Бүгінгі күні жасөспірімдердің барлығы дерлік әлеуметтік желілерде сағаттап отырады. Осы уақыт ішінде сағаттың қалай тез өтіп кеткенін де байқамай қаламыз. Кейбір жеткіншектеріміз тіпті ғаламторға тәуелді болып қалған. Оларға интернет өмірдің бір бөлшегі секілді.
Алайда, біз ғаламтордан алар жақсы нәрселердің бар екенін ұмытып кетпейік. Ата-аналар балаларының ғаламторда қандай мақсатта отыратынын біліп алмай жатып ұрыса жөнеледі. Сол себептен де, ең әуелі бала кіретін сайттарды қарап, көз жеткізіп алу керек. Кішкентай балалар интернет ойындарға тез әуес болып қалады. Біз оны бірден жоя алмаймыз. Тек күніге отыратын уақытта кемітіп, баланың ойын басқа жаққа, тірі табиғатқа аударсақ, бұл нәрсені де жеңіп шығарымыз анық.
Өз басым күнделікті уақытымның тек бір сағатын ғаламторда отыру үшін жұмсауға тырысамын. Вконтакте, фейсбук секілді сайттарымды неғұрлым зеріктіретіндей етіп, көп уақытымды сабақ оқуға арнаймын. Кей сабақтарды мұғалімдеріміз вконтактеден группа ашып, сонда салады. Әлеуметтік желілерді осылайша өз пайдама асырып, керекті мәліметтерді жинау үшін уақытымды бөлемін.
Ал ендігі айтарым осы желілердің жасөспірімдерге тигізер зияны. Көп адамдар жалған бет ашып, басқа адамдарға достық жіберіп, алдап түсіреді. Ғаламтор желісіне жаңадан тіркелген жеткіншектер мұндай жағдайды байқамай, ол адамдардың аватарындағы суретіне қарап, оның достығын қабылдап, артынан опық жеп те жатады. Қазіргі күндері жастар арасында ғаламтор арқылы танысу сәнге айналып бара жатқан секілді. Монитор алдында отырып, әлемнің екінші бұрышында отырған адамның суретіне көз алмай қарап, отбасы құрып жатқан жағдайлар да кездесіп жатыр.
Ал сіз әлеуметтік желілерді қандай мақсатта қолданасыз?