Әлемнің екінші ұстазы-Әбу Насыр әл-Фараби
блог
Қасиетті қазақ даласы талай ұлы ғұламаларды дүниеге алып келгені белгілі. Солардың ішінде көкірегі ояу, көзі ашық, ойшыл азаматтардың бірі бүкіл шығыс араб-парсы мәдениетін меңгеріп, өз шығармаларын көпке ортақ тілде жазып кейінгі ұрпақтарға мұра етіп қалдыруды мақсат тұтқан, әлемдік әдебиет пен мәдениеттің алтын қорына өзіндік үлес қосқан екінші ұстаз, ұлы ғұлама Әбу Насыр Мұхаммад ибн Мұхаммад Тархан ибн Узлағ әл-Фараби ат-Түрки (870-950 ж. ш.). Ғалымның туған жері қазақтың ежелгі қаласы Отырарды арабтар «Барба-Фараб» деп атап кеткен. Сондықтан «Әлемнің екінші ұстазы» атанған ойшыл Әбу Насыр Әл-Фараби, яғни Фарабтан шыққан Әбу Насыр атанған. Тарихи деректерде Отырар қаласы IX ғасырда тарихи қатынастар мен сауда жолдарының торабындағы аса ірі мәдениет орталығы болған. Әбу Насыр әл – Фараби бабамыз өзінің даналығымен жастайынан зерек, алғыр, сөзге шешен, тапқырлығымен көзге түскен. Отырар қаласының бай кітапханасын аралап, ондағы ғұламалардың еңбегімен толықтай танысады. Бағдадқа барар алдында Шаш, Бұқар қалаларында білімін жетілдіріп алмақ болады. Жас кезінен араб, парсы, қытай, грек т.б тілдерді толық меңгерген. Сонымен қатар өзінің білімге құштарлығының арқасында жетпіске жуық тіл білген. Анасының тірі кезінде әкесі оны үнемі жанынан тастамай, оған құс атып, аң аулауды үйреткен. Соның арқасында Әбу Насыр құралайды көзге атқан мерген де болған. Жігітке жеті өнер де аз демекші, білім іздеген жастың бойында әуенге деген құштарлық ерекше болған. Бойдағы дарынның арқасында ерекше шеберлікке ие болып, қазақша айтқанда домбыраны да өз қолымен жасап алған. Әлемнің екінші ұстазы ән салғанда хан да, қара да қыбыр етпестен кірпік қақапай тыңдаған деген мәліметтерді де естіп жатамыз. Одан қалған ғылыми еңбектердің өзінің саны жүзден астам. Фарабидің артында қалған ғылыми еңбектерінің санын неміс ғалымы М.Штейшнейдер 117 десе, түрік ғалымы А.Атеш 160, ал тәжік ғалымы Б.Ғафуров 200 трактат деп көрсетеді. Сол еңбектерді ғылым салаларына қарай бөлетін болсақ, олар: астрономия, астрология, математика, логика, музыка, медицина, табиғат ғылымдары, социология, лингвистика, поэзия, риторика, философия болып келеді. Өз бетінше көп ізденген ғалым Аристотельдің, Платонның, өзге де философтардың еңбектерімен танысады. Тек танысып қоймай, оларға терең талдау жасап, өз көзқарасын да білдіреді. Бір аңызда оның Аристотельдің «Жан туралы» дейтін еңбегін 100 рет, «Табиғи гармониясын» 40 рет, «Риторикасын» 200 рет оқығаны айтылған. Фараби философия саласы бойынша грек ойшылы Аристотельдің «Категориялар», «Метафизика», «Герменевтика» мен «Софистикасына» түсініктемелер жазды. Ойшылдың көлемді трактаттары: «Азаматтық саясат», «Бақытқа жету жайында», «Мемлекеттік қайраткердің нақыл сөздері» және «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы». «Ғылыми мирас қалдырмаған ғалым нажағай ойнатып күрілдеп жаумай өткен бұлтпен тең», - деген араб халқының мақалы бар. Жерге жаумай өткен бұлт болса оның жердегі ізі де жоқ қой. Жоғарғыдағы еңбектеріне қарай отырып біз Әл-Фарабидің бос думанның адамы емес екендігін байқаймыз. Өнермен білімнің барлық саласына өшпес із қалдыра білген Әл-Фарабидің қайырлы жаңбырынан су ішпеген бау-бақша кемде кем. Осы аталған ғылымдардың ішінде әл-Фараби әдебиет теориясында да көрнекті із қалдырып, бірқатар зерттеулер жасаған. Оның әдебиетке арналған бірқатар еңбектері бар. Оның ішінде ең маңызды, шоқтығы биігі Аристотельден аударған «Поэтика» деген еңбегі. Осы еңбектің негізінде өзінің мақалаларын жазды.
Адамзат тарихында алтын әріптерімен жазылып қалатын ғалым ғұлама екінші ұстаз дейтін бірнеше атауларға ие әл-Фараби бабамызға биыл 1151 жыл. Мыңдаған жылдарға татитын рухани қазына қалдырып таусылмас білім нәрімен суысындатқан еңбектерін толық зерттеп тауысу - әсте мүмкін емес. Өмір жолына көз жүгірте отырып, білімге, имандылыққа ұмтылуды, адамгершілікпен шындықты ту етіп алуды үйрендік. Қазақ даласынан шыққан түбі бір түркі ұлтының тумасына Абайша айтқанда «Болмасаң да ұқсап бақ» деген ұранмен тәрбиелі білім алуға тырысарымыз һақ. Жуандардың жұдырығы қатайып, әлсіздер езіліп кетіп жатқан заманда руханилықтың бастауын әл-Фараби деп түсінген жөн.
Данат Жанатаев, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, философия ғылымдарының кандидаты
Шахантаева Айдана, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистранты