Әлемдегі ең жұмбақ әрі тылсым кітап жайлы не білесіз?

    Йель университетінің сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар кітапханасында көлемі 240 беттен тұратын 1 дана кітап сақтаулы. Радиокөміртектік мерзімдеу  әдісінің сараптама нәтижелері бойынша аталмыш кітап 1420 жылы жазылған. Жоғары сұрыпты велен пергаментті кітапта қолмен жазылған мәтін мен адамның түсіне ғана енетін суреттер бар. Шынайы және таңғажайып өсімдіктер, қанатты қамалдар, астрологиялық сызбанұсқа, зодиакалды шеңбер және бет-бейнесі бар планеталар - бұлардың бәрінің жанында кішкене мәтіншелер берілген. Көлемі 24х17 см кітап Войнич қолжазбасы деген атпен мәлім. Бұл қолжазба тарихтағы шешімі табылмаған ұлы жұмбақтардың бірі. Неге десеңіз, ешбір адам бұл кітапта не жазылғаны туралы ештеңе білмейді. 


Қолжазбаның есімі оны тапқан поляк кітап сатушысы Вильфрид Войничтің (1865-1930) құрметіне берілген. Ол оны 1912 жылы Италиядағы иуезуиттер тобынан көреді. Қолжазбаны қолына алған Войнич таңғалып, мына кітапты кім жазғанын, онда не жазылғанын, тылсым суреттердің мәні қандай екенін білгісі келеді. Ол кітапты кедей діни қызметкерден сатып алып, АҚШ-қа алып кетеді. Қазірде осы қолжазбаның құпиясына көптеген ғалымдар бас қатырып, оны шеше алмауда. Криптологтардың пікірінше, бұл кітаптың мәтінінде бұрын ешкім кездестірмеген, бірақ, кәдімгі тілге тән қасиеттер бар. Бұл пікір, қазірде кездесетін тілдерде белгілі бір жиілікпен әріптер мен әріптер тобының қайталануына байланысты айтылған. Бұндай мәтін Войнич қолжазбасында да кездеседі. Әйтпесе, бұндай мәтінді әріптерді белгілі бір жүйе мен бірізділікке салмай жазу мүмкін емес. Бұл қолжазбаның тағы бір ерекшілігі - ондағы әріптер бір-бірінен жазу стилі мен биіктігі бойынша ұқсамайды. Олардың кейбірі басқа әліпбилерден алынған, бірақ көпшілігі бірегей. Ондағы үлкен әріптер "асылма әріптер" деп аталады. Кітап сырмалы өрнектерге өте бай. Жазу ерекшелігіне қарағанда оны бір адам емес, екі немесе одан көп адам жазған көрінеді, ал суреттерді мүлдем басқа адам салған. 

Уақыт өте келе, қолжазбаның шығу тегіне байланысты үш негізгі теориялар пайда болды. Бріншісінде, кітап құпия нәрсені басқа адамдардан бүгіп қалу мақсатында жасырын код немесе шифр ретінде пайда болған десе, екінші нұсқада кітапты жалған деп көрсетіледі. Оны бір адам мағынасыз жалған тілде жазып, оны көңілшек адамға сатып жіберген, яғни ортағасырлық қулықтың туындысы. Кейбір ғалымдар кітап авторы Войничтің өзі болуы мүмкін деген пікірде. Үшінші нұсқада, кітап ертеден келе жатқан, бірақ күні бүгінге дейін белгісіз тілде жазылған делінеді. Бәлкім, ортағасырлық ғалымдар өздері сөйлеген тілге әліпби жасау барысында жазылған кітап болуы мүмкін. Онда Войнич қолжазбасы Пасха аралындағы ронго-ронго ағаш тақташалары сияқты. Қазір оларды оқу мүмкін емес, себебі ол хатты танушылар өмірде қалмаған. Дегенмен, Войнич қолжазбасын ешкім оқи алмаса да, ол туралы болжамдарды құруға кедергі болмады. Кітап әліпби жасаудағы мүмкіндік деп пікір білдірушілер, бұны бір халық туралы ақпарат бар энциклопедия деп болжауда. Ал, кейбір ғалымдар кітаптың авторлық атағын ХІІІ ғасырдың философы Роджер Бэконге немесе алхимия мен болашақты болжаумен айналысқан элизаветтік дәуірдің мистигі Джон Диге беруде. Басқа да әртүрлі балама теорияларға сәйкес, кітапты итальяндық мыстандар жазған. 


Нәтижесіз болған 100 жылдан соң, ғалымдар тек жақында ғана, құпияның кішкене шешімін әлеммен бөліседі. Бірінші табыс радиокөміртектік әдістің нәтижесіне байланысты кітаптың шығу мерзімінің анықталуы. Сонымен қоса, тарихшылар оның шығу тегі мен оған қатысты қызықты ақпараттарды тауып, оның 1612 жылы Рим мен Прагада болғаны анықтады. Бәлкім, қолжазба Рим империясының императоры ІІ Рудольфтің қолынан оның дәрігері Якоб Синапиусқа өтуі мүмкін. Тарихи ашылулардан басқа, тіл мамандары да өз жаңалықтарың жарыққа шығарып, баян қылады. Қолжазбадағы кейбір сөздердің мағынасына қатысты болжамдар айтады. Мәселен, торпақтың атауы, Плеядалар деген атаумен таныс жеті жұлдыздың жанындағы сөз Тауран деп оқылуы мүмкін бе? Мүмкін. Бірақ, алға жылжу тым баяу жүруде. Кітаптың құпиясын ашқан кезде не болады екен? Ол ХV ғасырдың түс жору кітабы ма әлде мағынасыз кітап па? Немесе ұмытылған халық туралы ақпарат шығар? 

 Менің ойымша, кітапта жұлдыздардың атаулары мен әртүрлі суреттердің кездесуіне қарағанда ол белгілі бір ұмыт болған халық жайлы шағын энциклопедия секілді. Ал, сіз қолжазба туралы не ойлайсыз?



Бөлісу: