Алғашқы күн

Алғашқы күн
жеке
блог

Алматы. Көктөбенің баурайы. 2013 жылдың күзі. Дәл осы уақытта мен интернатқа алғаш келіп едім. Сұп-сұр болып қасқайып тұрған ғимарат мені жатсынды ма, өзім жатырқадым ба, алғаш келген күні көңіл күйім мүлдем болмады. Оған қоса қарбалас. Алғашқы қоңырау соғылды, сыныпқа кіріп жаңа сыныптастарыммен танысып үлгердім. Тәрбиешіміз бен сынып жетекшіміз әрқайсымызға бір күлімдеп, бізді әлі толық танымаса да, жайдары көңіл, жарқын жүзбен сұрақтарымызға жауап беруде. Әйтеуір ата-аналар жиналысы біткеннен кейін бізді жатақханаға жіберді.

Нағыз қарбалас осы кезде басталды. Қыз қырғынның бітпейтін жүктері есіктен ағылып жатты. Маған 214 нөмердегі бөлменің тұрғыны болу бұйырыпты. Бөлменің есігі ашылмай тұрып-ақ, қыздармен оң жақтағы төсек менікі, сол жақ сенікі деп таласып үлгердік. Есікті ашып қалғанда, бағанағы таласу бос әңгіме, бос сандырақ екенін білдік. Аң-таң болып тұрып қалдық. Бос бөлме, ортада тек бір шкаф. Тәрбиешіміз жағдайды «Төсектер жаңадан келген, асытдан қазір әкеледі» деп түсіндірді. Оған дейін қарап отырмай, бөлмемізді жуып қойдық. Бөлмеге төсектер де әкелінді. Бірақ төртеу. Ал біз бесеуміз. Қалай екенін қайдан, маған төсек бұйыртпапты.

Онсыз да ұнамаған интернатта мүлдем тұрғым келмей, көңілім босап кетті. Қиналып қалғанымды көрген 9-сынып қыздары мені жұбатып, ақыры «Жүр біздің бөлмеге бүгінше қонақ бол» деп ертіп әкетті мені. Сол түні интернатқа әбден үйренген қыздардың қасында түнеп шықтым. Сондағы таң болғаным, өмірінде алғаш көріп тұрған адамды қасына паналатқан шексіз мейірімділікке ие қыздар! Сөйтсем, интернаттық өмір – бауырмалдықтың асқары екен. Кейіннен ол қыздармен әпкелі-сіңілі боп кеттік. Бір-бірімізге қолдау көрсеттік. Иә, алғашында мен жатырқаған ғимараттың түсі әлі сұр болса да, қазір маған жүрегіме ең жылы, таптырмас мекендей боп көрінеді