Сізді білмеймін, өзім «иә» дер едім. Көбіміз бұл сұраққа дәл осылай жауап бергенімізбен, іс жүзінде олай емес . Бүгінгі блог не туралы екенін болжап үлгерген де шығарсыз.Әлеуметтік желідегі сауаттылық деп қатесіз жазуды айтатын болсақ, бұл қиын емес нәрсе. Алайда...
Бізде, қазақ тілінде 42 әріп бар, оның бар-жоғы тоғызы қазақ тіліне ғана тән болып табылады.Тіліміздің ерекшелігі де осы тоғызына байланысты шығар.Біз әлі күнге дейін, қазақша сөйлеу бір басқа, қазақша жазу бір басқа екенін түсінбей келеміз. Бір ғана мысал үшін, вконтакте әлеуметтік желісін алайық. Осы желіде тек қазақ тілінде жұмыс жасайтын өз тобым бар. Сонда бар ғой, бір жазбаға жазылған пікірлердің жартысынан көбі қырық түрлі қатемен жазылады. Бұл мәселені ол жерде талай рет қозғадық та. Дегенмен, бірлі-жарымы болмаса өзгерген ештеңе жоқ, әркім әртүрлі сылтауларын алға тартады.Көп бөлігінің айтар жауабы бір: яғни « түсінсек болды ғой, басқасы маңызды емес» деп санап , «казакша» жазатындар.
Енді бір бөлігінің сылтауы тіпті күлкілі, «казакша клавиатура жок» болғандықтан, осылай жазуға мәжбүр болып жүргендер. Құдайым-ай, телефоныңызға кішкентай бағдарламаны жүктеу қиын ба? Күні –түні интернетте отырып жұмсайтын мб-тың аз бөлігін соған жұмсауға қимайсыз ба?
Енді тағы бір санасыз топ бар. «Барлығымыз қазақша жазайық, тілімізді сақтайық, құрметтейік» ,-деп жазба шығарсаң , «иа,дурс,админ жарайсын» «биз казакпыз» «аркашан казакша жазайык» деп пікір қалдыратындар.
А, айтпақшы « клавиатура орнату билмеймин» дейтіндер де жетерлік. ХХІ ғасырда өмір сүріп жатқанда ондай пікір жазудың өзі ұят секілді...
Интернетте отырып, жұрттың қатесін түзетсең , «қазақ тілінің мұғалімісің бе?» деп кекететіндерді де талай кездестірдім. Дәл осындай пікір жазған қолданушыға бір жігіт осылай жауап қайтарыпты:
«Жай қатардағы оқырманның бірі қатесін көрсетсе ерсі көріне ме? Орыстардың тобына кіріп, үтірін қоймай пікір жазшы - бәрі қатеңді түзеп, мазақ ете бастайды. Менің орыс еместігіме қарамастан. Ал қазақ топтарына кіріп қалсаң, пікірді қоя бер, әуелі посттың өзі қатесіз жазылмайды. Белді-белді деген патриоттық топтардың өзінде қатесіз пост көрсем, көзімді уқалап жіберіп қайта қараймын. Пікірде болып жататын жағдай тіптен сорақы - әркім өзінше әліпби ашып алған ба?,- деп қаласың. Соның бәрі осы көзжұмбайлықтың салдарынан. Біреуге өстіп қатесін көрсетсең төстен алып, бетке шабады. Оны қойшы, басқалары шығады, "жазып жатқанының өзіне рахмет айт","үйреніп кетеді ғой, кіп-кішкентай баланың қатесін шығарғаның не","көш жүре түзеледі",-деп. Тап бір маған қайырымдылық жасап жатқан адамдай. Айналайындар, біріншіден, қазақ тілін 1- сыныптан бастап оқытады, сөзді сауатты жазуға бастауыш білім жеткілікті, ал тыныс белгілерін дұрыс қою үшін - негізгі орта білім. Ал екіншіден, көш жүре түзеледі дейтіндей бұрын қазақтар мұндай сауатсыз болмаған. "Азаттық алғанымызға ширек ғасыр болды, қатесіз жазуларың керек",-деп айтпаймын да, тәуелсіздіктен бұрын қазақтар қазіргіден әлдеқайда сауатты жазатын болған. Сондықтан СССР-ға бар кінәні арта бермеңдер. Артық кетсем кешір, көптен ішті күйдіріп жүрген әңгіме еді, саған тап келіп қалды. Сосын сұрағыңа жауап берейін - мен тіл маманы да, әдебиеттен беретін мұғалім де емеспін, бітірген мамандығым бизнеске қатысты. Бірақ маған қазақ тілінде дұрыс сөйлеу, жазу үшін мектепте алған білім жеткілікті. Басқаларға да солай болуы тиіс деп ойлаймын» Шынымен-ақ өте орынды жауап, ойлантатын пікір.
Бізге өзгеру керек. Ой-санамызды өзгерту керек. Әлемді өзгерткің келсе, өзіңнен басты,- депті ғой. Сондықтан, менімен келіссеңіздер, сіздер де өзгеріңіздер. Желідегі әрбір хатты, әрбір пікірді қазақша жазайық, «казакша» емес.Бұл тек қазақша әріптердің қолданылуы жөнінде, пунктуация сынды дүниелерді айтпай-ақ қояйын...
Пы-сы: асығыс жазылды, қателіктер болса , түсіністікпен қарарсыздар... Пікір қалдырайық. Сіздің ойыңыз қандай? Әлеуметтік желіде қандайсыз?