Әлеуметтік желілер көңіл-күйімізге қалай әсер етеді?
блог
«Неліктен біз әрдайым өзімізді біреумен салыстырамыз?» деген сұрақ бәрімізді мазалайтын шығар. Бұл сұрақты 50-жылдардың өзінде психолог Леон Фестингер зерттеген. Оның зерттеуі бойынша салыстыру арқылы біз өзімізді табыс шыңында немесе керісінше, түңіліп, көңіліміз қалады екен. Әлеуметтік қоғам бізді әрдайым асықтырып отырады. Мысалы, біз басқа адамдарға қарап, былай ойлаймыз: «Шынымен де, осылай өмір сүру керек екен, отпускке мына жаққа барған дұрыс екен, былай жасасам арықтаймын екен». Қоғам қалыптастырған бейненің көшірмесі емес, өз-өзімізбен болудың маңызды екенін ұмытып жатамыз. Шыны керек, негізінде біз барлық адамдар секілді болғымыз келмейді. Бұл жағдайға әлеуметтік желілердің әсері бар.
Салыстыру әлеуметтік желілердің дамуымен қатар дамып келуде. Әрбір минут сайын әлеуметтік желілердегі парақшаларды қарап, өзімізді іштей жейміз. Себебі, қазір біреу аралда қайық үстінде күнге күйіп, көгілдір мұхитта жүзіп, демалып жүруі мүмкін. Ал сіз жұмыста немесе үйде шаруаларынан қолыңыз босамай отырсыз. Бар әлем өмір сүріп, көңіл көтеріп жатырғандай, тек біз ғана бір орында тұрып қалғандай көрінеді. Ал тап қазір біздің әлеуметтік желіміздегі «керемет», «мінсіз», «дұрыс» суреттерімізді көріп, біреулер дәл солай қызыға қарайды.
Әлеуметтік психологтар 300 американдық студенттер арасында зерттеу жүргізген. Қатысушылар 14 күн қатарынан әлеуметтік желіде қанша уақыт отырғандығын және сол кездегі күйзеліс белгілері қаншалықты болатындығын зерттеген. Нәтижесі бойынша, қатысушылардың (ұл, қыз) күнделікті әлеуметтік салыстырудың кесірінен өте жоғары күйзеліс көрсеткіші табылған.
Әрине, бұл өте қайғылы жағдай, бірақ біз салыстыру жүйесін қадағалай алмаймыз, бұл санасыз түрде өтетін әрекет. Бұл қиындық адамдардың әлеуметтік желілерде өздерінің тек жағымды жағын көрсетуіне әкеліп соғады. Мысалы, басынан өткен оқиғаларын ұлғайтып айту, суреттеріне фильтр, эффект қолдану, т.б. Содан соң олардың парақшалары тартымды бола шығады. Бірақ біз көп жағдайда оның тек сурет екенін ұмытып жатамыз. Біздің парақшамызда демалыс орындарында немесе спорттық бөлмелерінде түсірілген керемет суреттердің жоқтығы, біздің жалықтырғыш, қызықсыз адам екенімізді көрсетпейді.
Мен әлеуметтік желілер тек зиянын келтіреді деп айтқым келмейді. Айтқым келгені, егер сіз бақытты жұптарды, экзотикалық саяхатты, сүйкімді сәбилерді, мінсіз де сұлу қыздар мен жігіттерді көргенде өзіңізді нашар сезінсеңіз, әлеуметтік желілерден шығып, маңызды іспен айналысуға тырысайық. Уақытымызды отбасымызбен, достарымызбен, кітап оқуға, серуендуге кетіргенге не жетсін.