Алғашқы қар және сезім
блог
Міне, көптен күткен қар да жауды. Дала аппақ. Маған ұнайды. Өзім күз бен қысты, жаңбыр мен қарды ерекше жақсы көрем. Қатты суықты көп адам ұнатпайды, жаурайды білем, түсінем. Үйдегі әпкем мен сіңілім де жаурағыш. Қыс келсе қабақтары түйіледі. Ал мен ерекше күйде болам. Жаңбыр не қар жауса далаға қарай жүгірем. Қатты суықты тіпті жақсы көрем. Алғашқы қар жауғанда немесе әдемі қар жапалақтап жауғанда көп адам махаббаттарын, алғашқы сезімдерін романтикалық күйге бөлеп жазып не айтып жатады. Мен де солай бір нәрсе жазайын десем, алғашқы махаббат, сезім туралы ойыма ештеңе оралмайды. Себебі алқашқы қар (әйтеуір жапалақтап жауған қар) менің ойыма бірден жан әкемді түсіреді. Менің ашық, жұмсақ мінезім мен бойымның кішкентайлығы () анама тартқанымен, осы жауынды, қарды жақсы көретінім әкеме тартқан. Әкем сұңғақ бойлы, түсі суық, бірақ келбетті еді. Осындай қар жауып тұрғанда тізесінен келетін қара пальтосын киіп үйден шығып бара жатқанда, "көке, сіз автобуспен жүрсеңіз елдер <карманщик> деп қалатын шығар деген қалжыңыма әкемнің суық жүзінде бір мейірімді жымиыс пайда болатын еді. Дәл сол уақыт 2000 жылдары карманщиктердің қаптаған кезі болатын. Әкеммен қалжыңдасып, ашық сөйлесетін мен ғана, үйдегілер де, ағайын-туыс та оған артық сөйлеуге не еркін әңгімелесуге қысылатын. Шынымен реңі өте суық еді. Бірақ жаны керісінше жайсаң, мейірімді және жаны тап-таза болатын. Ағайынның арасында жиын не ақылдасатын бір нәрсе бола қалса бәрі жиналып ақылдасып-ақылдасып, соңғы шешімін сұрап менің көкеме келуші еді...
Менің әкем жаңбыр мен қарды жақсы көретін. Кейде оңаша қалсақ, маған "біреу жаңбыр мен қарды ма, әлде әйеліңді қатты жақсы көресің бе десе, бірінші жауапты айтар ем" деп қалжыңдайтын. Анам естіп, көкемді кәдімгідей жаңбыр мен қардан қызғанып жүруші еді
Әкем екеуіміздің арамызда әдемі әңгімелер, қалжыңдар, керемет естеліктер қалған. Кейде үйде еске ала қалсақ, естеліктерімен бөліссем, мамам біз білмейді екенбіз мұнысын, бізге білдіртпейді ғой, саған шынымен жақын еді деп мұңайып қалады. Үйде төрт қызбыз. Екі әпкем мен сіңілім мамамның қызы да, мен көкемнің жалғыз қызымын . Әкем үнемі осылай айтып отыратын, қайда барса да мені ертіп жүруші еді...
Әкемнен ешқандай сыр жасырған емеспін. Неге екеін білмеймін, ол жаңбыр мен қарды жақсы көретінін айтқанда үнсіз қалатынмын. Мен де жақсы көрем деп айта алмаушы ем. Қазір бір ғана өкінішім бар, көзі тірісінде мен де сол жаңбыр мен қарды жақсы көретінімді неге ғана айтпадым екен...
Көке, мен де жаңбыр мен қарды жақсы көрем! Бүгін бізде әдемі қар жауды. Алматының осылай жапалақтап жауған қарын сіз де ерекше жақсы көруші едіңіз ғой. Бұл менің сізсіз қарсы алған 10-шы қысым(( Сағындым сізді, әке!