Әли Оқапов: Сахнаға тезірек шығуға асығудың қажеті жоқ

Әли Оқапов: Сахнаға тезірек шығуға асығудың қажеті жоқ
жеке
блог

Еуразия бірінші арнасындағы «Қазақстан балаларының дауысы» шоуының финалы дүркіреп өтті. Көрермендердің дауыс беруінің нәтижесінде шоудың жеңімпазы әрі бас жүлдеге тігілген 3  млн теңгенің иегері болып Даниил Юн атанды.  Ал жобада Даниил Юнға жетекшілік еткен жас әнші Әли Оқапов болатын. Финал аяқтала салысымен жеңімпаздың тәлімгері Әлиден сұхбат алдық.

- Біріншіден осы жобада жеңіске жетулеріңізбен құттықтағым келеді.

- Рақмет.

- Сізде бұл балалармен жұмыс жасауда бірінші тәжірибе ме?

- Жоқ, негізінде тәлімгер ретінде бірінші емес. Өйткені, көптеген ірі болмаса да, аудандық немесе қалалық деңгейде өткен түрлі-түрлі шараларға мен атсалысқанмын. Кейбір кездерде жүргізуші ретінде, кейбір кездерде ұйымдастырушы ретінде.

- Mamma mia-да есімдесіз.

- Мамма миа болсын, Аялаған Астана болсын, Бала дауысы болсын, әрқайсысында да жұмыс істеп көрдім. Дегенмен, бұл менің алғашқы қадамым емес. Бірақ, алғашқы болмаса да, оңай болған жоқ. Өтйкені шынымен де, әсіресе, гранд-финалды алсақ, екі финалистім бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Екеуі де маған ұқсап, маған еліктеп дегендей, бір бағытта болса, кішкене оңайырақ ажыратар едім. Бірақ, екі бағыт, екі жүрек, екі дауыс дегендей. Сондықтан, екеуінің арасынан Даниилды таңдағанымның өзі соңғы 5 минут ішінде де жұмбақ болды. Бірақ, нәтиже осындай, жүрегіме сенім арттым.

- Жүрегіңіз алдамапты. Сіз негізі осыған дейін «Дауыс» жобасының ересектерге арналған нұсқасында тәлімгер болдыңыз. Ал мұнда психологиялық тұрғыдан балаларға талап қою, олардан белгілі бір нәтижені талап ету қиын емес пе?

- Мен мысалы балалармен бала ретінде емес, менің әріптесім немесе құрдасым ретінде тіл табыстым. Сондықтан оларды ешқашан еркелеткен емеспін. Менімен бір сахнада теңдей жүрген адам ретінде қарадым.

- Оны бір жақсысы балалар түсінеді ғой?

-Олар бірден түсінді. Себебі мен оларға айттым: біз ең жаспыз. Тәлімгер ретінде мен де, финалда ең кішкентайы Даниил болды. Дегенмен, екеуіміз жас болсақ та, бірлесіп жұмыс жасап, жеңіске жеттік. Сондықтан маған психологиялық тұрғыдан қиын болмады. Олар тез меңгеріп алады. Олар бізге қарағанда әлдақайда дамыған. Бала кездерінен бері ғаламтор бар, ютуб бар. Осы желілердің арқасында көптеген әуендерді бізден артық біледі. Керісінше, кейбір кездерде біз олардан сабақ алып жатамыз.

- Енді өзіңіздің шығармашылығыңыз туралы айтсақ. Осындай жобаларға тәлімгерлік етіп жүріп, өзіңіздің шығармашылығыңызға уақыт тапшы болып қалмай ма?

- Енді, шынымды айтсам, оңай емес. Уақыттың тығыздығын өздеріңіз білесіздер. Ол тікелей эфир. Оны алдын ала немесе керісінше, өтіп кеткен соң түсіруге, жазып алуға болмайды. Ол дәл қазір, дәл осы сәтте болуы керек нәрсе. Сондай кездерде концерттерден, гастрольдік сапарлардан қалып қоюға тура келеді. Бұл жағы маған қиындау соғады. Себебі менің негізгі жұмысым – ол әншілік. Бірақ, басқа жағынан қарасақ, маған үлкен мүмкіндік болып тұр мұндай жобалар. Тек әнші, биші, композитор ретінде емес. Өзімді тәлімгер, адам, жетекші ретінде көрсете білу. Сол себепті қиын болса да, бұл маған қажет нәрсе. Бұл да  мен үшін үлкен мектеп. Кейбір балалардың тұрысынан-ақ көресің жанұяда қандай жағдай болғанын, қандай тәрбие алғанын, ата-анасы немен айналысқанын. Сондықтан, мен де болашақта әке болатыныма сенемін, үміттенемін. Сол себепті бала тәрбиелеу жағынан да үлкен мектеп болды.

- Өзіңіздің өнердегі рухани ұстаздарыңыз кімдер? Кімдерге қарап бой түзейсіз?

- Батырхан Шүкенов, Роза Рымбаева, Ренат Гайсин, Болат Боранов, Рүстем Нұржігіт, Орда тобы. Осы кісілердің өнері, адамдық болмыстары жаныма жақын. Осы кісілерден үлгі аламын.

- Сізді алға жетелейтін «қозғаушы күш» не? Немесе кімдер?

- Алға жетелейтін ол – еңбек. Себебі кез келген тірі жан тіршілік етеді, еңбек етеді. Онан соң «нан табу керек» (күледі). Күрделі ойлар жоқ.

-   Күрделі ойға уақыт жоқ деңізші.

- Сол ғой, бұл – менің жұмысым.

- Алдағы уақытта сізді басқа да жанрлардан көруіміз мүмкін бе?

- Әзірше белгісіз. Себебі қазір тығыз жұмыс жоспары бар.

- Танымалдылық үшін «атың шықпаса, жер өрте» деп қара пиар арқылы айналасында резонанс туғызатындар туралы не ойлайсыз?

- Әркім өзі біледі атын қалай шығаратынын. 91 тобына қарсы шыққандар мысалы керісінше оларға танымалдылық жасап, олар жайлы әңгіме туғызды. Сондықтан, бұл әркімнің өз шаруасы.

- Түсінікті. Осы «Қазақстан балаларының дауысы» жобасында көрермен сіздің тәлімгерлігіңізге жоғары баға берді. Барлық музыкалық жайттарды қатысушыларға егжей-тегжейлі түсіндіріп отырдыңыз. Өнерге қызығатын жас өрендерге қандай кеңес бересіз?

- Ең бастысы үлкен сахнаға тезірек шығуға емес, өзіңді дамытуға көңіл бөлуің керек. Сахна ешқайда қашып кетпейді, ал оқуға уақыт әрқашан бола бермейді. Алдымен білім керек. Өз ісіңнің шебері, кәсіби маман, ешкімге ұқсамайтын тұлға болуың керек. Ал қалғаны өзі келеді. Өнер – ол мәдениет, мәдениет – ол ақыл-парасат. Соны ұмытпау керек.

- Сұхбатыңызға рақмет! Өнеріңіз өрге жүзсін!