1988 жылы Қазақ тілі мен әдебиеті пәннен өткен тұңғыш олимпиадаға каникулды қимай, шалғайдағы ауылымнан келгім келмей… ұстазым Қанипа Бітібаеваны қатты ренжіткен едім. Балалықтан бұрын еркелік қой баяғы… Келесі жылында облыстық олимпиадаға тағы қатыстым. Соның өзінде бірінші күні жолдан келіп… ұйықтап қалып… кешігіп барып… Есіме түссе осы күнге дейін екі бетім ду-у-у ете қалады. Тура 9-ға бес минут қалғанда көзім іскен күйі шығарма жазуға отырдым. Ұстазымның мені атарға оғы жоқ. Енді ше… Үміт еткен шәкірті… Шығарманы ойдағыдай жазып, үн-түнсіз елден бірінші шығып кетіп, интернатқа келгенмін… Ертеңінде Қанипа апайдың дауысынан ояндым… Ұрысқан жоқ. Абайдың өлеңдерін тебірене оқыған, Сәкен, Бейімбет, Ілиястардың атылғаны жайлы сабақты көзіне жас ала отырып өткізген, Әуезовтің «Абай жолын» санама мықтап сіңірген осы бір сүйікті ұстазым еркелетіп келеді жол бойы… Ұстаз сенімін ақтап, Таразда өтетін Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен ІІ республикалық олимпиадаға қатысуға мүмкіндік туды...
Кілең қара өлеңнің қадірін білетіндер, шашасына шаң жұқтырмайтындар жиналған екен мұнда. Таразға бірінші рет келіп тұрмыз. Олимпиада барысында қатысушыларға арнап бірнеше жерде концерт қойылды. Сондай концерттік бағдарламада күлгін пүліштен тігілген бөрік киген ұлттық киімдегі сүйкімді бала назарды аудара берді. Оның алдында ғана Алматыдағы №2 қазақ тілі мен әдебиеті пәнін тереңдетіп оқытатын мектеп-интернаттың өте өжет бір баласының өнерін көрген едім. Өзі бір орнында отыра алмайтын бала… 6-сыныпта оқиды екен. Ұлттық киімдегі сүйкімді баламен шамалас, қайта ол керісінше салмақтылау көрінді… Концерт басталды… Кезегі келгенде домбырасын қолтықтап бөрікті бала сахнаға шықты. «Сағындым Кенен атамды» атты Алтынбек Қоразбаевтың әні әуелеп сала берген сол сәтте… Кірпік қағуға шама қайда, зал сілтідей тынған… Құдай-ау, неткен дауыс?! Неткен құдірет бұл! Жұдырықтай баланың көмейінен шығып жатыр ма мынау? Жүректен шыққан ән жүректердің төрінен орын алды. Қайта-қайта қол соғылып, әлгі сүйкімді баланы сахнадан ешкімнің жібергісі жоқ… Екінші рет «Кеш жарықты» айтты… Тағы да сол сиқырлы дауыс. Домбыраның күмбірін айтсаңызшы… «Тіл-көзден сақтасын» деп қалды сонда үлкендер… «Дауысының кереметін-ай...» деді жігіттер жағы… «Түрінің сүйкімдісін-ай» деп тамсанды қыздар. Көмейіне бұлбұл ұя салған сол бала Мейрамбек еді… Ал анау бір орнында отыра алмайтын тынымсыз өжет бала Тоқтар болатын.
Кейі-і-і-ін 2002 жылы ұлттық арнада істегенімде «Ақжүніске» әншіні бірнеше рет шақырдық. «Мейрамбек, сенің орындауыңдағы мына ән бағдарламаның мазмұнын аша түседі, қолың бос болса, қатыса аласың ба?». Өтінішім жерде қалып көрмеді. Ешқашан. Бір жолы уәде еткен Мейрамбегім жоқ. Сағат 16.30. «Қайдасың, бауырым-ау...». «Міне, ұштым!».«Тоқташы, кешіксең кешіге бер, тек асықпашы. Көлікпен абайлап жүр...». Риясыз күліп алып: «Жарайды», – деді ол… Ылғи – осы. Сабырлы, салмақты, қарапайым, кішіпейіл...
Сол көз алдымда ержеткен бала Мейрамбектің туған күні бүгін. Басың аман, бауырың бүтін болсын, бауырым! Ғұмырлы бол, қазақтың Мейрамбегі!