Алматы

Алматы
жеке
блог

                                                 Алматы

 Алматы. Әр қазаққа ыстық мекен. Ел басына күн туған сұрқия кезеңде қара қазаққа қорған болған. Қорған болды дегеніміз  артық та болар. Талай елім деген ерен ұлдарын өзі орға жықпап па еді?!

Алматы. Ұлт үшін ұран тастай алатын алаш азаматтарының мекені. Кешегі кеңестің кереғар саясатына бас көтеріп, желтоқсанда жастарымыз емес пе қарасын көрсеткен.  Азаматтығымызға қол жеткізген қала. Азаттығымызға қол жеткіздік дейміз-ау. Ұлтым деп шыққан мәрт ұлдарымызды, маскүнем, нашақор деп қара күйе жақпап па еді?!

Алматы. Қазақияның астанасы болған асыл мекен. Ірге тасын Дінмұхаммед Қонаев қалап алты алаштың абыройын асқақтатқан қала.  Тәуелсіз ел атанған кезеңде тұңғыш астанамыз болған да осы – Алматы. Астана дегеніміз де артық болар. Астана деген асқақ атқа қимай,  Астана деген алтын тәжіңді де көп көрмеп па еді?!

Алматы. Ақын мен жазушыға тұрақ болып, шығармашылығына шабыт бітірген мекен. Ақындарға тұрақ болды дегенміз де артық болар. Талай дарынның өзегінен теуіп, өмірін өксікке толтырған да осы – Алматы. Сол дарындарымыз өмір бойы пәтер жалдап, бір күркеге зар болмап па еді?!

Алматы. Мұзтаудың мұзбалағы Мұқағалиды дүниеге әкелген қасиетті мекен. Тек Мұқаң ғана емес, қазақ әдебиетін шырқау шыңға шығарған шын таланттарды тудырған қала. Тудырды дейміз-ау, өз өзегінен жаралған ұлдарын топырағына қайта алған да осы – Алматы. Кеңсай жақта талай дарындарымыз кесене болып тұрмап па еді?!

Алматы. Алаяақтардың  мекені. «Қайран ауыл-ай! Ылғи алаяқтарыңды Алматыға жіберіп, нағыз азаматтарыңды өзіңе алып қалыпсың ғой!». Бұл Алматының қауырт тірлігінен шаршаған Мұқағалидің пікірі болатын. Иә, Алматы алаяқтардың мекені. Алаяқтардың мекені дегеніміз де артық болар.

 Алматы – бар қазақ үшін қасиетті мекен.

Ақиқаттың жаршысы болған да осы – Алматы.

Әр жеткіншектің арманына айналған да осы – Алматы.

Желтоқсанда жастарына жігер беріп аттандырғанда осы Алматы.

Дәл осындай жақсы мен жайсаңға тұрақ болған қасиетті мекенді қаралауға ешкімнің де хақы жоқ.

Асқақ арманымыздың жетегінпе еріп менде Алматыға келдім. Ұлы Абайдың ұлылығын танытып, ұрпаққа аманат етіп қалдырған Мұхтар Әуезов дәріс берген қара шаңырақ Әл –Фараби атындағы ҚазҰУ-да тәлім алып жатырмын. Соның өзі мен үшін үлкен бақыт. Бақыт тек ҚазҰУ-да оқумен шектелмейтіні анық.  

Мен өз бақытымды осы Алматыдан табатыныма сенімдімін!