Алматы, сені сағынған жоқпын...

Алматы, сені сағынған жоқпын...
жеке
блог

Бірінші курста, өткен жылдың дәл осы күні сабаққа келгенде мұғалім қызық тапсырма берді. Бастауыш сыныптарда жыл сайын жазатын «Менің жазғы демалысым» деген тақырып бар еді ғой. Сондай етіп, «Студенттік демалыс» тақырыбына ой толғау жазыңдар деді. Сонда сабақта отырып, былай жаза салыппын:

«Бірінші сессиямызды аяқтап, ойымыздағыдай өте жақсы бағаларға толы сынақ кітапшамызды арқалап, үш күндік жол сапардан соң, туған жеріме оралдым. Екі сағат кешігумен отарба мені ауылыма түн ортасы ауғанда бір-ақ жеткізді. Соған қарамастан мені сағынған кішкентай бауырларым ұйқтамай күтіп отыр екен. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қарт келіп амандасады» дегендей, бізден бөлек тұратын ата-әжем, ағаларым да біздің шаңыраққа жиналып, барлығы ұйқыларынан қалып, мені тосып отыр екен. Келесі күні таң атқан соң ағайындар барлығы жиналды. Сынақ кітапшамдағы баллдардың қойылу жүйесіне түсінбеген ағам «кредит саны-3» деген жазуды көріп, «Әселдің алған «үштіктерін» көрдіңдер ма? Ещё оны да кредитке алыпты», - деп қалжыңдайды.

        

Университеттің тым көп тапсырмаларын орындап, талай таңды көзбен атырып, ұйқылы-ояу сабаққа кете беретін сәттерде қашан демалысқа шығып, емін-еркін жүріп-тұрады екенбіз деп аңсаушы едік. Үш апта бойы тамақ тоқ, жұмыс жоқ, азып кете жаздадым. Рахат өмір деген – сол Алматыдағы үнемі үлгермей жүретін қарбалас күндер екен. Біздің ауданымыз төбеде орналасқандықтан, үнемі ызғырық жел болады, күн тым салқын. Алматы ауа-райы баланың көңіл күйіндей болып тұрушы еді. Шынымды айтсам, Алматымды сағынып келдім».

Ренжіме, Алматы, бұл жолы түк сағынған жоқпын. Жатақханамды да, Алатауыңды да, әсем қалашығыңды да. Ауылымда қазір сенікі сияқты қыстың көркі де жоқ (қарды айтам) бауырларыммен жағаласып ойнайтын. Айтарлықтай керемет те жоқ, сонда да ауылымды қимааай келдім. Сонда да бұл жолы демалысым аз болып қалды маа, әйтеуір, келгім келмеді... Бұл ойымнан тез арылтшы мені. Қалай? Білмеймін...