Алматыда "Айка" фильмі көрсетіледі

Биылғы жыл қазақ кино өнері үшін табысты жыл болды десек артық болмас. Себебі, көптеген фильмдер көрермен назарына жол тартты, тарихи кинолардың түсірілімдері басталды, қазақ киноларының саны бірте-бірте артып отыр. Сондай-ақ, жаңа есімдермен ел танысты. Соның бірі 71-інші Канн кинофестивалінде ең үздік әйел рөлі номинациясы бойынша бас жүлдені жеңіп алған Самал Еслямова. Ол басты рөлді сомдаған «Айка» фильмі Францияда үлкен қошеметке бөленді. Өзі жеңімпаз болып, елге аты мәлім болды. Самал түскен режиссер Серей Дворцевойдың «Айка» әлеуметтік драмасының тұсаукесері Алматыда Қала күні мерекесіне орай тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған I Халықаралық Almaty Film Festival кинофестивалінде өтеді.

Almaty Film Festival кинофестивалі Astana Film Fund Алматы қаласы әкімдігімен бірлесе ұйымдастырылып отыр. Фестиваль «Мәдениеттердің жақындасуы» девизімен өтеді. Кинофорум кинематографистердің халықаралық ынтымақтастығын дамытуға және Алматыға халықаралық жобаларды тартуға бағытталған. Шара еліміздің мәдени және туристік орталығы ретінде Алматы қаласының имиджін халықаралық деңгейде өркендетуде үлкен мүмкіндіктерге жол ашпақ.

Almaty Film Festival президенті, кинорежиссер, актер, сценарист және продюсер Ақан Сатаев: «Казақстандық кинематограф қазіргі уақытта трансформацияның бұрын-соңды болмаған таңғажайып кезеңін бастан кешіруде. Біздің көрермендерімізге қызықты есімдер жыл сайын көбейіп келеді және олар шетелдерде де танымал болуда.

Almaty Film Festival біздің қаламыздың әлеуетінің кең қанат жаюына септігін тигізбек, сондықтан негізгі конкурс өздері үшін киноөндірістің, кoпродукцияның жаңа мүмкіндіктерін ашатын әртүрлі елдердің киноиндустриясы өкілдерінің ынтымақтастығын дамытуды мақсат етеді».

Кинофестиваль жұмысының аясында, 15-19 қыркүйек аралығында 5 күндік өте тартымды бағдарлама қарастырылған. Қызыл кілем үстімен отандық және әлемге танымал киноиндустрия жұлдыздары өтеді. 



Бөлісу: