Әлемді 2036 жылы катастрофа күтіп тұр ма?
блог
15 қазанда Ротари клубы 14 тілде баяндама жасапты. Әртүрлі сала мамандары климат өзгерісі мәселесін көтеріп, сөз сөйлеген. Неге екенін қайдам, өздері спикерлердің бұл есебін «құпия баяндама» деп атайды.
Бұл баяндамада өзін геология және геофизика магистрі деп атаған Елизавета Хромова адамзатты 2036 жылы ғаламдық апат күтіп тұрғанын ескертеді. Оның айтуынша, жер бетіндегі ең терең шұңғымада жер қыртысы жұқарып, мұхит астында су мен мантия кездессе, мыңдаған атом бомбасындай жарылыс болады. Осылайша ол жыл сайынғы зілзала саны көбейгенін кестемен көрсетеді.
Алайда, АҚШ Геологиялық зерттеулер орталығы мамандарының айтуынша, бүгінде жер сілкіністерінің саны бұрынғыға қарағанда әлдеқайда көп және оның себебі сейсмикалық станцияларда технологияның дамуы. 1931 жылы әлемде 350 сейсмикалық станция болса, бүгінде олардың саны мыңдаған. Демек, қазір бұрынғыдан көп зілзала болғаны туралы тұжырым манипуляция.
«Что это, если это не наш конец» деп, эмоцияға берілген Хромованың келесі бір тұжырымын қарастырайық. Маман жер қыртысының ең жұқа жері Мариана шұңғымасында екенін айтады: бар болғаны 5 шақырым.
Алайда, мұхит түбіндегі барлық жер қыртысы шамамен 5-10 шақырым ғана екенін ескерейік. Геолог су мен мантия кездессе, бұрын-соңғы болмаған жарылысқа куә боламыз дейді. Бұл жарылыстың қуаты, спикердің пікірінше, әлемдегі ядролық қарудың бүкіл қорынан мың есе асып түседі. Осылайша, шұңғымада қысым жоғары болуына байланысты магма жер ішінен булығып, қысыммен жер бетіне жарылып шығады-мыс. Сөйтіп, жердің электрмагниті жойылып, ғарыш станциялары құлай бастайды, ал ай не күнге, не жерге барып соғылады-мыс.
Бірақ кез келген жанартаудан шығатын нәрсе – магма. Ал біз суасты жанартаулары болатынын білеміз. Онда талай магма мен су кездесіп, кішігірім жарылыс болатынын да көруге болады. Бірақ атмосфераны сыпырып өтіп, ғаламшарды жарып жіберетіндей қысым болуы мүмкін емес. Себебі магма ошағы өз алдына бөлек-бөлек арналардан тұрады. Сол ошақтағы магма басқа ошақтағы магмалармен байланыспайды.
Халықаралық Ротари (ағылш. Rotary International) - бүкіл әлем бойынша Ротари-клубтарды біріктіретін халықаралық үкіметтік емес қауымдастық. Ротари клубтары өздерін ұлттық және нәсілдік, діни және саяси көзқарастарға қарамастан, барлық елге ашық діни емес және саяси емес қайырымдылық ұйымдары ретінде көрсетеді. Rotary International мәліметтері бойынша, әлем бойынша 1,4 миллионнан астам мүшесі бар 46 000-нан астам клуб бар.