Алғашқы жазба
блог
"Бісміллә" деп алғашқы жазбамды бастайын. Армысыздар, массагеттік қолданушылар! Алдымен құрбан айттарыңыз қабыл болсын дейін. Алла барлықтарыңызға, екі дүниенің бақытын нәсіп етсін. Ал, енді өзімді толығырақ таныстырып өтейін. Асан қайғы бабамыз желмаясына мініп, жерұйық іздеген құт мекен, мұнайлы өлке-Атырау өңірінің қызымын. Фариза Оңғарсынова мектебінің 11 сынып оқушысымын. Биыл соңғы жылымыз. Сондықтан біраз уақытымыз - Тұрсынбекше айтқанда "Ұлы бір күндік төңкеріске" (ҰБТ) дайындалуымен өтіп жатыр. Алға қойған мақсат-мұратыма, армандарыма жету үшін, бар ынтамды қойып дайындалуға тырысып жатырмын. Бірақ, бір емес, бірнеше кеменің ұстап жүргендігім, яғни, "күні-түні, жатпай-тұрмай сабақ оқитын шағымызда, әлеуметтік желілердің шет-қиырын шарлап жүрем дегенімде, сабақты ұмытып кетпес пе екенмін?!" деееп кейде ойлап қоямын. :)
Мен өте арманшылмын. Өзімнің бір қиял әлемім бар. Сол әлемде өмір сүріп жатқан-жұмыр басты пендемін. Елдің тыныштығы, отбасыңның амандығы деген сияқты армандарды айтпай-ақ қояйын. Ол бәріміздің басты арманымыз ғой. Одан басқа армандарымды айтар болсам, мен өз қалаған мамандығымды бітіріп, сол мамандығымның адал иесі болғым келеді. Яғни, болашақта өзімді журналист ретінде көргім келеді. Бұл менің қанша жылғы арманым десеңізші!.. Бірақ, осы уақытқа дейін, құр қиялдап қана жүргесін, газет-журналдарға өлеңдерім мен мақалаларымды беруге енді-енді қармана бастадым. Өлең демекші, "әу демейтін қазақ жоққа" саятын, аздаған шабытым бар. Ол шабыттың өзі 3 айда бір келіп тұрады. :) Алдағы уақытта өлеңдерімді деп көретін боласыздар, бұйыртса! Қой, көп сөйлеп, қадірімді қашырмайын. Одан да достар санын көбейтуге кірісе берейін! Кездескенше!!!