Әлеумет жазушысы
блог
(Қанағат Әбілқайырдың «Ауыл көрген алты қаза»
әңгімесіне арналған рецензия)
Постмодернистік сарында қалам тербеген көптеген қазіргі қазақ әдебиетінің өкілдерінің арасында Қанағат Әбілқайырдың шығармашылығы ерекшеленеді. Өмірдің мәні мен қоғам қиыншылықтары мәселесіне ирониямен қарайтын автордың әлемге көзқарасы өзгеше. Үшінші мыңжылдықтың қарсаңында адамзат өмірдің мәні, қоғам және адам туралы, олардың бүгінгі күнгі жауапкершілігі туралы мәңгілік сұрақтарға жауап іздейді. Ең алдымен бүгінгі күн, өйткені ертеңгі күн болмауы да мүмкін. Дамыған қоғамға жету үшін қандай әрекет керек? Әлеуметімізді жетілдіру үшін біз қандай қадамдар жасай аламыз? Менің ыңғайлы әлемім, менің мүдделерім мен қоғам мүдделері - оларды қалай үйлесімді біріктіруге болады? Бұл сұрақтарды өмір шіркін жаны бар тіршілікке аяусыз қойып жатады және барлық адамдар бұл емтиханды Қанағат Әбілқайырдың шығармаларына арқау болған кейіпкерлері істептті тапсырып жүреді десек те қате болмас...
Қанағат Әбілқайыр қазақ әдебиетінің ертеңгі тарихына "Қағаз қала" жинағымен енді, оның шығармашылығы жаңашылдықпен, балғындығымен, өмірге деген өзгеше көзқарасымен, тасқын өмірге юмормен қарай алатын қабілетімен дем алды. Алайда бұл кісінің шығармашылығында юмормен берілген жарқын әрі жеңіл жағдаяттарды айналып өтетін болсақ, автордың бүкіл адамзаттың терең мәселелері жайлы ойланғандығын байқаймыз: шығармаларынан тек күлдіретін емес, алаңдатарлық ноталарды да ести аламыз. Сатирик-жазушы қазіргі заманға әсер ететін жаңа әлеуметтік, психологиялық, жалпыадамзаттық мәселелерді тұжырымдайды. Міне, жазушы ағайымыздың көп жылғы еңбегін, бастан кешкендері мен ойларын жинақтаған алғашқы жинағы осы жерде пайда болады.
Осы мәселелерді қамтыған автордың көптеген әңгімелерінің бірі - «Ауыл көрген алты қаза» әңгімесі. Әңгіме деуге тұрар ма екен, жиырма бес сөйлемнен тұратын бір көріністі сипаттау дерсіз. Алайда бәрі алғашқы көрінісіндей қарапайым емес.
Әңгіме сюжеті өте қарапайым: Ауыл қарияның арты-артынан бақилық болып жатқан алты баласының - Аурухана мен Дәріхана атты егіз қызы, Мәдениет үйі атты ұлы, Кітапхана, үйдің ерке кенжесі Балабақша және Дүкен қызының өлімдері кезекпен айтылады. Бар үмітін көзқуанышы Мектепке артып отырған Ауыл қарияны тұңғышы Қаланың мән бермей тастап кеткені сипатталады. Сол себепті шығарма оқырман назарын композицясымен емес, проблематикасымен аударады: ауылдағы өлімдермен параллельді түрде қазақ жерінде тәуелсіздік алғаннан кейінгі аурухана, дәріхана, кітапхана секілді мәдениет орындары күйреген дағдарыс көрсеткішін бейнелеу деп қабылдасақ, бұл әңгіме әлеуметтік проблематиканы баяндайды.
Әңгімеде басты назар әлеуметтік проблематикаға аударылады. Өйткені, "Ауыл көрген алты қаза" - біз соңғы жылдары үйреніп қалған жәй әңгіме емес. Бұл әңгіме ерекше; оның барлық басқа туыстары сияқты емес. Сондықтан ол сіздің үміттеріңізді алдауы мүмкін немесе керісінше, әңгімеден не күтетіндігіңізге байланысты оларды жүз есе арттыруы да мүмкін.
Шығарманың позитивті құндықтарының тағы бір қыры - автордың білімді болашақ жастарымызға үміт артуы. Жастар білімді болып, ақылға салып іс істесе аурухана, дәріхана, кітапхана, тіпті дүкен мен мәдениет үйлерін де қалыпқа келтіре алатыны айтпаса да баршамызға мәлім ғой... Көркемдік тұрғысынан да шығарма басқа да жанрлық жолдастарынан кем емес: автор шығармада жансыз заттарға жанды заттардың әрекет жасататын кейіптеу мен жалпының орнына жалқыны білдіретін метонимиялар орынды қолданыс тапқан. Тәуелсіздік алған тұстағы әрбір проблемаларға өзінше тұрмыстық ат қоюының өзі образдық көркемдікке әкеледі десе де болады.
Түйіндей келе, Қанағат ағамыздың шығармашылығы қазіргі постмодернистік бағыттағы тың жанрлық көрсеткіш деп айта аламыз. Автордың өзі айтқандай, «көзі ашықты күлдірте, күлдірте отырып жылата» жазады. Өзін соңынан санағанда бірінші атаман санайтын сатирик жазушымыздың өзі айтқандай жазғаны жақсы болмаса да, елде бәрі жақсы болғандығын тілейді. Алайда көзі ашықты күлдірте, күлдірте отырып жылата алатын дарыны бар жазушымыздың шимайларын жаман деп айтуға келмес...