Мен Интернетке сонау 2005 жылы келдім. Кім айтқаны белгісіз, ok.kz -тен пошта ашу керек деді. Сол жерден пошта аштым, ал негізі сол кездің өзінде mail.ru танымал сайттардың бірі еді. Содан кейін ғана сол жерден пошта ашқан едім. Бірақ агент дегені болмайтын. Құрбым бір жерде жұмыс істеп жүріп, маған ICQ қойып алшы деді. Оны қайтып қоятынын да білмеймін ғой, әйтеуір бірдеңе ғып қойып берді бір әріптесім. Сөйтіп, бір күні отырсам, бір жігіт жазады. Аты Ваня ма, есімде жоқ. Өзім Хакасиядан, Абаканнанмын дейді. Шын айтсам, Хакасия деген елді-мекеннің бар екенін сол кезде-ақ білдім. Ал Абакан қаласы сол автономды елдің астанасы екен. Бір күні сол жігіт маған суретін жіберді. Қарасам, тура моңғол-қытай, тіпті қазаққа ұқсайды. Хакасия туралы кейінірек Википедиядан оқып біліп алғаным бар. Содан бері біраз уақыт өтті ғой, бірақ сол хакас жігітті ешқашан ұмытқан емеспін. Және Хакасия жайлы жаңалықтарды елеп қалсам, сол жігіт есіме түседі. Ойлап қалмаңыздар, арамызда ешқандай махаббат, сезім туралы әңгіме болған емес. Ол сол кездің өзінде бір орыс қызбен азаматтық некеде тұрамын деп ашық айтып отыратын. Ал сол кезде небәрі 20-ақ жаста еді. Соған қатты таң қалатынмын.