Әлеуметтік желінің жастардың өміріне әсері

Әлеуметтік желінің жастардың өміріне әсері
жеке
блог

Қазіргі таңда әлеуметтік желі әрбір жасөспірімнің күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналған. Instagram, VK, Facebook сынды желілер арқылы жастар бір-бірімен кез-келген қашықтықта сөйлесе алады, өздерінің ойларын, фото немесе видеоларын жариялай алады. Елімізде жастардың 95% -ы әлеуметтік желіге тіркелген екен.

Біріншіден, жастар желі арқылы ортасын кеңейте алады. Ортақ хобби немесе қызығушылығы бірдей достарын табу оңайға түседі. Тұлғалармен танысу арқылы көкжиегін кеңейтіп, дами түседі.

Екіншіден, әлеуметтік желі – жаңалықтар мен ақпараттың жаңа көзі. Қызыққан адамға соңғы жаңалықтар мен оқиғалар үнемі алдынан шығып, ақпарат береді. Бұл жастар арасында «тренд» сөзімен аталады. Трендтен хабардар болу жастарға әлеуметтік белсендігі мен өзін-өзі көрсетуіне оң әсерін тигізеді.

Әрине, әрбір нәрсенің олқылығы болады. Әлеуметтік желіні қолдана білмесең тәуелділікке ұшырау қауіпі тым жоғары. Елімізде көптеген жасөспірімдер желіге тәуелділіктен зардап шегеді. Үнемі арнаны жаңартып отыру, пікірлерді оқу, блогерлерді тынымсыз бақылау зейіннің нашарлауына, ойлаудың тежеуіне әкеледі. Егер бос уақытты телефонға үңілумен өткізсе, адамның ойлау қабілеті нашарлайды. Ал ойлау – адамға ғана берілген басты инстинкт.

Тағы бір кемшілігі, бұл – кибербуллинг. Кибербуллинг пен онлайн қорқыту қоғамымызда белең алған. Жасөспірімдер кибербуллингке ілігіп, психикалық тұрғыдан өзін-өзі бағалауы түсіп, стресске түсу қауіпі жоғары.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, әлеуметтік желінің жастар өміріне тигізетін оң және теріс әсері бар. Әлеуметтік желіні дұрыс қолдану, уақытты бағалау, кибербуллингтен сақтану, жеке ақпаратты қорғау әрдайым маңызды. Егер жастар әлеуметтік желіні дұрыс қолдана білсе, тек пайдалы ақпарат пен білім ала алады.