"АЛБАНДАР" кітабына сын

"АЛБАНДАР" кітабына сын
жеке
блог

«АЛБАНДАР»

Автор: Жәлел Айдарханұлы

Бас редактор: Қ.Құныпияұлы

Кітапқа алғысөз жазған: Жеңіс Ақылбекұлы

Оқыдық, пікір айтамыз...

Көптен күткен «Албандар» кітабы қолыма тиді. Қуандым. Кітаптың сырт келбетінде мін жоқ. Көз тартып тұр. Бірден кітаптың мазмұнына қарап, шежіре бөліміне көңіл аудардым. Шежіре, жеке адамның ата-тегі әркімді-ақ қызықтырары сөзсіз. Бірден «Алжан-ата» шежіре бөлімінен бастадым, себебі кез-келген адам баласын өзінің шығу тегі қызықтыратыны анық. Шежіре бөлімін оқи отырып көптеген қателіктер мен пендешілік жазбаларға тап болдым да, ренжідім. Анығын айтқанда, ренжуіме тура келді. Осы кітапты шығаруға басшылық көрсеткен ғалымдарға біраз біраз өкпе-реніш айтудың реті келіп тұр. Өткен кеңес заманында осындай «тарихи-танымдық кітаптарды ғалымдардың-әдебиетшілердің ой-елегінен өткізіп, тексеріп, талдап барып қана оқырман қауымға ұсынылатын»,-деп еститінбіз. Ал қазір ешқандай шығармашылық кеңестен өтпей-ақ шала-шарпы шығармалар, шығармасымақтар, халыққа жол тартып жатыр. Бұл – бәрін таныс-тамыр, ақша шешеді деген ойға еріксіз жетелейді. Осылай жалғаса беретін болса, әдебиетшілеріміз өз оқырманынан айырылып қалады емес пе? Әсіресе, қазақтың тарихын, шежіресін жазып жүрген әдебиетші ғалымдарға және тарих ғылымына жасалған қиянат. Ғалымдарымыз осындай шығармаларға жүрдім-бардым қараса, қазақтың тарихы құрдымға кеткені ғой. Осындай шала-жансар әрбір кітаптан бір көшіріп, оны да дұрыс көшірмей, бұрыннан жазылған тарихқа өзінше сөз қосып, «жиендік» жасаған шығармалардан жастарымыздың ой-санасы төмендемесе, жоғарыламайтыны анық. Келешегіміз не болмақ? Ғалымдардың еңбегін кез келген адам ұрлап алып, өзінше кітап-шығарма жазса... Ғылымда не береке қалды? Ғалымдарда авторлық құқық деген болмай ма? Бұл дүниеден кеткен ғалымдардың құқын кім қорғайды? Жалпы, Жазушылар Одағында ондай ұйым немесе бірлестік бар ма?

Мен осы шығармадағы өзім білетін ғана жайттар жөнінде пікір жазып отырмын. Мен білмейтіндерде қаншама бұрмалаушылық жатыр?.. Ол жағы ғалымдар мен жаратқанға ғана аян. Ғалымдарымыз әлдеқашан зерттеп-зерделеп жазып кеткен тақырыптарды қайталай бергенде жаңалық болып па?

Шығарманы оқып отырып бір ғұламаның өсиеті есіме түсіп отыр.

«Иә Аллам, тегі мен ақыл-ой, парасаты толысқан адамнан ілімің мен біліміңді аяма. Ол өз бойындағы сенің бергеніңді халқының игілігіне жаратады. Сөйтіп айналасындағы адамдарға мейір шарапатын төгіп, нұрландырады. Адамдардың сезіміне қуаныш сыйлайды. Айналасын гүлге айналдырады. Ал егер ол біліміңді делқұлы пендеме берсең, айналасын өртеп, тылсым тіршілікті күлге айналдырады»,-деген екен.

Жәлел інім, бұл шығарманы жазуға 143(жүз қырық үш) әдеби шығармаларды пайдаланыпсың. Әрине, жанкештілік еңбекті қажет ететіні анық, оны мойындауымыз керек. Бұл дегенің ерен еңбек. Маңдай тер. Алтын уақыт. Енді еңбегіңді өзім білетін салаларды ғана талдап, пікір айтайын.

                              I.            Кітаптың 474-бетінде

«Атам Мәмбет туыпты,

Жетім болып жүріпті.

Шоған Абыз асырап,

Қасиетін біліпті,-деп, Алжандардың өзі дауыс айтып жырға қосады»,-дейсің. Кімді жырлап жоқтауға қосады? Түсініксіз әңгіме. Мен өзім біраз жасқа келген адаммын. Бұндай жоқтау жырды естіген емеспін. Әлде бұл өлеңді ұстазыңыз «этнограф»,  «зерттеуші ғалым», «академик» Ақылбекұлы Жеңістен естідіңіз бе?

                           II.            Осы беттегі: «Алжандар – Қожалардың тұқымы»,-деп, пәлсапа соғасың. Бұл сөз «оқымаған, білімсіз, зердесіз қарияның айта салған сөзі» – деп білемін.

                        III.            473-бет. Алжанның арғы тегі. «Сайын білгеннің ұрпағы, яғни Шағатай ханның бір баласы Сайын білгеннің төртінші ұрпағынан Мәмбет-Үмбет-депсің. Шыңғыс ханнан таратып, монғол жасап қоясың. Әлде өзіңнің де Шыңғыс ханның жиен шары болғың келіп жүр ме?

                       IV.            441-бет. «Батыршаның сексеннен асқан кезі екен дейсің. Үлкен келіні атасының дәретінің көбіктенгеніне қарап, «Атамның белінде әліде бір-екі бала екен. Күш қуаты мығым. Әйел алып берсек қайтеді?»деп, әйел алып беріпті»,-дейсің. Сұмдық-ай... ойбай-ау бұл Өкіреш-Найман тарихына тән аңыз әңгіме емес пе? Білмеген соң, жалпы шежіреде, ру-тарихында, болған аңыз-әңгімелерде нең бар? Құдай-ау, сенен бұрын Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, бергісі Даниярбек Дүйсенбаев, Мұхаметжан Тышбайұлы сияқты мүйізі қарағайдай ғалымдар жазып, талдап беріп кетті емес пе?

Қайталап көшіруден не ұттың? Әлде шежіреші,-деп тарихта атыңды қалдыруды мақсат еттің бе? Алжанның тарихында нең бар?

Ана шал былай деді, мына қария былай деді деп, бір рулы елдің тарихын қазбалап, рулардың арасына іріткі салып, болмаған нәрсені болды деп, дәлелдеуге тырысасың. Бұл дегеніңіз, Батыр бабам –Райымбектің рухын таптағандық, Мұзбалақ ақын Мұқағалидың тегін қаралау деп білемін. Райымбек – Ұлы жүздің батыры. Райымбектің тегін қазбалағаның – бүкіл Албанның тегін қазбалағаның емес пе?..

Сенің дертің нағашың Диқанбай-байдың қанды қырғынға ұшырауы – деп білемін. Осындайда «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» деген әңгіме еріксіз есіңе түседі. Нағашыңның өлімін Келекеден көресің.

                          V.            674-679-беттегі Диқанбай ауылындағы қанды қырғын – деген естелігіңде. Сол қырғында өзің сол оқиғаның ортасында жүргендей сөйлейсің. Сөйтесің де, Көдек ақынның аузына сөз саласың. Мәселенің мәніне бармай, өзіңше күсталанасың. Егерде осы өлеңді Көдек ақынның жазғаны рас болса, онда тойған жерінде жүретін, тамағы мен киген шапаны үшін тарихтың шындығына көз жеткізбей өлең жаза беретін заказной, коммерциялы ақын болғаны. Өйткені отбасы бар үйлі-баранды адам Диқанбайдың ауылында айлап-жылдап жатып несі бар? Бай-манапты жырына қосып, солардың жоғын жоқтап жүретін Қолбала ақын болғаны да.

                       VI.            674-679 беттегі Диқанбай байдың ауылындағы қанды қырғын – деген естелігіңде Диқанбай болыстың осындай қасіретке ұшырауын «Сақау»-Мергенбайдың қарғысынан болды – дегенге келтіресің. «Мергенбай Дихаңа сәлем бере келіп, «жайлауыңыз жайлы болсын»,-дейді. Содан Кінәмшіл Дихаң «өзің жайланып қал, Бір орынға байланып қал»,-деп қатқылдау жауап қатыпты»,-деп жазыпсың. Бұл жерде (рас болса) Дихаңның көзқарасы, талғамы дұрыс қой. Себебі 9 (тоғыз) қатын алған нәпсіқұмар, әйелдердің етегінен басқаны білмейтін, қазіргі тілмен айтқанда «моральдік жағынан» азғындаған адамды кім де болса менсіне бермейді емес пе? Мергенбайдың анша-мұнша кішігірім қақтығыстарға қатысқанын жоққа шығаруға болмайды. Алайда Мергенбай батыр емес. Олай дейтін себебім: Батыр деген атақты халық береді емес пе? Сенің жазбаларыңда «Батыр» көп. Олай болса, келешекте Жеңіс-Батыр, Жәлел Батыр дейтін шығармыз. Диқанбай байдың өлімін Шағыр Келекеден көресің. Келеке – Диқанбайдың есігінде жүрген жалшысы-құлы болғаны рас. Диқанбайдың көрсеткен қорлығына шыдамай қашып кеткені де рас. Өзің айтқандай Жаркенттегі орыс бай-көпестерге жалшы болғаны да рас. Сөйтіп жүріп Қызыл әскер қатарына қосылып, тап жауларымен күрескені де рас. Революционер, ҮК-ның мүшесі болғанын тарихтан білеміз. «Әбдірешбай болыс Келекені айдап салып, Диқанбайды тұқымымен қырғызды»,-деп екі рулы елдің арасына от тастайсың. Шағыр мен Сырымбеттің араздығын осы болған қанды қырғынмен түйіндегің келеді. Тарихтан белгілі Қызыл Гвардия әскері мен Ақ гвардия әскерінің тіл табысуы мүмкін емес. Оны өз сөзің дәлелдейді. Дихаңды қырғынға ұшыратқан Дутов армиясын Мураев дегеннің тобы дейсің. Бұл жерде тарих ғылымынан біліміңнің шамалы екені көрініп тұр.

Бұл қырғынның негізгі шындығы былай. Жүз жасаған, үш дәуірді көзімен көрген, тарихтың куәсі болған, Социалистік Еңбек ері Нүсіпбек Әшімбаев қария өзінің кітабында былай деп еске алады.

«Бір күні Мураевтың әскері Диханбай деген байдың үйіне келеді. Оның екі ұлында екі бес атар мылтық бар екен.

Әкесіне ұлдары:

-Бұлармен атысайық. Әйтпесе бұлар бізді қырады,-дейді.

-Ой, ондай жамандықты қойыңдар. Мен-ақ патшаға қарсы оқ аттырмаймын,-дейді Диқанбай.

Мураевтің жендеттері екі баласын атады. Диқанбайды жайдақ атқа мінгізіп алып кетеді. Содан оны да өлтіреді. Қайда өлтіргені, денесі қайда қалғанын ешкім де білмейді. Бұл әңгімені Келеке деген кісіден естіп едім»,-дейді. («Ғасырға ұласқан Ғұмырым» атты кітабы, 39 бет). Елден естіген дәлелсіз-дәйексіз нешеме ауыздан мың түрлі қоспа әңгімелерге негізделген. Кезінде Диқанбайдың тепкісін көріп еді. Дәу де болса Келекеден келген шаруа – деген сеніммен өлең жазған Көдекке сенеміз бе? Әлде Келекенің өз аузынан естіген Абыз қария Нүсіпбек Әшімбаевқа сенеміз бе? Әрине, дәлелді-дәйекті Нүсіпбек қарияның әңгімесіне сенеміз. Сырымбет пен Шағыр ұрпақтары ала-ауыз, қырғи-қабақ болған жоқ. Ешуақытта билікке, болыстыққа таласқан емес. Әлі де солай, бірлігі жарасқан тату-тәтті елміз!

Қожбанбеттер сияқты билікке болыстыққа таласып, жер ауып, көшіп-қонған жеріміз жоқ. Елдің жіп-шуына дейін қоймайтын ұрымыз жоқ. Арызқойларымыз жоқ. Бірімізді-біріміз күрекпен шауып, тауға апарып қарағайға асып өлтіртіп жатқан жеріміз жоқ. Пышақтасып, қырылып, кісі өлтіріскен емеспіз. Арыз жазып, түнімен бауырларымызды қудалап, көшіріп жіберген жеріміз жоқ. (Жеңіс екеуіңнің іштерің сезіп отырған шығар). Кітабыңның атын «Албандар» атымен былғағаның өкінішті-ақ! Қолымнан жазу-сызу келеді деп Алжандарды бір сілкілеп алайын деген шығарсың – деген ойға тоқтадым. Қожбанбеттің қыздары Қожанасыр – деуші еді, сөйтсем ұлдары қыздарынан өткен Қожанасыр екен...

Өзіңнің жездең – Еркін Ібітановтың «Бастар» деген өлеңі есіме түсіп отыр.

Кей бастың аңдысы бар,

Кей бастың сорлысы бар.

 Кей бастың ішінде бомбасы бар,-деген еді. Бұл өлең бастарыңның бомбасы бар Жеңіс екеуіңе арналған сияқты. Осымен пікірімді тоқтатайын. Жеңіс Ақылбекұлы мен Жәлел Айдарханұлына мына төмендегі әдебиеттерді оқып шығуды ұсынамын.

  1. Түп-Тұқияннан өзіме шейін – авт. Шапырашты Қазыбек Бек Тауасарұлы
  2. Қазақтың қилы тарихы – авт.Сапарғали Қойшығараұлы
  3. Дәнекер – авт. Әділжан Нүсіпәліұлы
  4. Албан-Ата балалары – авт. Болат Әлдибекұлы
  5. Ғасырға ұласқан Ғұмырым – авт.Нүсіпбек Әшімбаев
  6. Қара шаңырақ мектебім – авт. Әбдісүлеменов Р.Ш. және Жұманова Р.С
  7. Жас президент – авт. Төлен Қаупынбаев
  8. Тұрардың анты – авт. Темірғали Нұртазин
  9. Мұқағали журналы №1-2(78) 2013 ж. М.Мақатаев «Жыл құстары» мақаласы
  10. Егемен Қазақстан газеті, Тянь-Шаньнің кавбоиы – авт. Жанболат Ауыпбаев
  11. 

P.S. Бас редактор Қ.Құныпияұлынада жоғарғыда көрсетілген әдебиеттерді зерттеп оқып, зерделеудің еш сөкеттігі жоқ деп білемін.

Сіз не дейсіз оқырман қауым?

Материалды дайындаған: Сәрсенбі Бейсенбаев

Алматы қаласы

04.05.2013