Әлеуметтік желіге тәуелділік-ауру ма, заман талабы ма?

-Ұйқыңыздан ояна сала ұялы телефонға жүгіріп,әлеуметтік желіге көзіңізді бір жүгіртіп өтпесеңіз бәрінен құр қалғандай болып тұрасыз ба?

-Аялдамада немесе қоғамдық көліктерде қолыңыздан ұялы телефон түспей ме?

- "Қазір бір жарты сағат қарап, ары қарай басқа жұмыстармен айналысамын" деп, уақыттың қалай зырғып өтіп кеткенін байқамай қаласыз ба?

-Қолыңыз сәл босаса болды,әлеуметтік желіге кіріп жай табасыз ба?

  Егер осы сұрақтардың барлығына берген жауабыңыз - "иә" болса,онда ойланғаныңыз жөн болар,өйткені сіз-әлеуметтік желіге тәуелді адамдардың санатындасыз.

  XXI ғасыр-темір-терсектің дамыған заманы.Бірақ сол темір-терсек бірер жылдардан кейін санамызға әбден орнығып жаулап алып, жүрегіміздің  де темірге айналмасына кім кепіл?!Оның басты дәлелі - "айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын" ғаламтор желісі болып отыр.Бір нәрсе керек болса болды,рахат,оған басты ауыртудың да қажеті жоқ,себебі аз уақыттың ішінде керегіңіздің бәрін тауып беретін ғаламтор бар.Тіпті, ойланудың да керегі жоқ.Ойланған күннің өзінде де санаға құйылар ой жоқ...Ой қайдан болсын, әлеуметтік желінің қақпанына түсіп жем болса?Сонда да бір сәт ойлануға тырысыңыз...Сіз жоғары деңгейлі бір жерге жұмысқа тұрғалы жатырсыз.Тоқсан тоғызынан өтіп, соңғы бір сынға келдіңіз.Ойламаған жерден сізге қарапайым "Ел боламын десең, бесігіңді түзе" деген тақырыпта 5 минут өз ойыңызды айтуды сұрады.Қалай жауап беремін деп ойлайсыз?Әлемтор желісін емес, кітаптағы қазынаны жанына серік еткен адам,әрине мүдірмей жауап беруі мүмкін.Бірақ сіз, ең алдымен "қап,кішкене уақыт бергенінде интернеттен қарап алар ем" деп қобалжи бастайсыз.Алайда мұндай мүмкіндік жоқ,әйтеуір ойыңызда не бар, соны кібіртіктеп айтып шығарсыз,берген жаубыңыздың қанағаттанарлықсыз екенін іштей сезерсіз...

  Бүгінде ғаламтор желсінің басты қаруы болып отырған әлеуметтік желілерге тәуелділік-жаhандық мәселелердің біріне айналған.Күніміздің біраз уақытын инстаграм, вконтакте, фейсбук, т.б, әлеуметтік желілерде өткізетініміз рас.Хабарламаның даусы келсе болды, артымыздан қасқыр қуғандай аласұрып, асығып телефонның әлеміне ене кетеміз де, шығар есікті таппай қаламыз.Үйдің тірлігі, айналаңдағы адамдар, қарым-қатынас-бәрі де жайына қалады.Әлеуметтік желіге тәуелді адамның ұялы телефонын бір күнге алып қойсаң, әлгі адам жанын қоярға жер таппай, жиналып қалған бос уақытын қалай өткізерін білмей,күйзеліске ұшырайды.Мұндай күйзеліске душар болған адам, әлеуметтік желіні есірткі сияқты аңсап, ақыр соңында рухани дағдарысқа кенеледі...

  Пышақтың да екі жүзі болатыны сияқты,кез-келген нәрсенің екі жағы болады.Әлеуметтік желілерді даттап, бірсарынды көзқараспен күйе жағу-мақсатым емес.Мен де сіздер сияқты ғаламтор желісін де, әлеуметтік желілерді де қолданушылардың бірімін.Бірақ та бұл нәрселердің торына түсіп, уақыт топырғанда тұншығып, көзімді байлап, өзімді қүыс кеуде қылғым келмейді.Сіздерге де айтарым:еркіңізді әлеуметтік желіге емес ,ақылыңызға билетіңіз,жігеріңізді жасытпай,тек пайдалы жағын алып,керек емесін ойңыздан да, күнделікті тіршілігіңізден де ысырып тастаңыз.Әлеуметтік желіге мүлдем кірмеңіз деп те кесіп айта алмаймын.Тек жаныңыздағы мәңгі сөнбейтін шырақ-ұялы телефонның жарығы емес, кеудеңіздегі сәуле екенін ұмытпағайсыз...!

 



Бөлісу: