/...кешеден қалған... ескііііі жазбалар... Мен де ғашық болыппын-ау... күлкілі. Бірақ естелік деген жақсы ғой/
Қаншама хаттар жаздым толған мұңды,
Үнсіздігің бәріне жауап сынды.
Он хатыма бір жауап жазғаныңда,
Өзге дүние болмай қалды одан құнды.
Сан мәрте қайта-қайта алдым оқып,
Біреу тартып алардай үркіп-шошып.
Әр сөзіңді, үтірін, нүктесін де,
Алдым жаттап, жүрмін басқа хатың тосып.
Жаратқанның неткен күшті құдыреті,
Хатыңды оқып, жүрегім дір-дір етті.
Бірер сөздер тізілген сол хаттарың,
Көңіл-баққа сырлы сезім, мұңды екті.
Сонда мен жүргенмін бе өзімді алдап,
Үнсіздігің... ойлағам ғой, деп бір жауап.
Үндемейсің, демек, сен қаламайсың,
Қоштасқың еш келмейді, деп қиялдап.
Сағаттың шықылдағы сынды өмір,
Желдей есіп кетеді екен құрғыр көңіл.
Алдаймын деп әу баста-ақ айтқаныңда,
Қойылмас ед цирк-өмірде мұндай нөмір...
***
/... сол бір сәт... /
Қылтиып ақша бұлттар сұр бұлттардан,
/аспанның ережесі сұрыптаған/.
Жылатты сұр бұлт келіп ақша бұлтты,
Көк аспан көрінеді тым жырақтан.
Сайранның қытықтайды жаңбыр бетін,
/Жаңбыр-ау, сағынып-ақ сені кеттім!/
Ағаштар тосып алған жауын «желін».
Тамшылардың жасап жатыр аппақ селін.
Аспанға таласқандай бұлттар легі,
Желініп жатыр, әне, саны «кемі»,
Самаурын жарысындай ауылдағы,
Түтініндей жүйткиді бұлттар, тегі.
Тықылдатып кезек-кезек бұршақпенен,
Алдымен бейне рұқсат сұрағандай.
Ылғи күн де көктен нұр шашқанымен,
Дәл қазір, қарашы, ол жылағандай.
Пах, шіркін, жаңбыр, сенің иісің қандай!
Сірә, қала жуынып бір қалғандай.
Жамандықтың барлығы кетер болса,
Ау, Жаңбыр, жауып тұршы сен де ұдай?!
17.05.2011