Алғыс айту - бұл ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік және өз ара сенімділік пен құрмет көрсету яғни күрделі заманды иық тіресе бірге еңсеріп, қиыншылықты бірге арқалап, алдыға жетелеп, әрдайым жаныңның жаршысы бола білген адмдарға жүрек-жарды жылы лебізі мен ілтипаты деп білемін. Елімізде 1 наурыз «Алғыс айту күні» болып 2016 жылдан бастап атап өтілуде. Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнінің негізінде жарияланған күн. Бұл күн тағдыр тоғыстырған Қазақстанның көпэтносты халқының ортақ тарихын құрметтеу күні. Бұл- репрессия мен жер аудару жылдарында біздің халық көрсеткен мейірімділік пен ақ көңілдік, қолда бармен бөлісу, көмек көрсету сынды рухани дәстүрлер күні. Еліміздің саяси және мәдени өмірінде Қазақстан халқы Ассамблеясының атқаратын қызметі зор. Осыған орай 2004 жылы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде «Достық» студенттік Ассамблеясы құрылып, б.гінгі таңда өз қызметін атқаруда. Бұл ассамблеяда 27 ұлттың студент жастары бір шаңырақ астында білім алып, өз мәдениеті мен салт-дәстүрін паш етуде. Сонымен қатар, жылдан-жылға ассамблея мүшелері жаңарып, толықтырылуда.Студенттік ассамблея ұлтаралық татулық пен келісімді насихаттауға, Қазақстанда өмір сүретін ұлттардың салт-дәстүрін, мәдениеті мен тарихын құрметтеуді тәрбиелеуге ерекше мән береді.
«Алғыс айту» күні Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университеті мен Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті студенттерінің арасында достық кездесу (онлайн) өтті. Бұл шараны ұйымдастырушылары Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің « Қазақстан тарихы және Қазақстан халықтарының мәдениеті» кафедрасының аға оқытушысы С.С. Күлмесханова мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің « Тарих» факультетінің т.ғ.к. қауым.профессоры Н.А. Тасилова бірлесе отырып, университет аралық достықты насихаттай келе « Алғысымыз шексіз!» атты ризашылық кешін өткізді. Кешке « Су, жер және орман ресурстары» факультеті мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Тарих» факультетінің 1-курс студенттері қатысты. Бұл танымдық-тәрбиелік ризашылық кеште әсерлі ән айтылып, күмбірлеген күй шертілді. Бірлік, татулық, ұлтаралық келісім тақырыптарында терің мағыналы ойлармен бөлісе отырып, тарихтан сыр шертілді. Осылайша « Алғысымыз шексіз!» атты ризашылық кеш әдемі нотада өз мәресіне жетті.
Тасилова Нәзия
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің т.ғ.к., қауымд.профессоры
Кулмесханова Самал
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің аға оқытушысы,
Тарих магистрі