Алаштың сөнбес жұлдызы - Сейдәзім Қадырбаев.
блог
Алаштың сөнбес жұлдызы - Сейдәзім Қадырбаев.
Қазақ халқының тарихында тәуелсіздік ұғымы әрқашанда биік тұрған. Өз елінің тәуелсіз болуын аңсаған тарихи тұлғаларымызда кем болмады. Олардың қатарында Алаш қайраткерлерінің орны ерекше екені белгілі. Алаштың сөнбес жұлдызының бірі - Сейдәзім Қадырбаев.
С. Қадырбаев 1885 жылы Торғай уезі, Наурызым болысы, №1 ауылда туған. Орынбор мұғалімдік мектебінде білім алған. Орыс тілінен басқа - қазақ, татар, башқұрт тілдерін жетік білген. Мамандығы - заңгер. Әділет және сот істері жөнінде қызметтерде еңбек еткен [1].
С. Қадырбаев 1921-1929 жж. аралығында сот істері бойынша Қазақ АКСР-інде жауапты қызметтер атқарып, іссапар барысында ауқымды мәселелерді шешуге ат салысты. 1922 ж. маусым айынан қазанға дейін ҚазОАК-нің Қызыл Керуенімен Қостанай, Ақмола, Семей губернияларында, Ақмолада 1922 жылы 18 қазанда губерниялық соттың ісін өткізгенге және 5/ІІІ-24 Мәскеуде іссапарда болды [2]. Қызмет саласында жүріп, заң және ағартушылықты алға қойып, қылмыстық және қылмыстық процестік кодексті қазақ тіліне аударған еңбектері жарық көрді. 1923 жылы Орынборда кітап болып басылып шығып, сот жүйесі өндірісінде зор сұранысқа ие болыпты. Алайда, бір жыл өтпестен, көре алмаушы топтың ықпалымен басқа редакцияда аударылып, «Қылмыс заңы» қайта жарық көреді [3].
С. Қадырбаевтың қоғамдық-саяси қызметі оның Алаш партиясының Торғай бөлімшесінде 1917–1919 жылдар аралығында партия мүшелерінің бірі болды. Партия мүшелегіне комитеттің айтқанын екі қылмайтын, бұйырғанын орындайтын, Алаш партиясының программасын жақтырып, жөн көрген, программадағы мәселелерді іске айналдыруға тырысатын кісі кіреді. Алаш партиясынан таймайтын, өтірігін айтпайтын, шындықтан қайтпайтын, жақындық-туысқандыққа бүйрегі бұрмайтын, дүниелікке қызығып сатылмайтын, шыншыл, әділ, тура кісі кіреді. Сырты, біресе іші басқа, біресе жүрегі басқа болатын, сөзіне ісін үйлестірмейтін, Алаш жолынан ауып, айтысып-тартысуға жарамайтын, ұрлық келсе бұлт беретін, қорқақ, айнымалы міңезі бар кісі Алаш партиясына кірмейтін кезде, барлық жағынан сай бола білді [4].
Қазақ газетінде 1917 жылы Алаш зиялыларымен бірге " Алаш азаматтары" тақырыбындағы ақпаратта кедей қазақ шаруаларына қаржылай көмек ұйымдастыру мәселесін көтереді [5]. Сонымен қатар, "Қазақ халқына" тақырыбындағы ақпаратында үкіметтің есепке алу жұмыстарын анық, нақтылап, дұрыстығын көрсете білді [6]. Алаш зиялыларымен жиын, съездерде бірге үлкен мәселелерді көтерді.
1917 жылдың 2 желтоқсанда өткен №4 Торғай уезі земствосының қарарлары бойынша:
Торғай облысында алдымен халық керегін алға қойып, іс бастаған Торғай земствосы болды.
Торғай уездік земский жиыны 19-21 қазанда қаралған мәселелер мыналар:
Басқарма қанша адамнан болу.
Басқарма мүшелерінің арыздары
Басқарма мүшелерін сайлау.
Ревизия бойынша комиссия мүшелерін сайлау.
Басқарма пәтерінің ақшасы, кеңсесінің шығындары, қызмет етуге жолданған адамдардың арызы һәм басқа керек-жарақтар туралы смета жасау.
Облыстық гласныйларды сайлау.
Милиция адамының саны, ақысы, кеңсесінің шығындары һәм басқа керек-жарақтарына қажетті қаржы.
Болыстық земства жәйі.
Азық комитетінің ісін күшейту.
Жәрмеңке жәйі.
Халыққа ғылым-білім тарату ісі.
Халық денсаулығы.
Шаруашылық ісін алға бастыру қамы: суларды жаю, сусыз жерлерді суландыру, жердің ағашын молайту, егін, шабын, қорықтарды қорғау шарасы, шаруаға керек көлік қойманы ашу.
Мал саулығы.
Мал асылдандыру.
Земстволық пошта.
Земстволық алым.
Соттың болуы.
Уездік жер комитетінің мүшелерін сайлау.
Әскерге қарасты қыстаулар.
Қазы сайлау.
Мәселелер қаралу алдында уездік азаматтық басқарманың төрағасы Сейдәзім Қадырбаев жиналған дауыстыларға сөз сөйлеп, земствоның жәй-мәнісін баян еткен. Земство жұмысы одан әрі ұлт жұмысы екендігін айтып келіп, әділ ниет, ақ жолмен жүріп-тұрып, қызмет етуге ант ішкен барысындағы уағдаларын алған.
Қаралған мәселелерінің маңыздылығына қарағанда, земствоның жұмысы өзге уездердің көбіне үлгі боларлық түрі бар. Халыққа жақын екендігін, халық жәйін жақсы біліп, уездік земствода іс қылатын адамдар болса, халық жұмысын ілгері сүйремек екендігін, я ондай адамдар болмаса, земстводан еш нәрсе өнбей, алым-салығын халық ұрлап, тез безбек. Торғай уездік земствоның программасын қойып, қозғаған мәселелері үлкен. Торғай земствосында қызмет ететін адамдарға көздеген істі көңілдегідей етіп шығару тапсырылды.
Торғай уездік земдік басқармаға сайланғандар: төраға Қорғамбек Бірімжанов, орынбасары Ғаболғали Балғымбаев.
Мүшелері: Байқадам Қаралдин, Әлахмет Қасимов, Шайхіслам Құлжанов, Ғабдысадық Жанбосынов, Ғабділкәрім Рахметов.
Ревизия комиссиясына сайланғандар: Бисмолла Мыңбаев, Ғабділғафар Жанбосынов, Ахмет Өсеров. Облыстық Земдік гласныйлыққа сайланғандар: Сейітәзім Кәдірбаев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Ұлы Қабақов, Омар Алмасов, Сайын Атабаев, Шадыман Жанбосынов.
Уездік жер комитетіне сайланғандар: Есжан Тілеуғабылов, Исмағұл Токин, Ырысбай Жабаев, Мұхаметжан Исмаев.Муфти қазылығына сайланғандар: Сәтмұхамет молла Тобылов [7].
С. Қадырбаевтың тағдырына Кеңес үкіметі Алаш зиялыларына тағылған "ұлтшыл" айыптары өз кедергісін тигізді. Алашордашылармен бірге Торғайдағы А. Имановтың ісіне байланысты 1919 жылы тұтқындалады, 1929 жылы тағы айып тағылып 1930 жылы Воронежге жер аударылады. 1937 жылы қайта тұтқынға түскен Қадырбаевты 1938 жылы 17 қазанда ату жазасына кеседі. 1966 жылы Воронеж облысының Президиумы қылмыс жасағаны туралы ақпараттың табылмауына байланысты ақтап шыққан болатын.
Қорытындылай келе, С. Қадырбаев сол кездегі дала заңдары мен шариғатқа сүйенген қазақтарға, баға жетпес қолданыстағы заңдар, кодекс, сот істері бойынша біршама еңбектерді қазақ тіліне аударды. "Біздің тұңғыш тобымыз Жалпы қазақ съезі салған жол бүкіл Алаш ұрандық қазақ баласына таймайтын даңғыл жол болуы керек. Бұл жолдан шықтым деген кісі жасырынатын, бұғатын, өткен шын пікірін айтып тартыссын. Жұмаққа бір күнде кіргізем деген өтірігін жұмсамай, майданға шықсын",-деп жастарды қайрап, болашақтарынан үлкен үміт күткен болатын [8]. Кеңестік тоталитарлық билік Алашордашы атанған әр қазақ азаматтарының ең белсенді, кеңестік-партиялық қызметтегі ізбасарларды қуғын-сүргінге ұшыратып, жауыздықпен жазалады.
Пайдаланған әдебиеттер:
ҚР ОМА. 1541-қ., 1-т., 3201-іс, 1-п.
ҚР ОМА. 1541-қ., 1-т., 3201-іс, 24-п.
ҚР ОМА. 1541-қ., 1-т., 3201-іс, 38-ап.
ҚР ОМА. 2454-қ., 1-т., 11-іс, 81-п.
ҚР ОМА. 2454-қ., 1-т., 11-іс, 44-п.
ҚР ОМА. 2454-қ., 1-т., 11-іс, 47-п.
ҚР ОМА. 2454-қ., 1-т., 11-іс, 10-п.
ҚР ОМА. 2454-қ., 1-т., 11-іс, 81-п.
Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві
Ұлттық архив қорын сақтауды қамтамасыз ету бөлімінің
Қор қойма меңгерушілері:
Орынбасар Бекжан, Қуандықова Мадина