әлқисса

                    Әлдің  жеткен жеріне  заңның  күші  жете  ме?

Әлқисса

Өмір атты аламан бәйгеде өз орнымды тапсам  деп балалықпен қош айтысып,тәтті елестің ауылын артқа қалдырып үлкен арман-үміттің жетегіне еріп келген,бүгінде Қ.Сәтбаев атындағы жоғарғы оқу орнының студенті атанып жүрген інімнің әңгімесін тыңдап біраз ойға баттым....Мемлекеттен бөлінген грантты жеңіп алған інім көпбалалы отбасынан шыққандықтан,оқу орнынан  берілетін жатақханада емес,қала пәтерлерінің бірінде квартирант боп тұрып жатыр.Ай сайынғы алатын шәкіртақысы жүріп-тұруынан артылмайтын ол,пәтеріне төленетін ақшаны ауылдағы ата-анасынан сұрауға мәжбүр.Басында  сыр аша коймаған інімнің не себепті жатақханада тұрмайтындығын бірден сездім.Сөйтсем,барлық оқу орындардарында бар жүйе, дәлірек айтсам,жоғарғы курс студенттерінің  өзінен кіші студенттерден ақша талап етіп,әлімжеттік көрсетуі бұларда да бар екен.

“-Алғашында әзіл-шынын араластырып,астарлап,ойнаған болып тисіп жүрді.Ауыл балалары астарлы ойға жүйрік келмей ме,бірден түсіндім де жатақханадан шығып кеттім,-деп бастаған інім әңгімесін ары қарай

 :-қолым қысқа,әйтпесе бүкіл дүниені өртеп,осы азапты жүрісім(күндерім) үшін өш алар едім....Қандай обалдан қорықпайтын тас бауыр,қара ниет  оңбағандар,бұлар бұға берген сайын сұға беруді әбден үйренген......деп  өне – бойы  қалтырап,көзіне  ыстық  жас  келіп,сөзін аяқтай алмай  тұрып кетті......Дәл  осы  кезде  ойыма   С.Мұратбековтың  “Қыдырман  Тойтық”  әңгімесіндегі   Байдалы  шал  мен  Қыдырман  тойтықтың   Қанатқа  көрсеткен  қорлығына, Қанаттың : “Көзіме  ып-ыстық  жас  құйыла  берді,өзіме-өзім  тығылып  не  істерімді  білмей  қыстығып  тұрмын.Кімге  барарсың,кімге   шағынарсың?Егер  балалар   зорлық   жас аса,үлкендерге  барып  шағынуға  болар  еді,ал  үлекендердің  өзі   зорлық  жасаса,кімге  шағынарсың? Сонда  бұл  дүние  әлдінің  әлсізге  әлі  жеткен  өстіп   қиянат  жасауынан  тұрғаны  ма?” ,-деген  жолдары  еріксіз   орала  берді.

-----------------------------------------------------------------------------------------------

Әр жылдың басында өрімдей балалардың өз-өзіне қол салған кесапат құбылыс  өрістеп-өршіп барады. Ата-ана қайғырып қара тұтады, мектеп іші,әскери орта  дүрлігеді, ауыл-аймақтың (ауданның,мектептің,әскери ортаның)жаманаты шығады. Өскелең ұрпақ өнбей жатып өшіп,қыршын кетеді. Депутаттар бірінен соң бірі сауал жолдап, бұл суицид сұмдықтың соңы болсын, арнайы мекемелер ажалдың алдын алсын дейді. Содан бері құбыжық құбылыстың  сәл де болсын тиылғаны щамалы-ақ.....Суицидке апаратын әрекеттердің  бірі  әлімжеттік -үлкеннің кішіге немесе күштінің әлсізге күш көрсетуі....

Мектепте оқып жүргенімде  баласы мектепте оқитын ата-ана жоғары сынып оқушылары  тарапынан жасалатын әлімжеттік туралы жиі айтып арызданатынын аңғаратынмын. Ал, мектептегі әлімжеттік бүгін көтеріліп отырған мәселе емес. Ол бұрыннан бар. Тек айтыла бермейтін. Өзінен кішіге бір-екі жас үлкен жасөпірімдер  күш көрсетіп, бірнеше рет ақша  талап етіп,күні-түні телефон шалып, тіпті интернеттегі мекенжайына да хат жазып қорқытып, ақша тауып бере алмағандықтан  баланы соққыға жығып, таяқ жеген бала   көзі  көгеріп партада отыратын. Кім ұрса да  беретін жауабы: «Өзім құлап қалдым», – дегеннен ауытқымайтын. Өзінің құлап қалғанына өзі сенбесе де өзгелерді сендіретін еді сол балалар. Қазір ше?

Осы мәселе төңірегінде парталас болған сыныптасыммен  біраз әңгімелескен едік.Оның айтуы бойынша  көбінде баланы (осындай әрекетке )құқық бұзушылыққа итермелейтін  нәрсе  –  бала өзі іздеген жылылықты үй-ішінен толық ала алмауынан, өзі қатарластары арасында өзін көрсете алмауынан. Мұндайға кейде тіпті сабаққа үлгерімді, тәртібі жақсы деген оқушы барады. Түпкі себебін іздесе, әлгі бала достары алдында «беделін» көтеру үшін әлімжеттік жасап, өзге оқушының ұялы телефонын тартып алады,-дейді.

Қайткенмен де жалынды жастарымыздың жыл санап бұл дертке ұшырауы – осындай қайғылы оқиғаларға әкеліп соғады, бұл – қоғамның қасіреті болып тұр. Иә, өкініштісі, суицид жасаушылардың басым бөлігі – еліміздің болашағы, өмірдің гүлі деп саналатын жастардың болатындығы. Ең сұмдығы  мұндай қара өлімге тап болған адамдардың небары 2-5%-ы ғана жүйке- неврологиялық диспансерде тіркеуде болады, ал қалғандары түрліше себеппен, аяқ асты өз өмірлерін өзі қияды. Жастар арасында әлем бойынша өзіне- өзі қол жұмсауда Шри-Ланка 100 000 жасөспірімге – 46,55 адамнан келіп алғашқы орында тұрса, Қазақстан 100 000 жасөспірімге – 24,02 адамнан келіп, екінші орынды иеленген екен.

Бұндай әрекеттер әскери өмірде де болып жататыны  мәлім.Отан алдындағы борышын өтеу – әрбір ер-азаматтың  Отан  алдындағы  ең үлкен парыздарының бірі. Әскери өмір ер-жігітті патриоттыққа тәрбиелеп, жас күнінен бастап халық алдындағы міндетін сезінуіне мүмкіндік береді. Бұл – айнымас пікір. Дегенмен, ұжымдағы ішкі ахуалдың ауырлығы,тәртіптің жоқтығы, кеңес әскері заманынан кенедей жабысып келе жатқан әлімжеттік кеселі сарбаздарымызды,оқушыларымызды  қайғылы қадамға итермелейді. Бұндай әлімжеттік  фактілері  бұған дейін бірнеше рет орын алған. Бөлім  басшылығы үнемі оны жасырады. Басшылықтан бұрын, оқиғаның басы-қасында жүргендер, жасақ бойынша кезекшілікке   тұрғандар   да жұмған аузын ашпайды. Бұл жерде халқымыздың “Ауруын жасырған өледі” деген сөзі еске оралады. Тіпті, қазалы оқиға орын алып тұрған сәтте де, сол принциптерінен шықпауға тырысады.Бұл  әскерімізге,мектебімізге,жоғарғы  оқу орындарымызға   абырой әкелетін жайт емес екені белгілі.Оқушыларымыз бала бейнесімен  балалық шақтың ауылымен мәңгілікке  қоштасып, бейбіт күні Отанын қорғаған, азаматтық борышына адал болған  сарбаздарымыз зордың күші,мықтының тепкісінен  оқыстан көз жұмды. Неге? Кім кінәлі?

Егер тәрбиеші офицерлер,ұстаздар  жарғы талаптарын бұзушылықтың кез келген фактісін дер кезінде күн тәртібіне шығарып, дұрыс қорытынды жасап отырса қаралы оқиға орын алмас еді. Сарбаз,оқушы,студент   өзінің артында сенімді офицер, әділ командир,ұстаздар  тұрғанын сезсе, әділетсіздікке қарсы бой көтерер еді. Ішкі ахуалдың салауатты болуына үлес қосар еді. Жанашырлықты сезінбеді, болып жатқан төбелеске, әлімжеттікке араласпауды жөн деп тапты. Сол қорқыныш жетегінде жүре берді, әлділердің айтқанына көнді.Ақыр соңы сан соқтырды. Қысқаша қайырсақ, бригада басшылығының,мектеп,жоғарғы оқу орындары   ұжымының  адам өліміне кінәсі бар.

Әрине, тиісті қорытындылар жасалады. Бірақ, азаматын жоғалтып қайғыдан қабырғасы қайысқан ата-анаға, аға-ініге одан не өзгереді. Не десек те, бұл  басқа әлімжеттік көрсетілетін жерлерге(мектептерге,жоғарғы оқу орындарына)) бұл үлкен сабақ болу керек.

Ал,бұл мәселе жайында қасиетті Құран Кәрімде: Адамның құқықтары – Аллаһ Таьала берген нығмет,сондықтан оны ешбір патша да,ешбір заң шығарушы орган да,ешбір халықаралық ұйым да өзгертуге,алмастыруға хақы жоқ. Адам хұқы дегеніміз Ислам ілімінің құрамдас бөлігі,сондықтан кімде-кім Аллаһтың үкімін аттап өтіп,адам құқын аяқасты етуді қаласа,ондайларға қарата Құранда мынадай ескерту жасалған:

« Кімде-кім Аллаһтың түсірілгенімен үкім етпейтін болса,олар –залымдар» (Мәйдә сүресі,44).

Аллаһ Таьала белгілеп – бекіткен құқықтар мәңгілік күшінде болады.Оларды жаңғыртуға,толықтыруға немесе өзгертуге рұқсат жоқ.Себебі,Аллаһтың үкімдеріне барша адамзатқа мұсылман бол,басқа бол,ақ нәсілді бол немесе қара бол –баршаға ортақ құқықтар негізі Құранда анық айтылған.

Адамның ең бірінші және ең маңызды құқығы –өмір сүру құқығы.Сондықтан адам басқалардың да өмір сүру құқығын құрметтеуі керек:

« Кім кісі өлтірмеген немесе жер бетінде пасықтық қылмаған бір жанды (нақақтан) өлтірсе,ол барша адамды өлтіргенмен бірдей саналады» (Мәйдә сүресі,32).

Француздың атақты жазушысы Жан –Жак Руссо өзінің «Қоғамдық келісім» (общественный договор) атты кітабында былай деп жазған екен:

« Халыққа оңды келетін қоғамдық заңды ашу үшін,адамдардың нәпсісін түсінетін,дегенмен өзі мұндай нәпсі мұқтаждығынан биік тұратын,болмыс-бітімі де біздікінен ерекшеленетін,дегенмен біздің болмысымызды толық білетін,біздің бақытымыз бен бақытсыздығымыздың себептерін білетін керемет заң шығарушы Жоғары сана болуы қажет».Ғаламтор мәліметтеріне  сүйенсек,адамзат табиғаты бейбітшілікке,тыныштыққа құмар екені мәлім.Сондықтан,жер шарының  тұрғындарының басым бөлігінің  аңсайтыны да бейбітшілік пен тыныштық.Осы талапты қанағаттандыру мақсатында Біріккен Ұлттар Ұйымы ХХ ғасырдың орта шенінде Адам Құқықтарының Дүниежүзілік Декларациясын қабылдады.Геноцидке қарсы Революцияны да қабылдады.Дегенмен,БҰҰ өз қарарлары мен шешімдерін күштеп орындатуға қабілетсіз,сондықтан қабылданған Декларациялар мен Революциялар оңды – солды бұзылып,тіпті іске аспай жататыны,әлімжеттік қылуға құмар менмен мемлекеттер әлсіз елдерді басып –жаншып,оккупациялап,түбегейлі құртуға (геноцид) әрекет жасап жататыны жасырын емес.Басқаша айтқанда,адам құқының қорғалуына кепілдік беру мәселесінде Біріккен Ұлттар Ұйымы секілді аты дардай  дүниежүзілік ұйымның  өзі  қауқарсыз,-екені  айтылады.

Абай атамыз  “биліктің ноқта жүгеннен бос,бос асау шамкөстігін,бұқарадан тәуелсіздігін байқау үшін,көреген болу шарт емес” демейді ме!Қорыта айтсақ,  басқалардан айырмашылығымыз екі аяқты,жұмыр басты ақыл иесі болғандықтан  байтал түгілі бас қайғы демей,имандай ұйыған берік сенімімізбен өзгермелі өмірдің мәні,ертеңгі атар таңы үшін күресіп,дәрменсіз адамдардың алдында күштілігімізді,күштілердің арасында әлсіздігімізді көрсетпейік.Өзімдікі жөн деп өзгенің сөзін өрге бастырмайтын менмендігімізден опа таппаймыз,егер өміріміздегі бір рет кеткен ағаттық болса,елемеуге  болар еді.Бірақ,бұл  сүйегімізге  сіңіп бара жатқан дерт.Бір күнгі нәпсіден  өмірлік  өкініш тумасына  кім кепіл?

----------------------------------------------------------------------------------------------------

Бұл   мәселеге  қоғам  қалай  қарар  екен  деген  сұрақпен  сауалнама  жүргізген  едім...............

Ермұрат Назарұлы:

ҚазҰУ студенті

Әлімжеттік жасау ер адамға үлкен сын әрі кешірілуі қиын күнә деп ойлаймын.Көбіне елімізде әлімжеттіктің зардабын қазақтар,мұсылмандар тартып жатады.Ал олай өзінен әлсізге күш көрсету опасыздық  деп санаймын.Әділет орнайтын ақырет күнінде бұл өмірде  бауырының қолынан не тілінен таяқ жеген адам, өз есесін әлгі  бауырынан сауаптарын тартып алу немесе күнәларын оған арқалату арқылы қайтаратыны жайлы хадистерде кездеседі.Сондықтан өз басының емес,ақыреттің қамын ойлау керек.Тек жүрсең,тоқ жүресің дейді  ғой қазақ.

 

Қуаныш  Әбутәліпов:

АГУ  студенті

Мен қарсымын, себебі, дүниеде екі  түрлі  еркек еркектердің  сорлысы, олар - әйелге қол көтеретіндер мен өзінен кішілерге әлімжеттік көрсететіндер! ол отбасындағы тәрбие мен адамның өз ортасына байланысты деп ойлаймын. Бұл бұрын да болған,қазір де бола береді.Мұндай мәселенің алдын-алу  үшін тәрбие,тәртіп және психологпен жұмыс істеу қажет.

 

 

Рәбиға Аябекова:                                                                                             

ҚазҰУ студенті

Әлімжеттік-басымдыкты байкату. Әлдінің әлсізге көрсеткен қоқан лоққысы. Қазіргі қоғамда бұл таңсық емес. Мектеп жасындағылардың арасында жиі байқалады,тіпті ауыр қылмысқа апарып соғуда. Жоғарғы сыныптың балалары кішілерге өктемдік жасап,ата анасы берген тиын тебенін қағып алады.

Бұған қоғам кінәлі. Себебі осыған бағыттап отыр. Бәрі де жұмыссыздықтың салдары. Жұмысы жоқ ақшаға құныққан жан қылмыс жасап түрмеге түседі. Босап шыққан соң жұмыссыздықтан кішілерге өктемдік жасап бағалы затын тартып алумен айналысады. Кеңес кезіндегідей бірыңғай жұмыспен қамтамасыз етуді қолға алсақ болар еді.

 

 

Олжас Қасым:

ҚазҰУ магистранты

Мысалы, мен болсам кемшілікті өзімнен іздеймін.

Біз мектеп оқып, жатакханада турганда ондай жайттар көп болды.

Ол жігіттің шыдамсыздығынан, әлсіздігінен.

 

Анар  Лепесова:

ҚазҰУ студенті

ол қоғамның әлжуаз тобына жасалатын күш көрсету әрекеттері.

қоғам өзі  кінәлі, саяси сананы ояту керек

Ал  сіз  не дейсіз?!

 

Суреттер  ғаламтор  мәліметтерінен  алынды!

НҰРАДИНҚЫЗЫ  НҰРГҮЛ  НАРЫМБЕТОВА

ҚазҰУ  жур.ка ф.і



Бөлісу: