Алматы жаңбырың жауратты,
Жыр болып, мұң болып жауатын.
Қаталдық таныттың жасыма,
Жасыма жаңбырмен бірігіп ағатын.
Ең алғаш арман қуып, осы алып шаһарға келгенімде қатты жаурайтын едім. Ауа-райының суықтығынан емес, Алматының ауыр мінезі мен қаталдығынан денем жылымайтын. Күйбең тіршіліктің суық ызғары үнемі жүрегімді тоңдыратын. Мейірімсіздік аязы аяқ-қолымды үсік шалдыратын. Алып Алатаудың қатулы қабағы қорқыныш сезімін ұялаттырып, көзімнің жасы кеппейтін еді. Алматының неге суық екенін бес жыл өткен соң ғана ұғындым. Ол менің Талдықорғанға жасаған сапарымның нәтижесінде туындады. Талдықорған айтарлықтай үлкен, барлық мүмкіндіктері жасалған, алып қала емес. Дегенмен, жан жылуы бар, көңіліңді тыныштыққа кенелтетін керемет мекен. Балалық шағым Талдықорғанда өтсе де, балалықпен ондай қасиеттерін байқамаған екенмін. Иа, иә, Алматы адамдарымен суық. Ал, Талдықорғанның тұрғындары мүлдем өзгеше. Бір-біріне көмек-қолын созуға даяр, қай жерде болмасын жылы шырай танытып, жүздерінен жылулық есіп, үнемі жайдары жүреді. Дегенмен , Алматының мен үшін орны ерекше. Сондықтан, сүйікті қаламыздың күлімдеп, мейірімді болып тұруы үшін біз де бір-бірімізге жылы қабақ танытуға тырысайықшы...