«АЛМАС ҚЫЛЫШ»: РУХЫМ ТАСЫП ҚАЙТТЫ!
блог
«Алмас қылыш» көрермендерге жол тартқалы жақсы бір пікір оқымадым. Бірі деталь жоқ, бірі жүйе жоқ деп жазып жатты. Содан «қой онда» деп бармай жүр ем, бүгін бардым. Не де болса отандық өнімді қолдайын деген ниетпен бардым. Бірақ жамандап жүргендердің ауызына құм салайын деп шештім. Кино өз деңгейінде түсірілген. Рухым тасып қайтты!
Деректі фильм секілді басталғанымен кино көңілден шықты. Қазақтың тарихы арасында сөзбен түсіндіріп алмаса тамыры тереңде жатқанын айқындап берді (әзіл). Керей мен Жәнікбектің образын жақсы берген. Әсіресе Жәнібекке сүйсене қарап отырдым. Нағыз қазақы болмыс пен ерге тән міндездер тоғысқан, салмақты азаматтың бейнесін көрсете алған. Отандық соның ішінде тарихи киноларды түсірген кезде біздің режиссерлер жаудың образдарын өте шебер береді. Ойраттардың өзін қалай берген. Сұсты әрі мінездері қорғасындай ауыр. Қазақ қай кезде болмасын жауын өзімен тең көрген. Мейлі жеңсін, жеңілсін оларға құрметпен қараған. Кинодан осы дүниені анық көре алдым.
Бас салып жаман пікір білдіргендердің ойынша, кинода масса болу керек әрі әскерлердің шайқасы көрінуі керек секілді. Бұл голливудтық фантастика емес, немесе «Властелин колец» емес тобырмен жұмыс жасайтын. Хандар қасында ең сенімді 30-40 сарбазын ертіп жүре алатын болған. Бұл шынайы әрі нақты бейнелеген. Шұбыртып бүкіл әскерді ертіп алып даңқой болғаннан гөрі бір Қобыландыны ертіп жүрсе де жеткілікті. Қобыланды демекші, батырдың тұлғасы, бейнесі, образы қатып тұр. Тіпті оның мерейін қалай үстем қылады: « Хан ием, бір ауыз сөзіңіз, бұйырсаңыз басын кесіп алайын» деген көмекшісіне Шайбани хан «тәйт, саған Қобыландының басы ойыншық па» деп зекіп тастайды. Көмекшінің көзін шел басқан ба, сарайға атпен кіріп тұрып ханға қарсы сөйлеген батырдың басын алу шынымен ойыншық па?!
Киноны (+18) деп көрсеткен де дұрыс шығар. Бірақ көрсін! Қанның төгілгенін, жастың аққанын сезінсін ұрпақ. Барынша профессионалды түрге негізделген фильмнің арасында болатын шайқастары «Көшпенділер» фильмінен мың артық. Серт пен тектілікті, адамгершілік пен жауапкершілікті қалай жеткізген. Серт деп отырғаным, Қасым мен шах Мұхаммедттің аналар алдына берген уәделерінің сақталуы. Қандай жағдай болмасын екеуі бір-бірін өлімге қимайды. Бұл дала заңындағы серттің орны. Тектілік дейтінім, Керей мен Жәнібектің таққа таласып немесе араздасып жатқанын көрдіңіз бе?! Жоқ. Міне тектілік. Ел мен жер үшін бір мақсат жолындағы ұлылық.
Шайбани өзінің рөлін жақсы алып шыққан. Тіпті бейнесі, сөзі, хандық келбеті өзіне жарасып-ақ тұр. Жек көріп те жақсы көріп те кетпейсің. Бір қалыпты ойда ұстайсың. Дешті қыпшақ даласына әмірін жүргізіп отырып сөз арасында қазақтан сақтану керек екендігін ескеріп отырады. Бұл режиссердің көрерменге қазақ халқының қандай жауынгер халық, намысшыл ел екендігін жеткізуге бағытталған нұсқасы. Әйтпесе ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырған Шайбани үшін бір уыс қазақтың тағдыры не тәйір еді. Қорықты. Олардың сесінен, намысы мен көтерілсе ешкімді аямайтынын аңғарды. Ақыры аңғарып жүрген дүниесі алдына келді.
Қазақ құрылтайын өткізген кездегі әрбір рудың «біз біргеміз, көшсек көштік» деп жұлқынып тұрған дауыстарын естіген кезде, бабалардың еркіндік жолындағы аңсарын, сезімін байқауға болады. Рух қой! Керей мен Жәнібекке бір-бір ру басы бүкіл бір рудың тағдырын тапсырып отырса, бұл қазақтың сенімі. Берекенің үлгісі деп осыны айт.
Моғолстанға жер сұрап емес, көшіп барып отыруға ұсыныс тастаған болашақ Қасымның қасқа жолын салатын Қасым ханның жас болса да ақылын қалай көрсеткен. Атадан ұл туса әрі есті болса қуаныш осы емес пе?! Есен –бұға ханның алдына келген Керей мен Жәнібектің өз шарттарын ұсынуы қазақтың да тірессе шамасы барын, алысса алысқанын, жұлысса жолындағысын жапырып кетерін ескертуі. Сөзге берік елдің ойраттарды ойсырата жеңіп, Моғолстанның шетін ерлікпен қорғауын қалай айтпайын. Дәл осы жердегі қолдарына садақ алып, жебені жігерлене тартып, қорамсаққа қол салған тегіндегі Томиристерді көрмейсіз бе?! Қыздардың ерлігін көрсеткені жөн болған. Бұл қазақ қыздарын бір серпілтіп алу. Әйтпесе еуропаның идеологиясына сынып, біреу туса омақасып жатып алатын келіндер үшін сын еді. Қараңызшы, далада жүріп, туған баласын арқасына аса салып жауға шабу деген сіз ше сюжет қана ма?! Жоқ...! Бұл деген ерлік. Шалкиіздің тектігілі анасында екен ғой сонда! Көрдік. Сүйсіндік.
Кешегі ноғай қосылғанда бәлкім үлкен бір держава болар ма едік. Қазтуғанды немесе Бекболатты тыңдамаған ноғайға не дейсің! Бірақ Қазтуғанның «Қайранда менің Еділім» деп жырлаған жырын бүгінде сахнада орындап жүрген Бекболат Тілеухан үшін дәл сол образ шақ келген секілді. Бере алған, алып шыға алған.
Жумонг ханзадаға ғана екі жебемен жауын түйреп түсіре ме десем, қазақта да бар екен ғой. Баяғыда түсіру керек еді. Ұрпаққа тегінде көрсету керек еді, кімнің кім екенін. Корейден қалып қоятындай ештеңеміз жоқ. Түсіре алады екенбіз. Ойната алады екенбіз. Осы қалыптан таймасын.
«Соңғы демім қалғанша, қасық қаным қалғанша қазақ елі үшін қызмет етуге ант етемін» деген Керейдің сөзі қандай ә!
Ел сыртында қорған болып жүрген екі кейіпкер: Асан қайғы мен Қобыланды батыр туралы айтайын. Асан қайғының айтары бар қарт, данагөй екендігі көрініп-ақ тұр. Тек бірлі-жарым сөздерді қайталай бергені болмаса, бәрі өз ретімен келген. Қобыландының соңында бетіне бетперде сынды мырш киіп жау ортасына шоқпарымен сүңігіп кетуі түсінікті еді. Ағасына қарсы шауып өлтіргеннен кейін, Шайбанидың құрығына түскенін кейін түсінген соң ақыры ел алдында қарабет болдым деп тұмшаланғаны болса керек. Бірақ қазақпен жаны бір ғой, жарықтық батырдың.
Қорыта келгенде, менің көзқарасымда кино өте жоғары деңгейде түсірілген. Отандық өнім үшін бұл үлкен жеңіс. Тырнақ астынан кір іздегім келмейді. Өйткені осындай тарихи, рухты киноға шөлдеп жүргенде шөлім қанды. Кеудем толып, жүрегім атқақтап отырды. Басқан топырағымды сүйгім келді. Ұрпақтың санасын оятып, жігерлендіретін, қазақтың қазақы статусын көтеретін, тарихты тамызып отырып сюжеттермен жеткізетін осындай кинолар көп болсын. Мемлекет бөлсін бюджетті. Мәдениетің мен тарихыңды танытуға арналған кез келген дүниеден аянып қалған ақшаңа садаға!
Бүгін тағы да қазақ болып туғаным үшін қуандым, мақтандым! «Сен кімсің ей, Шыңғыс ұрпағының алдын бөгейтін» деген Керейдің сөзі, ойраттың кеудесіне тірелген қамшының сұсты бейнесі... бәрі есімде. Осындай тарихымның барын көрет тұрып, біле тұрып ұсақталуға қақым жоқ!
Бабаларға мың тағзым!