Бүгін түнде Алматының халықаралық әуежайында ауыр атлеттеріміз Александр Зайчиков пен Денис Улановты қарсы алу шарасы өтті. 105 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған қызылордалық зілтемірші Алесандр Зайчиков қос жаттығудың қортындысы бойынша 416 келі салмақты бағындырып, Олимпиаданың қола жүлдегері атанған болатын. alzhan.kz порталының тілшісі сіздердің назарларыңызға батырымыздың сұхбатын ұсынады.
— Маған жанкүйерлік танытып, қолдау көрсеткен барлық жандарға алғысымды айтқым келеді. Бұл қола жүлде бүкіл Қазақстанның жеңісі. Күміске сәл жетпедім. Көтерген салмағымды төрешілер санамай қойды.
— Қазылардың бұл әрекеті көңіл-күйіңізге әсер етті ме?
— Қазір өкінудің қажеті шамалы. Иә, бір жағынан санамай қойғаны көңіл-күйіме әсер етті. Екінші жағынан қолаға да шүкіршілік етемін. Төрешілер қалай деп шешсе, солай болады. Мүмкін, қола жүлде маған бұйырып тұрған шығар. Бұл да өмірімдегі үлкен бір жетістік.
— Күміс жүлдеден қағылғаныңызға өкінбейсіз бе?
— Жоқ. Қола медальға да жетпей қалған спортшылар бар. Сол себепті, ах ұрып, өкінудің қажеті жоқ деп ойлаймын.
— Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасын спорттық шаралардан бір жылға шеттетті. Бұл үзілісті қалай өткізесіз?
— Әзірше ешқандай жоспарым жоқ. Тек демалып, психологиялық, физикалық тұрғыдан қайта қалпыма келуім қажет.
— Жарыс жолында қандай қателік жасадым деп ойлайсыз?
— Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды. Бәрі қателік жасайды. Менің де қателігім болды.
— Сіз жарыс жолына шыққанда Илья Ильин кешігіп Риоға жеткен еді…
— Ильяның қолдауын сезіп тұрдым. Жалпы, бүкіл елімнің жанкүйерлік танытқанын іштей сезіндім. Қазақстанның абыройын әлемдік деңгейді қорғап жатқандықтан үшінші мүмкіндігімде өзімді-өзім жігерлендіріп алдым.
— Ендігі мақсат Токио Олимпиадасы болмақ па?
— Әзірше ойымда тек қана демалыс алу. 14 жыл бойы осы мақсатыма жету үшін тынбай еңбек еттім. Ендігі, 1-2 апта болсын үзіліс алып, қайта бабыма келсем деймін.
— Жүлде үшін алатын сыйақыны қайда жұмсайтыныңызды шештіңіз бе?
— Білмеймін, ойланбаптым. Бұл енді менің жеке басыма қатысты шаруа болса керек.
Суреттер today.kz сайтынан алынды*