Алланың періштесі
жеке
блог
блог
Бiр кiсiнiң тұрмысы ауыр боп, тапқан азын-аулақ тиын-тебенi iшер асына жетпей, қысқа жiп күрмеуге келмей қатты қысылады.
Сонда әйелi оған үйдегi сатуға болатын заттарды түйiншекке орап, «Сатып, ақша қыл» деп базарға жұмсайды. Әлгi кiсi сатарын сатып, түскен ақшаға азық-түлiк алуға беттегенде, алдынан бiр қайыршы шығып:
- Үш күннен берi тамақ жегенiм жоқ, садақа бершi, - деп сұрайды. Зат сатқан кiсi жаны ашып, ақшасының жартысын қайыршыға бергелi тұрып:
«Үш күн тамақ iшпеген адамға бұл ақша не болады» деп ойлайды да ақшасын түгел бередi. Үйiне келiп әйелiне жағдайын баяндайды. Әйелi оны естiгенде қуанып:
- Дұрыс iстегенсiң. Бүгiн екеумiзге жүрек жалғайтын нәрсе бар ғой. Ертең тағы көре жатармыз, - дейдi.
Ертесiне тағы да үйдегi қалған заттарды базарға сатуға күйеуiне берiп жiбередi. Күйеуi оны да сатып қайтып келе жатқанда кешегi қайыршы қайта жолығып:
- Ей, қайырымды адам, сенiң бергенiңмен жүрегiм жалғанып, жағдайым жақсарып қалды. Дегенмен, бүгiндiкке әлi тамақ iшкенiм жоқ. Егер мүмкiндiгiң болса, тағы да қарайлас маған, - дептi.
Кедей өзi азын-аулақ ақшасының жартысын қайыршыға берiп, жартысына бiр балық сатып алып, үйiне келедi. Әйелi балықтың iшiн тазалап жатып:
- Әй, әкесi, мұнда кел, бiз ендi баймыз. Мiне, балықтын iшiнен асыл тастар шықты,- деп, қуана айқайлап жiбередi.
Екеуi теңiз маржандарын алақандарына салып, мәз-мейрам болып жатқанда, есiк қағылып ар жағынан баяғы қайыршы көрiнедi. Үй иесi оны құшақтап алып:
- Ендi сен де, мен де кедейлiктен құтылдық. Мына дүние екеумiзге де жетедi, - дейдi. Сонда қайыршы:
- Дүниең өзiңе бұйырсын. Мен қайыршы емеспiн. Сенi сынау үшiн жiберген Аллаһтың перiштесiмiн. Аллаһ саған риза болды, - деп шығып жүре берiптi.