«Бір кездері саналатын алып шың, Алатауым аласарып қалыпсың» деген бір өлең бар еді ғой (сөздерін ұмытып қалыппын) дәл сол өлең бірден ойыма келді. Кезінде алып көрінетін таудың өзі аласарып қалған ба?.. әлде, өзіммен бірге көзім де есейді ме.. әйтеуір ауылға барсам барлық нәрсе маған кішкентай болып көрінеді. Кезінде көшенің ана шетінен мына шетіне жету бір қасірет еді, өткенде барғанда байқадым көшесі де қысқарып қалған тәрізді. Үйлер де ескіріп, мүжілгендей аянышты көрінді. Бала кезде «ұлы» қорған болып көрінетін дарбазалар да ойыншық дарбазалар секілді, бірақ, сол бояулары мен сол өрнектерін сақтап қалыпты. Сол теректер, сол қарағаштар... тек мен сияқты олар да есейіп қалған екен. Ауылға қарасам бір аяныш бар тәрізді. Қаладан шаршап ауылға барғанда, қорғанымыз болатын ауылдың сәні кеткені қабырғаңа батады екен. Баяғыдай қызық таппадым. Жастардың ешқайсысын танымайсың. Танығаны келіп «әпке», «тәте» деп бір жағынан жылы шырай танытатынына қуансаң, бір жағынан сенің «уже» қартайып бара жатқаныңды есіңе тағы бір салып, онсыз да жабығып жүрген көңілді құлазытып кететіндері бар. Қайтара алмас балалығыңның қайталанбас қызықтарын қайта таба алмас ауылда өткен кездерін қайтарсам ғой, шіркін ай.