Әлемнің жарығын сыйладың сен маған...

Әлемнің жарығын сыйладың сен маған...
жеке
блог

 

"Матери рожают детей для жизни, для простого, земного счастья..."

                                                                               Ш.Айтматов

 

Бала кезімде бала болып дұрыс ойнамаған болуым керек, үйдің іргесіндегі сайға түсіп көрмеппін. Жаным тәтті. Өзім қатарлы қарадомалақтар жүгіріп түсіп, жүгіріп шығып жүретін жардан қатты қорқамын. Бір күні мамам екеуіміз сайға бұзауды байлауға әкелдік. (Жас бұзауды әуелі байлап бағады, үлкейіп, үйренген соң бос қояды). Мамам бұзауды бас жібінен жетелеп, сайға түсіп жатыр. Мен байғұс биік жарды көріп, жанұшырып тұрмын. Биік жар дегенім қазіргі кішкене ғана сайдың қабағы. Мамам «қорықпай, қиялап басып түс» деп жатыр. Мен қалтырап түсе бастағанда, домалап кеттім. Домалаған күйі басымды бір дәу тасқа барып соға тоқтадым. Ол кісі көпке дейін «басың ауырған жоқ па» деп, жиі сұрап жүрді.

Бірде ол кісі ауруханадағы бір туысқанымызға ұрадан (погреб) тұздалған қияр ма, бірдеңені алып, барып қайтпақ болды. Ұрадан бірдеңе алу деген мен үшін трагедия. Мен бақадан қатты қорқамын. Сол үшін ұраға түскім келмеді. Сатымен жайлап төменге түсе бастағанда-ақ, қабырғадағы тесіктерден жыбырлаған бірдеңені көріп, атып шықтым. Көбіне ағам түсіп алып беретін, соның болмағанына жыным келіп тұр, бір жағынан ол ағам ерегіссе, мені ұраға жылатып тұрып, түсіруі мүмкін еді. Ақыры болмаған соң анам жіңішке жасыл сатымен өзі түсе бастады. Бір кезде басқыштардың бірінен соң бірі сынып кетпесі бар ма, абырой болғанда, анам құламай, аяғы сатының төменгі басқышына бір-ақ тірелді. «Ал құлап өлсем қайтер едің» деді маған. Мен әлгі көріністен-ақ мүсәпірлігіме ыза болып, жылап тұрдым…

Жазда мен үшін демалыс болғанымен, ол кісі үшін нағыз қара жұмыс басталатын. Жұмыс емес, таза бейнет екенін кейін сезіндім. Қапырық аптапта бір топ әйел болып, ескі мектеп қабырғасының сылағын қырып түсіріп, майлап, әктеп, сырлап жататын. Үлкен «есекті» әрі жылжытып, бері жылжытып, белінен бел қалмай, мініп-түсіп жататыны есімде. Әттең, ол кезде үлкенге қол ұшын беретіндей жаста болмаппын. Анам да жастау болғанға ұқсайды. Сол орыс мектебінің ғимаратында жын-шайтан бар делінетін. Мамам талай қорқынышты жайттарды көргенін айтып отыратын. Бірақ кейде жын-періден гөрі адамның өзі қорқынышты. Әлдекімдер мектептің есік-терезесін сындырып, мамамның еңбегін еш кетіріп жүретін.

Мамам тура мен сияқты. «Көңіл күйім түсіп кетті» дейтін де, барғалы жатқан жағынан қалып қоятын. Уайымының бәрі балалары жайлы болатын. Оқудағысы бар, әскердегісі бар, күйеудегісі бар, бәрін ойлайды. «Емшегім иіп отыр, балаларым келе жатыр» десе, айтқаны айна-қатесіз келеді. Көршілердің бірінің Берік деген сымбатты ұлы бар еді. Армиядан мырыш табыты келді. Мамам содан кейін әскерге кеткендер үшін қатты уайымдайтын болды. Аллаға шүкір, Ресейдің түкпірлерінде әскерде болған ағаларым елге аман оралды. Бірақ кіші ағам әскерден демалысқа келерде әкем қайтыс болды. Мамамның «балама не деймін» деп жылағаны есімнен кетпейді. Арада 15 жыл өткенде мамамның үлкен ұлы қайтыс болды. Баласының соңғы минуттарын сезіп, түн ортасында пальтосын іліп алып, сыртқа шықты. Аналардың күдері үзілген сәтін ешкімнің басына бермесін!

Оның «суға кетіп қаласың, байқа», «далалықта абай бол», «боранда жүрсең, адасып кетесің» деген сияқты сақтық ескертпелері қатты әсер еткен сияқты. Бала кезімде мені үнемі кесапат торуылдағандай. Бірде екеуіміз бір ауылға бардық. Қазір қарап отырсам, анам бұрын тұрған ауылын, көршілерін сағынып, барған екен. Жақсы бардық, бірақ қайтарда бір аптадай көлік болмады. (Қазіргідей емес, ол кезде ауылда көлік атаулы сирек). Сонымен бір жүк көлігімен жолға шықтық. Жолда шақырайған күн аяқ астынан бұзылып, жаңбыр селдетті. Көлігіміз жолдан тайып, аударылып қала жаздады. Аллаға сыйынып, басқа көлік ұстадық. Амангелді деген ауылдың жолы жол емес, сазы езіліп жатыр. Әлгі көлік те тұрып қалды. Мамам екеуміз жақын маңдағы бір ауылға жалаңаяқ жүріп келдік. Аяқ киіміміз жыртылып қалды. Көсембай деген ауылға келіп едік, бір келіншек «апа, баяғыда интернатта мені тамақ беріп баққансың» деп, мамамды танып, үйіне қондырып, бірнеше күн қонақ етті.  

Ал бір қыста Ойылда қатты аяз болды. Әпкемді ертемен бір ауданға олимпиадаға шығарып салмақ болып, екеуіміз келе жатқан едік. Таңертең дала тастай қараңғы екен, автовокзалға жақындап қалған бойымыз еді, бір қуыстан әйел ме, еркек пе, бір жынды кісі шайтандай болып атып шығып, айқайлап, қуа жөнелді. Өмірде қатты қорыққаным осы шығар. Әпкем екеуміз көктайғаққа тайып жығылсақ та, артымызға қарамай қашып келеміз. Үйге келіп, маманы алып, қайтып шықтық. Барсақ, жаңағы жерде ешкім болмады. Гауһарды шығарып салып, мамам екеуіміз үйге қайтып келсек, құлып аязға қатып қалыпты. Есікті аша алатын емеспіз, тоңып, үсіп барамыз. Мамам сүйменді алып, құлыпты шынжырымен жұлып тастамағанда, мен шынымен үсіп қалады екенмін. Қыс ауыл өмірі үшін қауіп-қатердің мезгілі сияқты.

Үйім қалаға көшіп кететін жылы мен аудан орталығындағы мектебімді бітіруім керек болды. Туысқан әкеміздің үйінде жатып оқыдым. Ол да - өз алдына бөлек хикая. Айналдырған төрт ай төрт ғасырға созылғандай болды. Ақыры соңғы қоңырау соғылып, емтихандарыма дайындық басталды. Бірақ мен жатқан үйдегі ақсақал бір құрылысты қолға алды. Ауылда жыл сайын я қора салынады, я пеш тұрғызылады. Мен оған көмектескім де келеді, емтиханға да дайындалу керек, әйтпесе маған біреу аттестат бермей қоятындай. Соны менің көріпкел мамам сезген шығар, ешкімге айтпай, күнге қап-қара болып тотығып, дорбасын алып, ауылға келіп тұр! «Балам мектебін абыроймен бітіруі керек» деп, ауылдың шетінде ағаларымның бірінен қалған үй бар еді, соған заттарыммен бірге көшіріп, «емтиханға дайындал!» деді.  

Алматыға кетіп бара жатқанымда, күздің бір топырақ борап тұрған жаман күні еді. Мамам күйгелектене бастады. Вокзалға бару үшін досымның машинасына отырып, қолымды бұлғадым да, кете бардым. Мен, негізі, тасбауырмын. Ал ол кісі «енді осымен шешесіне қарайламайтын шығар» деп көз жасын төгіпті.

 

"Добру человек у человека учится..."

                                                                         Ш.Айтматов.