кездегі кеңестік үстемдікке шыдамы бітіп, бас көтерген қазақ жастарының “шыныдай шырт етіп сынғандай ” – деп теңеу келтіріп, жұртты бір желпінтіп тастады. Сонымен қатар, өз кезегінде құрметті қонақтар желтоқсан көтерілісінің қазақ тарихындағы алар орны туралы ой-пікірлерін ортаға салды.  Аймағы 100 гектар жерді алып жатқан Саябақ енді "Желтоқсан саябағы" деген су жаңа атау алып отыр. Ашылу салтанаты кезінде ой бөліскен желтоқсандық қайраткерлер болшақта бұл бақтың ішінде үлкен бір мешіт соғылып, қаза болған  батыр ұл-қыздарымызға құран бағышталып, еске алып отыратын діни орын болса деген тілек-ойларын да жеткізіп жатыр. Иә, расымен де өте құптап, қоштайтын ой. Менңше, сонымен бірге, желтоқсан батырларына арналып зәулім бір ескерткіштің мүсіні көтеріліп жатса, келер буынға нұр үстіне нұр болар еді. Ол күннің де ауылы алыс емес шығар деген ойды түйдім.

Желтоқсандықтар "Желтоқсан саябағы" деген тақтаның шымылдығы салтанатпен түрілген кезде "Менің елім" әнін жырлап қоя берді. Сол бір жан беріп жан алысқан азалы күнде дәл осы ән рухты жанап, намысты тулатқан Шәмші атамыздың отты өлеңі  еді. Екпінімен елітіп алар құдіреті зор  бұл әнді айтқан батыр ұл-қыздардың  дауыстарында ұлтқа деген сүйіспеншілік сезіліп, сол бір кездегі ызғарлы желдей есіп тұрғандай болды. Иә, сол бір аязы бетті қарыған, ақ қардың үстінде қызыл террор, шовенистік режимге қарсы айқаста, қазақ жастары жанын пида етуге дайын жалынды жас ержүрек ұрпақ еді.  Әсіресе, қазақтың қолаң шаш, бұраң бел ару қыздары, тіпті ұлдардың алдына қара үзіп шығып, адам айтса сенгісіз батырлық көрсетті. Бәрі, бәрі дәл бүгіндей көз алдымызда.

Қазақ ең алдымен намысты, ұятты ойлайтын текті ұлт. Намысы биік ұлтты жау да дау ала алмайды. Әрі батыр әрі ақын жүректі ел. Желтоқсан қаһармандарының арқасында қазақ жерінде азаттықтың ақ таңы атты. Егер желтоқсан көтерілісі болмағанда не болмақ еді еліміз, сәл де болса көз алдымызға елестетіп көрейікші. Желтоқсан қанды көтерілісі болмағанда меніңше, қазақ ұлты тілі мен дінінен  айырылып бара жатқан, қоғамда өз ойын ашық айта алмайтын бейшара жанның күйін кешкен, салт-дәстүрлері тәрк етілген жойылудың аз алдында тұрған халық болдық емеспіз бе? Кезінде Сәкен, Бейімбет, Ілияс секілді алаштың асыл азматтарының осындай халды басынан кешіріп, өздерінің отты өлең-жырларында арқау етті. Содан барып, қазақтың елім деген тұлғалары  жер аударылып түгелдей атылды. Сондықтан да тарихта қызыл жауыздың ойымызды улаған  сайқал саясаты қаншама елім деген ерлерімізді құрбан етті десеңші. Осы орайда,  қызыл империяға қайтпай қарсы тұрған Желтоқсан батырларының әрқайсысымен келер ұрпақ мақтанатындай болуы керек. Алла бұйыртса, солай болады да. Көзі ашық, көкірегі ояу болашақ ұрпақ бәрін таразы басына салып өз бағасын беретініне кәміл сенеміз. Ал бүгінгі ақ түйенің қарны жарылып, тұсауы кесіліп, шымылдығы түрілген "Желтоқсан саябағы" бақытты болашақтың саябағы болып қалатытында күмән жоқ. Сең қозғалды.

Бүгінгі күн сірә есте қалар мәңгі,

Көңілге қуаныш кеп саялады,

Алматының Жасқанат ауданында

Ашылды Желтоқсанның саябағы.

Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ