Алғашқы және соңғы хат!

Алғашқы және соңғы хат!
жеке
блог

       Сәлем, Тұрсынай! Шынымды айтсам, бұл хатты не үшін жазып жатқанымды білмеймін. Ойым шашыраңқы түрде жазылса, қобалжып отырғаным деп біл. Бәлкім, бұл хат арқылы катарсиске түскім келді. Әйтеуір, саған жазайын деп шешім қабылдадым.

Сағат осы кезде 03.02. Яғни түн. Шәй ішіп отырмын, нанмен. Асқазаным ауырып отырғандықтан, ыстықты қажет етеді.

         Есіңде шығар, қай қызға қалай ғашық болғандығым жөнінде кездескенде айтып берем деген едім. Өкінішке орай, кездеспейтін секілдіміз. Бірақ сен үшін қуаныш шығар. Бәлкім, мені алдадың, бәлкім, мән бермедің. Не керек, түлкілік қасиетің деп қабылдадым. Театрға барайық дедім, ауылға кеттім дедің. Ауылдан келдің, театрға барайық деген әңгімені сөз қылмадың. Тағы да барайық деген едім, күн жылынсын дедің. Күн жылынды, сенен де еш сұрау жоқ. Тағы да айтуға қорықтым, бір сылтау ойлап таба ма деп. Жәрар, қоя берші! Бұл өзімді ойлап қалғандықтан туған пікір шығар. Әйтпесе, сенің де уақытыңның жоқ екенін түсінемін. Мейлі, өзіңді ойлап қалған адам екенсің деген шешім шығарарсың, шығарып та қойған шығарсың, білмедім. Жалпы, мен жайлы қандай ойда екеніңді білмедім. Жәрар, көңіл бөлме! Одан да басымнан өткен оқиғаларды төменде жазғам, соны оқы!

         2009 жыл. «Жұлдыздар отбасы» деген журналды білетін шығарсың. Соның артында әншілерге дауыс беретұғын. Рейтинг шығаратын. Әншілерге дауыс берген адамдардың есімі мен қаласы жазылатын, сонымен қатар телефон нөмірі. Сол жылдары тегін 1000 смс, 100 ммс деген бәле шыққан. Мен қосылып алғам. Сөйтіп, әлгі тізімдегі қыздарға смс жаздым, танысу мақсатында. «Моника, Алматы» деп тұрған есімге таң қалдым. Сөйтіп, смс жазып жібергем. Мониканың Мөлдір екенін кейін білдім. Ол да 91 жылғы екен. ҰБТ-ға дайындалып жатқандықтан, менімен жақынырақ араласуға уақыты болмады. Сөйтіп, менің нөмірімді туысқан сіңлісіне берген. Жұлдыз, 92 жылғы екен. Сұлу. Бірақ ол кезде менде қарапайым Нокиа болатын. Ммс атымен жоқ. Жұлдызбен таныстым, сөйлесіп жүрдік смс арқылы. Телефонмен звондап, сөйлесуге үйренбегем. Ұялшақпын. Жасқаншақ болатынмын. Бір күні ммс жіберді. Көршімнің телефоны арқылы көргем. Содан кейін бір-бірімізді ұнатып қалдық. Смс арқылы «жаным» деп жазатын болдық. Сөйтіп, смс жазысып жүрдік. Жаз келді. Оқуға тапсыруға Алматыға келдім. Жұлдыз болса Алматының қызы. Осында тұрады. Бір күні өзі звондады, сөйлестік. Одан кейін өзім звондайтын болдым, тарифке қосылып алғам. Күнде звондайтынмын. Жаз бітем дегенше сөйлесіп жүрдік. Кездесуге әйтсе де келмеді. «Мамам жібермейді» деді, бірақ суреттер де жіберіп тұрды ммс арқылы. Сол суреттерде неше түрлі жерге қыдырған. Әке-шешесі қажылар екен. Ақшасы аздардан емес екен. Туыстары да. Арасында ұрысып қалатынбыз. Кешкі 11-ден таңғы 6-ға дейін телефонмен сөйлесетінді де шығардық. Ағасының үйіне барса, балконда отыратын тоңып, менімен сөйлесіп. Бір күні ағасының үйіне бара жатқан кезде сөйлескенбіз. Мен асықпай баршы деп өтінгем. Сөйтіп жүргенде жаңбыр да құйып кетті. Жаңбырдың астында қалып қойыпты. Талай қызықтар болды, жалпы. Еске түсіруге болады. Бірақ тәптіштеп жазуға ерініп отырмын. Ұйқым да кеп отыр. Сол жылдың қараша айы. Телефонмен сөйлесе жүріп, бір күні телефонын ұрлатып алған екен, мамасының нөмірімен звондады. Содан нөмірі менде қалып қойғантұғын. Менің бар арманым – Жұлдызбен кездесу болатын. Оған арнап қазақша рэп те жазған едім. Бір күні Ұлттық кітапхананың алдында тұрсам, Жұлдыз мені Абылай хан көшесінде, көлікте отырған жерінде көріп қапты. Бірақ мен оны байқамағам. Сөйтіп, кездесуге шақыра бердім. Суреттері телефонымда болған. Оқуға түскенде Самсунг алғам. Жақындарым «кездеспейсің ба?» деп те миымды тақтай қылды. Мен де шаршағам смс жазып, телефонмен сөйлесе беруден. Кездескім келді. Көргім келді. Құшақтасып, сүйісуді армандағам жоқ. Ондайдан жиіркенем. Ақыры, бір күні мамасына смс жаздым. Сөйтіп, артынша мамасы оларды қырған. Одан кейін мүлдем жауап жазбады. Одан кейін Жұлдыздың өтіріктері ашыла бастады. Яғни 92 болып ап, 93-термен бірге оқыған екен. Мені сүйген де шығар, бірақ маған сенбеген. Айдаладағы адам ғой деп маған сенбеген ғой. Сөйтіп, қыста агентке кіруді әдетке айналдырдым. 11 оқып жүргенде агентпен таныстұғынмын.

         Қыста агент арқылы КазГУ-де оқитын қызбен таныстым. Есімі Дана екен. Бұл өмірімдегі екінші ғашығым болды. Ал Жұлдыз – алғашқы махаббатым. КазГУ-дағылар каникулға ерте шықты да, Дана Шымкентке қайтып кетті. Кездесе алмай қалдым ақыры. Сөйтіп, Шымкентке барып, ауруханаға жатты. 2 аптадай жатып емделді. Аллергия шыққан қолына. Мен екі апта бойы звондап, көңілін көтердім. Қатты ұялатынмын. Себебі даусы тым нәзік, тым тәтті болатын. Ммспен рэп мәтіндерімді жіберіп тұрдым. Бір күні рэп оқып берші деді, оқып бердім. Әйтеуір, екі аптамыз қызықты өтті. Сөйтіп, Алматыға оқуына келетін болды. Бұл Дана Жұлдыздан да өте сұлу. Әлі күнге дейін Данадан сұлу қызды көрмедім, шыны керек. Шымкенттен автобусқа отырды. Сол күні кешке звондады маған, «күтіп ала аласың ба?» деп. Таңертең үйден 6-ға жетпей шығып, Сайранда 6 жарымға таман болдым. Шымкенттен автобусы 8 жарымда келді. Қыс мезгілі. Тоңып қатып қалдым. Бір кезде келді, автобустан түсті. Суретте басқатұғын. Ал шынайы өмірде суреттегіден де әдемі екен. Таксиге отырып бардық жатақханасына. Бір үлкен дорбасы бар әйтеуір. Такси ішінде отырғанымда, шашында бір кішкене әппақ үпілік па, бірдеңе тұрды. Сөйтіп, соны сол қолыммен алып жатқан кезімде, оның шашына тиді ғой қолым. Жүректе сезім лап ете түсті. Жатақханасына кіргіздім затын. Енді кеткелі жатыр едім, «отырып шәй ішейік» деді. Ол кезде ол да «перваш», мен де. Сөйтіп, кереуетінде отыра тұрдым, альбомын қарап. Ол дүкенге кеткен шәйға бірдеңе алуға. Ол да ақшасы аздан еместұғын. Әкесі спорт кешенінде жұмыс істейді екен. Әйтеуір, ақшасы аздан емес. Шәй іше бастадық. Онша тәбетім болмады. Бір кезде «ұялып отырмысың?» деді. Сөйтсем, құлағым қызарып отыр екен. Ол сол бойынша анықтапты. Данадан басқа ешкім айтқан емес маған «құлағың қызарып отыр» деп. Шәй ішіп болдық. Ол бөлмесіндегі екінші қыздың кереуетіне кішкене мызғып алайын деді ме, әйтеуір соған жайғасып жатты. Мен оның кереуетінде отырмын оған қарап. Сол кезде Дана айтты: «Жігіттердің бәрі сендей ангел емес қой» деп. Яғни, мен оны сүйіп алуға да қадам жасамадым, яғни жаман ойым, жаман ниетім болмағанына дән риза болды. Бір кезде кішкене 5 минуттай мызғып алды да, сыртқа шықтық. Ол достарына кетті, мен өз үйіме. Мәзбін. Кездестім ғой әйтеуір бір қызбен болса да. Кейіннен тағы да кездестік. Оқуының қасында күтіп тұрдым. Бірге троллейбусқа отырып, КазГУ жаққа бардық. Сол жақтағы үлкен дүкеннен бірдеңе алды ол өзіне. Шампунь сияқты заттарын. Агент арқылы сөйлескенде, бір өлеңдерді жүктеп берші деген. Соны жүктеп қойғам телефоныма. Соны соткасына басу үшін КазГУ-дың ішіне кірдік. Орындыққа отырып, кішкене әңгімелестік. Ол қайтты басып алып, мені «ешкілер» ұстап алды. Құжаттарымды тексерді. Сөйтіп, үйге қайттым. Одан кейін шоколад алып, кездесуге шақырғам, гүл алғым келген. Бірақ ол ауырып жатырмын деп келмеді кездесуге. Одан кейін агентпен миын жей бердім-ау деймін. Білдім, оған жігіт ретінде ұнамайтынымды. Саған да ұнамаймын ғой. Кейіннен ұрысып қалдық, «давай-давай» деп қоштастық. Яғни Жұлдызға деген сезімім тасып, сыймай тұрған кезде Данаға жолықтым. Енді Дана да менсінбеді, ал сезім болса тасып тұр. Тағы да ғашық болатын қыз іздедім, сезімді қайда қоярымды білмегендіктен.

         Универдегі Анар деген қыз. Филология мамандығында оқиды, бізбен қатар сол. Таңғы 7-де екі рет роза мен әлпен гөлді апарғам. Сонда да ұнатпады мені. Оны да қойдым кейіннен. Оған да рэп арнағам.

         Жұлдыз осы Алматыда қазір 5 мкр-да тұрады екен. Ал Дана 2-курсында Астанаға ауысып кетіпті. Еуразиялыққа. Анардан кейін Мархабат, Толқын деген сияқтыларды ұнаттым. Бірақ бұрынғыдай «сүйіп қалдым» деген болмады.

         2-курсымда группадағы Динара деген досымның құрбысымен танысқам, Айкон деген. Ақтөбенікі. Со кезде оны Жұлдызға қатты ұқсатқам. Бірақ Ақтөбе алыс болғандықтан, «ешқашан кездеспеймін ғой» деп менсінбегем өзімше. Бірақ ол Айкон 94 жылғы. 93-термен бітірген. Біздің универге түсті. Мен кәкірәз жатақханаға орналасқан кезде, ол да перваш боп оқуға түсіп жатқан. Сөйтіп, қайта ұната бастадым. Кезінде ренжітіп қойған едім. Содан бері мені кешірмеген. Кешірсе де, жақтырмай қалған. Сөйтіп, осы жылдың басына дейін оны «сүйем» деп жүрдім де, «тасташ» деп ұмыттым.

         Данадан кейін Жұлдызға қайтадан смс жаза бастағам. Ол да жауап жаза бастады. Бірақ кездеспеймін деген. Сөйтіп, оған да «қойшы» деп, қолды бір сілтедім.

         Айконға арнаған рэпім Мирда тұр. Сөйтіп, практикаға барған кезде, 10-кластың оқушы қызын ұнатып қалдым. Есімі Ақерке. Бірақ оның жігіті бар екен. Өз ортасы бар дегендей. Оған ешқандай амал жасамадым.

         Ал мен саған о баста дружба жібергем, сен қабылдағансың. Со кезде әңгімеміз жараса қоймаған болатын. Кейіннен мақалам шыққан соң, сен жаздың. Сөйтіп, жақсы боп кеттік қой.

         Жалпы, қазір сезімім жайында сөз қозғағым келмейді. Бәрібір де саған қызық емес ол. Сенің өз таңдауың бар, өз ұнататының бар дегендей. Бірақ саған дейін мен көп алданғам, адамдардан көңілім көп қалған. Бәрі пайдаланатын мені. Бәлкім, мінезім ұнамайтын шығар, бірақ өмірде қандай екенімді әлі көрмедің. Шыны керек, осы кезде шаршап жүрмін. Әлі күнге дейін қыз баласын құшақтамағам. Кейде жәй ғана сүйгеніңді құшақтағың келеді. Сүйген адамың, расында, тіреу болады екен, қыз баласы болса да. Менің қиялымда жоқ құшақтасып сүйісу деген. Ондайдан аулақпын. Мен әңгімелескенді ұнатам. Білем, саған да ұнамаймын. Бірақ, амал жоқ, мен сені ұнатамын. «Ұнатамын» деп айтайын, осы сөздің өзінде мендегі қанша сезімнің жатқанын бәрібір білмейсің.

         Ұйқым кеп кетті. Сағат 4-тен кетіпті. Әуезов, Майлин, Жансүгіров, басқа да аталарым хат жазысып тұрған әйелдерімен, жақындарымен. Соның негізінде мен де хат жаздым. Әлбетте, конверт арқылы жіберуге де болатын еді, бірақ адресіңді білмеймін. Хат жазысып тұрғанды ұнатамын мен, негізі.

         Білем, менікі дұрыс емес қай жағына алып қарасақ та. Сонда да сұрақтарың болса, хат жазғың келсе, мына мекен-жайға жазсаң болады: индексі 050001. Сүйінбай көшесі, 263/9 үй, 33-пәтер.

         Жалпы, өз еркің. Жауап жазасың деп ойламаймын. Расымен де, менде саған деген сезім бар. Бірақ сен оны керек қылмайсың ғой.

         Хатым бірнәрсені өзгертеді дегенге сенімді емеспін. Бірақ амалсыздан жаздым. Бәлкім, жазылмаған нәрсе көп.

         Ақиқатында, осы кезде мен қиналып жүрмін. Бірақ ешкімге маңызды емес менің өмірім. Жәрар! Сау-аман бол! Алла жар болсын!

Сәлеммен Медет