Әлеуметтанушы болам десеңіз...
блог
Бүгінгі заман – бұл ақпараттың ағымы үздіксіз үрдісте жүріп жатқан динамикалық заман. Соған сәйкес күнделікті біздің алгоритмдік әрекеттеріміз қандай да болмасын, мейлі қажет не қажет емес болсын, түбінде ақпаратқа әкеліп тоғыстырады. Көшеге шықсаңыз елден жеткен ақпараттар біреу, ілініп тұрған әртүрлі әсем жарнамалардағы ақпараттар екеу, өзіңіздің ортаңыздағы естілген ақпараттар үшеу, ұялы телефонымыздан, компьютерден интернет желісі арқылы оқылған ақпараттар төртеу, теледидардан алынған мазмұны әртүрлі ақпараттар және сонымен қоса газет-журналдардан алынған ақпараттар, айта берсек каналдары жеткілікті бұл ақпараттар біз қаласақ та, қаламасақ та бізді айналып өтпей, міндетті түрде каналдардың бір жолы арқылы әрбір саналы тіршілік иесінің ой елегінен сүзіліп өтеді. Адамзат баласы бүгінгі таңда ақпараттың оңай және қолжетімділігі арқасында өте саналы, рационалды тіршілік иесі дәрежесіне жетті. Оның әрбір жасаған әрекеті есепке негізделген, жан-жақты ақпараттардың салыстырмалы таразысынан кейін ғана қабылданған шешімге келіп тіреледі. Мейлі ол материалды дүние болсын, мейлі қызмет түрі болсын әрбір адам өзіне тиімдісін, қалтасының қалыңдығына сәйкес таңдайды. Осындай ақпараттың тоқтаусыз ағымы заманындағы нарықта, оның қай секторын алсақ та бәсекелестік өте жоғарғы деңгейде деп үлкен сеніммен айта аламыз. Бұл өте жақсы, себебі бір жағынан бәсекелестік арқылы сапалы кадрлар қалыптасса, екінші жағынан сол сапалы кадрлар ел экономикасының жоғарылауына тікелей өз үлестерін қосады. Бәсекелестік – ең алдымен талаптан туады. Мысалы мектеп оқушысын алатын болсақ, одан ата-анасы мен мұғалімдері өте жақсы үлгерімді, белсенділікті талап етеді. Мұндай талап өзге оқушылардан да міндетті түрде сұралады. Ал бәсекеге түсу әрбір оқушының өз таңдауында, «еңбектене отырып, жеңіске жету» немесе «бәсекеге қабілетті емес екендігін мойындап, көңілге ұнамсыз дәрежемен қанағаттану». Тап осы жағдай өміріміздің қай кезеңін алып қарасақ та міндетті түрде орын алып, үнемі циркуляциялық үрдісте жүреді. Осы айтылған дəлелдерге сүйенсек, қазіргі заманның талабы – бұл бәсекеге қабілетті, жан-жақты білімді, өз ісінің шебер маманы болып есептелетін, еңбекқор көзі ашық адамзат баласы екен.
Ортодоксальды бағыт бойынша, қазіргі өмір тіршілігіне сәйкес адам баласы өмірге келісімен-ақ бастапқы білімін әлеуметтену үрдісі арқылы отбасы мүшелерінен жинақтайды. Кейін өсе келе, отбасы институты сияқты мектеп, университет секілді қосымша білім ордалары арнайы білім бере отырып, адам баласының қоғамнан өз орнын табуына үлкен септігін тигізетін маңызды каналдар есепті қызмет атқарады. Бұл жердегі маңызды институт – бұл ЖОО болып есептеледі. Себебі, осы білім ордасында барлық адамзат өзіне қажетті қызмет саласын таңдап, оның қыр-сырын жетік меңгере отырып, қоғамда білікті маман иесі ретінде лайықты орнын иеленеді.
Қоғамымызда ЖОО орнына жетпей немесе белгілі бір уақыт аралығынан кейін жеке себептеріне байланысты шығып қалып, тікелей қызметке кетіп қалған азаматтар жеткілікті. Бірақ қазіргі нарықта сапалы маманнан міндетті ЖОО-ның білімі талап етіледі, ал сауатын дәлелдейтін құжаты болмаған азаматтың бәсекеге түсуге ешқандай мүмкіндігі болмайды.
Адамдар кез-келген әрекеттеріне қатысты таңдауларын ақылға салып, қолда бар ақпараттарға сүйене отырып жасайды деген болатынбыз. Бұл тұжырым маған да қатысты, болашақ мамандығымды алатын ЖОО-ын тамыр-таныстарымнан, интернет желісінен алынған ақпараттарға сүйене отырып таңдаған болатынмын. Қазір Алматы қаласындағы әсем де әйгілі, алып әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Философия және Саясаттану факультетінің» «Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс» кафедрасындағы «Әлеуметтану» мамандығының аяқтаушы 4 курс студентімін. Бұл салаға түсуім мақсатты түрде болмағанымен, осы жерде жинақтаған білімім өте қызықты ақпараттар тізбегінен топталды. Топтасым Мұхамедиұлы Азат осы салаға өз қалауымен түсіп, 4 жыл ішінде мамандығымыздың бетке ұстар, белсенді студентерінің қатарына кіріп үлгерді. Айтуынша, бұл сала бұрын таныс еместігімен қызықтырып, оны тануда оған деген үлкен құлшынысы маңызды рөл атқарған. Бұл сала елімізде 80-жылдардың аяқ тұсында қалыптасқаныменен, үлкен қарқынмен дамып келе жатыр. Қазір қандай қызмет саласын алып қарасаңыз да, онда міндетті түрде әлеуметтанушының жүргізген сапалы зерттеуі қажет. Себебі, нарықтың қай секторын алып қарасақ та, ортасында адам тұрады және барлық ойлап табылатын дүниелер оның айналасын қоршап, соған қатысты бағытталады. Ал әлеуметтану осы адамды зерттеу объектісі ретінде ала отырып, оған қатысты бағытталған барлық жоспарларға сапалы зерттеу нәтижелерін беретін қазіргі қоғамдағы ең қажетті және өзекті салалардың бірі болып табылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ның «Әлеуметтану» мамандығы бойынша дайындайтын мұғалімдер құрамы өте сауатты, жоғары білімді шеберлерден құралған. Кафедраға: Әбдірайымова Гүлмира Серікқызы жетекшілік етіп, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары: Кенжакимова Гүлнара Аляевна және ғылыми-инновациялық жобаларға жауапты орынбасары: Серікжанова Сабира Серікжанқызы секілді білімді мамандар қызмет етеді. Осы аталған тұлғалапрдан өзге кафедрамызда: Биекенов Кеңес Үмбетжанович, Өтешов Сәрсенбай Қарасаевич, Пузиков Михаил Федорович, Садырова Мансия Сапарғалиевна, Жаназарова Зауре Жолдасбековна, Чинасилова Айгүл Мамбеткановна, Омарова Асем Тұрлыбекқызы, Нурбекова Жанар Абаевна, Шеденова Назым Өтеғалиевна, Нұран Динара Нұранқызы, Дүйсенова София Малкайдаровна, Мамытқанов Дархан Қожанұлы, Рахимбеков Камиль Еркенович, Алтынбеков Айдос Бауыржанұлы, Айдарбекова Альмира Сейдалиевна, Сұлтанова Ақмарал Мұхтарқызы, Маульшариф Мира Маульшарифқызы, Сарыбаева Индира Сарыбаевна, Амитов Сұлтан Абдыкадирович және өзге де алдыңғы буынның үлкен білім иегерлері, әрі мейірімге толы педагогтар қауымы қызмет жасап, бар білгенін жастарға беріп, елімізге қажетті сапалы «Әлеуметтанушылар» қатарын жыл сайын жаңа көлеммен толықтыруда.
Елбасымыз айтқандай, «Еліміздің ертеңгі болашағы – жастардың қолында». Сондықтан, елімізге осындай жаңадан қалыптасып келе жатқан қажетті қызмет салаларын меңгеріп, белгілі бір мөлшерде өз септігімізді тигізу арқылы еліміздің тарихында өз ізімізді қалдыруға тырысайық.
Авторлар: Балықбаев Нұрболат
Мұхамедиев Азат
Жетекші: Дүйсенова С