Әлемнің ең үздік театрлары Сарыарқа төрінде

Жайма шуақ жаз айында Есіл жағалауында Дүниежүзілік Астана театр фестивалін өткізу үлкен бір дәстүрге айналғандай. EXPO көрмесі аясында өткен театр фестивалі үлкен бір серпіліс әкелгені сөзсіз. Актерлердің шабытына шабыт қосылса, өнерсүйер қауымға әлемнің ең үздік театр қойылымдарын көру бұйырды. Өткен жылы алғаш рет театр фестивалі өткенде Алматыда жүріп Астана тұрғындары мен қала қонақтарына қызыға да қызғана қарайтынмын.

Игі дәстүр жалғасын тауып, биыл Астана қаласының 20 жылдығының қарсаңында екінші мәрте Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалі өткізіліп жатыр. Маусым айының 16 және 28 аралығында өтетін фестивальде 13 әлем астаналарынан 18 қойылым сахналанады. Фестивальдің ашылуы қарсаңында өткен баспасөз конференциясында Литваның театр режиссері Йонус Вайткус, фестиваль әділ қазы мүшесі екінші мәрте өткізіліп отырған театр мерекесінің қаншалықты маңызды екенін айтты. Себебі, фестивальге келген әрбір көрермен әлемнің ең үздік театрларының өнерін тамашалай алады, басқа елдің спектакльдері арқылы сол елдің мәдениетімен танысады.

"Астана Мюзикл" театрының "Қыз Жібек" қойылымы. Төлеген рөлінде: Игілік Оразалы

Бағыма орай, биыл маған да фестивальдің алғашқы екі күнін көруге нәсіп етіпті. Фестивальдің шымылдығын еліміздің «Астана Мюзикл» театры аты аңызға айналған «Қыз Жібек» қойылымымен ашты. Өз басым, бұл қойылымды екінші мәрте көруім. Алғаш рет осы көктемде гастрольдік сапар аясында сахналанған қара шаңырақ Әуезов театрында тамашалаған болатынмын. Сол кезде алған әсерімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бала театр әртістері жоғары деңгейде өнер көрсетті. Бұл «Қыз Жібек» өзінше ерекше, өзінше әдемі, өзінше тартымды. Ән де, би де, айтыс та бар. Бұл «Қыз Жібек» қазақ халқының бар болмысын, тыныс-тіршілігін, ұлттық көрінісін көрсете білды. Фестивальдің алғашқы күнінде «Қазақстан» орталық концерт залында қойылған «Қыз Жібек» қалың жұртшылықты тәнті етті. Бұл жолы алған әсерім алғашқы әсерден асып түспесе, кем болған жоқ. Астана көрермені жас актерлердің өнерлерін биік бағалады. Қойылым соңында Асанәлі Әшімеов пен Меруерт Өтекешова сынды қазақ өнерінің абыздары жас актерлерге тілектерін айтып, баталарын беріп жатты.

Ұлттық қүндылығымызды насихаттайтын, тарихы мен болмысы бөлек «Қыз Жібек» қойылымы фестивальге арнайы шақырылған құрметті меймандардың да көңілінен шықты. Қойылымнан кейін Астанаға Парижден келген режиссер, театр сыншысы Давид Асатианиден сұхбат алғанымда оның ерекше көңіл күйде болғанын аңғардым.

Давид Асатиани, театр сыншысы, II Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалінің әділ қазы мүшесі:

«Мен алғашқылардың бірі болып тамашаладым. 2017 жылдың желтоқсан айында Еуропаның бес қаласына гастрольдік сапар аясында олар алғаш рет осы қойылымды Парижде көрсетті. Сонда өте қатты әсер алдым. Өте ұнады. Қазақ даласына сапар шеккендей болдық. Әсіресе, көзге ерекше түскені әртістердің киімдері. Қойылымнан кейін әртістердің жанына барып, костюмдерді жақынырақ көріп, қатты қызықтым. Керемет! Бүгін «Қыз Жібекті» қайта көргеніме өте қуаныштымын»

Давид Асатианимен естелік бір сельфи

Фестивальдің екінші күні Қаллеки театр сахнасында Ш.Термичиков атындағы Шу облыстық театры С.Досановтың “Жанұран” спектаклін қойды. «Тас түскен жеріне ауыр» демекші, әрбір қазақ баласына жақсы таныс, көңіліне ауыр келетін 1986 жылдың ызғарлы оқиғасын баяндайтын спектакльді қырғыз бауырлар Сарыарқа төріне жүрексіне алып келгендей болды. Себебі, бұл оқиғаны өз сахнасында сахналаған бір бөлек, ал қазақ ағайындардың алдында өнер көрсетіп, оның ішінде сол Желтоқсан оқиғасының куәгерлерінің алдында сахналау бір басқа. Спектакльде Алматыға арман қуып келген қазақ студенттерінің өмірін көрсетеді. Солардың өзара қарым-қатынасы, алға қойған мақсаттары мен армандарын көруге болады. Бірақ, сол ызғарлы оқиға барлығын күл-талқан етеді. Жастар алаңға шығып, соңында бірі қудаланып, бірі қамауға алынады. Осының барлығы спектальді көрсетілді. Оқиғаны баяндап бере алды. Спектакль соңында болған талқылауда айтылған сын-пікірлер ескеріліп, лдағы күндері толықтырып, жақсы спектакль болады деп сенемін.

Амангелді Мұқан, театр сыншысы, II Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалінің әділ қазы мүшесі:

«Қырғыз ағайындар өте жақсы қойылымды алып келген екен. 1986 жылдағы оқиғаны білмейтін кемде кем. Сол кезде қазақ жұртшылығы өз наразылығын білдіріп, алаңға шыққаны рас. Алайда, бұл оқиға әлде де ашылған жоқ. Тағы да іздену керек секілді, тағы да бұл оқиға зерттеліу тиіс деп ойлаймын»

Театр фестивалі қонақтары мен әділ қазы мүшелері, театр сыншылары Давид Асатиани мен Амангелді Мұқан

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы және Қазақстан театрлары ассоциациясы өткізіп жатқан мәдени шара 28 маусымдаөз мәресіне келеді. «Темірді қызғанда соқ» дегендей, қадірлі Астана тұрғындары мен қонақтары, Сарыарқа төрінде бас қосқан әлемнің үздік театр қойылымдарын тамашалауға асығыңыздар. 

 Ғазиза Ұзақ

Алматы-Астана-Алматы

16-17 маусым, 2018 жыл

Материалда жеке суреттерімнен өзге 

«Қазақконцерт» МКҰ» РМҚК Маркетинг және қоғаммен байланыс бөлімі ұсынған фотосуреттер пайдаланылды



Бөлісу: