Алдамшы үміт...

Сезім... Сенім... Үміт... 

Оған деген сезіміме сенімдімін, алайда үмітім үзіліп барады... 

Есімде, осыдан тура 2 ай бұрын мен оны алғаш рет қоғамдық көлікте кезіктірдім. Алғашында еш мән берместен өтіп кеткен ем, бірақ кейіннен сол көлікке мінген сайын оны іздейтін болыппын... Әр күнім оны ойлаумен өтіп жатты. Еш өзгеріссіз... Таңның атуы мен күннің батуынан басқаны сезінбейтінмін. Бұған дейінгі күнделікті достарыммен көңіл көтеру, кешкілік қала көшелеріндегі қыдырулар бәрі, бәрі де өз жайында қалды... Тек қолыма қалам мен қойын дәптерімді алып оның әдемі келбетін қара сөзбен өрнектеуді білетінмін...

Осылайша сол бір қызды қайтадан кезіктірсем деген үмітпен ғана күн артынан күндер жылжып өтіп жатты... Тіпті, кездейсоқ кезіктіріп қалармын деген үмітпен көшеде де жан-жағыма қарай беретінмін. Ал жанымдағылар маған не болғанын түсінер емес... Менде түсіндіре алмадым, себебі менің жанымнан жырақта, бірақ көңілімде өмір сүретін аруды олар көрмеген еді... 

   14 маусым... Әдеттегідей әлеуметтік желілердегі өз аккаунтарымды тексеріп отырып, кездейсоқ оны кездестіріп қалдым. Достық ұсындым, ол қабыл алды. Алғашында ол менің хаттарыма мүлде жауап қайтармайтын. Сөйлескісі келмейді екен деп ойладым, алайда мен хат жазған сайын жұмыста болады екен де, жауап қайтаруға мүмкіндігі болмайды екен. Жауаптарының барлығы да маған кешігіп жететін. Кеш болса да оның әр сөзін оқып, күлімдеп отыратынмын. Екеуміз бір-бірімізбен кездеспесекте тез тіл табысып кеттік. Әр түрлі тақырыпта тілдесе беретін едік. Осы күндерден бастап мен мүлде өзгердім. Әр күнім сол бір аруға хат жазудан басталып, хат жазудан аяқталатын еді... Өмірімнің жаңа кезеңдері басталды... Бақытты кезеңдер бастау алды...

   24.08... Біз алғаш рет кездесуге келістік. 22:00-де кездесуміз керек еді. Сағат тілі 23:00-ді көрсетті. Менің кездесетін орынға келіп, оны күткеніме 1 сағат болды, бірақ ол жоқ... Қоңырау шалдым, бірақ телефоны сөндірулі... Санамда "жоқ, босқа күтесің. Ол келмейді!" - деген ой ғана тұрды... 23:15... Әне, қалың көлеңкенің арасынан маған таныс әдемі жүзді ару маған қарай беттеп келе жатты. Көңіліме қуаныш орнап, жүзім жайнай түсті. Қобалжыған түрімді жасыру мүмкін емес-тін... Сол күнгі кездесуден кейін кеудеуді үміт оты қайта лаулай түсті... Оған жазылған хаттар мен жыр жолдарының қатары арта түсті. Әр жазылған өлеңнің алғашқы оқырманы сол бір қыз болатын...

Қалқаман ақын:

«Оқырман қыз,

Өмірде алыс,
Өлеңде жақын жанбыз.
Түнге сіңіп тағы да
Ай жүзінен
Мұң көшіріп ақының отыр жалғыз» - деп жырлаған еді... Осы өлеңдегідей өлеңде жақын, өмірде алыс жандар екенімізді білмедім...

   Күзгі кеш... Саябақ... Мен жалғызбын, ал олар екеу... Мен сүйген ару және ол сүйген сері... Осылайша менің үмітім үзілуге таяды... Маған жұбаныш болатын тағы да сол Қалқаман ақынның өлеңі...

Сен жоқсың... Түз – меңіреу. Күзім – керең,

Көктемнің күзгі бақтан ізін көрем.

Ілініп жалғыз ғана жапырақ тұр,

Мүмкін... сол соңғы үмітім үзілмеген.

МЕН СЕНІ СҮЙЕМІН!



Бөлісу: