Әлем чемпиондары қонақта болды
блог
Бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия, Әлем чемпионы Мерей Ақшалов пен Кикбоксингтен елімізге еңбек сіңірген спорт шебері, әлемнің екі дүркін чемпионы Нұрболат Рысмағамбетов Семей спорт академиясының оқушыларымен жүздесті.
Оқушылар чемпиондарға сауалдарын қойып, кездесу емен – жарқын әңгімемен өрбіді. Әсіресе жерлесіміз Мерейге қызықты сұрақтар көп қойылды. Оның боксқа келуі, жеңісі пен жеңілісі қатар жүрген спорттық мансабынан бастап Бейжіңдегі сәтсіздік, Алматы қаласындағы Әлем чемпионатындағы ақтық айқас, «Астана арландарындағы» айырмашылық жайы жан-жақты айтылды. Әңгіме ауаны қазақ спортының бүгіні, ертеңі, дамуына ауғанда Мерей де, Нұрболат спортшыларға барлық жағдайдың жасалып жатқанын айрықша атап өтті.
– Біздің спортшыларға қазір әлемнің кез-келген жерінде өтетін жарысқа баруға мүмкіндік бар. Мемлекет жағдай жасап отыр. Жыл сайын спорт мектептерінің материалдық-техникалық базалары жаңарып келеді. Оған бүгін кездесу өтіп отырған Семей спорт академиясы дәлел екенін баса айтқым келеді. Жеңіске жетудің бір ғана жолы бар. Жаныңды салып жаттығу жасап, барыңды салып өнер көрсету, – дейді Мерей Ақшалов.
Кездесуден кейін Семей спорт академиясының директоры Мерей Көшкінов спорт ұстаханасының жұмысымен таныстыра жүріп, 200 балаға арналған жатақхананы, күрес залдарын, заманауи медициналық құралдар мен жабдықтарды көрсетті. Бапкерлер біліктілігі, оқушылардың жаттығуы жайында да Мерей Қойшыбекұлы тұшымды пікір айтты.
Семей спорт академиясының баспасөз қызметі.