Алаштың ардақтысы-Ақбура әулие

Жетекшісі: Қозыбақова Фатима Ақынбайқызы

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті,  Тарих және археология, этнология факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры

Дайындаған: Арыстан Асема Бахытжанқызы

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, Филология және әлем тілдері факультетінің 1-курс студенті

 

 

Даңғайыр даламыздың қай жері де киелі. Десе де, оңтүстік өңірдің жөні бөлек тәрізді. Себебі бұл өңірде қай кезде де қалың қазақтың қаймағы бұзылған емес. Бүгінгі таңда ел халқының ширек бөлігі Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында мекен етіп жатқанын ескерсек, еріксізден қасиетті мекенге бүйрегің бұрып кетеді. Осы бір құт қонған жерде кезінде елді уәлі сөзімен ұйытып, бір қауым жұрттың ақылшысына айналған әулие кісілер баршылық. Олар жайында әңгіме ететін болсақ, ең алдымен ойымызға Арыстан-баб бабамыз оралады. Сондай-ақ, Қожа Ахмет Ясауи және өзге де ардақты жандар еске түседі. Осыған қарай отырып, қасиетті жердің даралығына, даналығына бас иесің. Әйгілі Нұх пайғамбардың кемесі қалған қасиетті Қазығұрт тауы оңтүстік өлкенің жерінде жатыр. Үш жүздің басын қосқан Ордабасы да оңтүстіктің төрінде орын тепкен. Дегенмен, әлі де жұрт біле бермейтін қасиетті кісілер бар. Солардың қатарында Қазығұрт аумағында орын тепкен Ақбура әулиенің кесенесін айтуға әбден болады.

Әрине, жалпы жұрт біле бермегенімен, Ақбура әулиенің есімі көне заманнан тарқатылған шежірелер мен шығармаларда молынан айтылады. Соған қарағанда, ол кісі елге шапағатын тигізген, шуағын шашқан кісі болса керек-ті. Бұл жайында жергілікті азамат Әуесбай Әбдiразақов «Әулие қасиеттi Қазығұрт тауының етегiндегi өзiнiң атымен аталатын бұлақ басында өмiрге келген деп айтылады. Келiстi кесенесi мен мүрдесi де – сонда. Бұлақ суы етектегi елдiң қажетiне жарап, қысы-жазы мұздай болып ағып жатады. Рабат ауылындағы көл де бұлақ суымен толығады. Кезiнде Ақбура баба таң намазын бұлақ басында оқып, қалған екi парызын Түркiстан мешiтiнде азуын айға бiлеген ғұламалармен бiрге оқыған деседi. Аузынан ақ көбiгi шашырап жүретiн бурасы желмен жарысып, бабаны дер кезiнде дiттеген жерiне жеткiзiп отырған. Оңтүстiк аумағында тау iшiнде, бұлақ басында орнатылған сан ғасырлық тарихы бар кесенелер көп емес. Ақбура баба кесенесiнiң ерекшелiгi, салыну мәнерi еш жерде кездеспейдi. Жергiлiктi өлкетанушылар әулие басында жапырағын жайып тұрған мәңгiлiк көк ағаштың жасы бабамен қатарлас дейдi. Төңiректегi ну көк өскiн сол ағаштың бұтақтарынан өскен деп те айтады. Ол да мүмкiн, өйткенi ата ағаштың бiлемденген тамырларын кез келген жерден кездестiресiң. Солай екен. Кесенесiнiң кереметiн көлденең көк аттылы түгiл, қазақстандықтарға көрсете алмай келемiз. Онда «жабайы» туризм мен құлшылық ету қатты дамыған. Әркiм өз бетiнше барады. Әсiресе оған әлем-жәлем киiм киген көршiлес елдердiң азаматтары келуге құмар-ақ. Құдай жолында әулие аралап жүрген жандар болып көрiнетiн олардың кiм екенiн сұрап жатқан да ешкiм жоқ» дейді.

Көнекөздердің айтқанына сүйенсек, Ақбура әулие тұтас бір халықтың ардақтысына айналған аяулы адам болған көрінеді. Ол тек бір рудың ғана немесе бір тайпаның ғана емес, елдің сөзін сөйлей білген. Сол кезеңдерде Арыстан-баб және Қожа Ахмет Ясауимен замандас болып, олармен араласып тұрғаны айтылады. Бұл кесене жол бойынан жырақ жатыр. Дегенмен, одан адам аяғы үзілген емес. Әсіресе, жазғы мезгілде олардың қатары біршама молаяды. Шамамен күніне жүз қарадай адам келеді. Ал демалыс күндерінде олардың саны үш-төрт есеге дейін көбейеді.

Қасиетті жер болғандықтан, тәу етіп келгендер осы жерге аяқ басып, Алладан медет тілеп, ізгі амалдарын жасап жатады. Жасаған дұғалары қабыл болып, жабырқағанның жүзі жадырап, еңсесі түскеннің тік тұрғаны жайында естігеніміз аз емес. Сондықтан кесене маңы жергілікті әлеумет пен алыстан келіп-кеткен меймандардың ардақтап жүретін мекеніне айналған. Қашаннан да ұлыны ұлықтап, аяулыны ардақтап үйренген дана халқымыз осылайша киелі мекеннің қасиетін арттырып отырған жайы бар.

Елдің арасында кесенеге келіп, өзінің арман-мақсатының орындалғанына көз жеткізген азаматтар саны баршылық. Олардың әрбірімен сөйлессек, Ақбура әулие жайында аңызға бергісіз әңгімені тілге тиек етеді.

Кесене маңында ағып жатқан бұлақ та бар. Оған барғандар суды қасиетті санап, құтыларына құйып алып жатады. Дертіне дауа іздеген дімкас кісілер соның арқасында ауруынан құлан-таза айығып, әулие кесенесі басындағы бұлақтың шипа екендігін жұртқа жыр ғып айтқанын талай мәрте естідік.

Ақбура бабамыз ХІІ ғасырда өмір сүрген, яғни Қ.А.Иасауидің заманында өмір сүріп, оның шәкірті болған, дін таратқан, дін жолындағы пенде болған деседі. Ақбура бабамыздың азан шақырып қойған аты – Ақберген, бірақ жүрген жерінде «зікір» салып, ол уақытта аузынан ақ көбігі ағып, ақ жалын шашып, адам баласы естіп-білмеген алапат күшке ие болып кететін болған. Екі езуінен аққан көпірік екі иығын, омырауын жауып жібереді екен және үнемі ақ бураның үстінен түспейтінімен танымал, сондықтан да ел арасында «Ақ бура» атанып кеткен. Ақбура әулиенің киелілігі сол, таң намазының 2 рәкәтін осы бұлақтың басында оқиды екен де, ал артынан оқылатын екі рәкәт намазды жамағатпен оқимын деп Түркістанға барып, Қожа Ахмет Иасауимен бірге оқыған екен. Сол намазға үлгеру үшін үстінен ақ көбігі ағып, ентелеп жеткенде, алдынан Иасауи шығып:

– Ой, айналайын Ақбурам, келдің бе? – дейді екен.

Ал жұма намазды Меккеде оқыған дейді.

Бұл жердің киелілігі бабамыз мекендеген жер болғандықтан. Бұл жердің киелілігіне бас игендер еліміздің әр жерінен келіп бабаға бағыштап құран оқытып, ниет етеді, одан қалды емдік қасиеті бар бұлағы тағы бар, ниет етушілер бұлақтан су ішіп, өздерімен алып кетіп те жатыр. Бұл мекеннің өзі қасиетті Нұх Пайғамбардың кемесі қалған Қазығұрт тауының етегінде жайғасқандықтан, жай жер емес. Бұл кісі қайтыс болғанда «бурасының көзінен жас көл болып ағып, басына шөге кетіп, содан қайта тұрмай тасқа айналған» екен. Сол тастың қуысынан ағып жатқан бұл бұлақ ақ бураның иесін жоқтаған көз жасы екен деседі.

Ақбура бабамыздың айналасы толған мазар мен әулие-әмбейлер орын алған жер. Бабамыз қайтыс болар алдында мені Ақбураға апарып жерлеңдер деп тапсырма берген екен. Ақбура бабамыздың тағы ерекшелігі, қасиеттілігі сол – ел басына күн туып, атап айтсақ, соғыс болып немесе табиғат апаты, ашаршылық, басқа да қиындық болар алдында ақ бура болып боздап халыққа белгі беретін болған. Ал Қазығұрттың қасиетін бәріміз білеміз, мұны әлем мойындауда, Нұх пайғамбардың кемесі қалған, қасиетті мекен ретінде әлемдік қауымдастықтар мойындап, тіршіліктің бастау алған жері ретінде арнайы ЮНЕСКО-ның сертификатын бергеніне міне, биыл 8 жыл.

Бұл жерге бір келген адам екінші рет қайта келеді екен. Бұл да соның бір қасиеті деп айтуға болады. Ниет етіп келушілердің көбі Алладан бала сұрап, денсаулығына ем іздеп, одан қалды, өзі мен жақындары үшін дұға-тілек етушілер.

Осы жердің тарихына үңіліп, қалам тартушылардың арасында жергілікті ақын-жазушы, журналисттер де бар, атап айтқанда жазушы Аманбек Ахаев, журналист Құралбек Ергөбеков, Рүстем Бекзаттар әулие бабаға қатысты деректермен қатар Қазығұрттың тарихын зерттеушілер қатарында.

Әулие рухына арналып тұрғызылған кесене Өзбекстанның Шайхантәуір деген жердегі Төле би бабамыздың кесенесінің үлгісінде 1991 жылы салынып, 2011 жылы күзде қайта жөндеуден өткен.

Баба басына тағзым етушілердің өзіне тән  ерекше әдеті «жеті шырақ жағу» дәстүрі, әрине, ислам дінінде мұндай ырым-тыйымдар жоқ, бірақ қазақ бабамыздың бұрыннан келе жатқан, жеті санымен байланысқан ырым мен дәстүрлері бар екендігі баршаға мәлім, яғни жеті нан тарату, жеті қат аспан, жеті қабатты жер деген секілді. Келген адамдар жеті шырағын жағып, ниет етіп жатады, осы жерде айта кететін бір жайт, шырақ жағып, соның күлін көзіне басып, көзі көріп кетіп жатқан жағдайлар да кездеседі.

Ақбура бабамызға қатысты тағы бір аңыз әңгіме: бабамыз жұма намазын бұл жерде оқымаған, содан халық сұрақ қояды: "Сіз жұма намазды қайда оқисыз, жамағатпен бірге осы жерде неге оқымайсыз?" депті. Содан бабамыз "Мен жұма намазды Меккеге барып оқимын" деп жауап қатқан, сол жерде халық арасында сенімсіздік туып, шу басталады. "Бұл мүмкін емес, сіз қайдасыз, Мекке қайда?" деген секілді. Жауаптан тайсанбаған Ақбура бабамыз "Егер сенбесеңдер, менімен біреуің жүріңдер" дейді, бір куәгерді артып алып, ақ бурасымен зырылдап келе жатқанда әлгі адам жолда түсіп қалыпты-мыс, намаздан шығып жол бойы келе жатып, жаңағы адам жол-жөнекей ағаштың үстіне ілініп тұрған екен, содан сол ағашты осында әкеліп отырғызады, бұл ағаш «кәтренке» деп аталады, аталған ағаш басқа жерде өспейтіндігімен ерекшеленеді. 

«Ақбура» әулиге қатысты: "Шілтер ата имандылық шырағы ғой, Ақбура ізгіліктің бұлағы ғой, Қазығұрт әулиелер тұрағы ғой!" деген шумақтар еске келеді. Осыдан соң қойнауы қазба мен қатар қасиетті орындарға толы Қазығұртқа жол түскенде Ақбураға алдымен құран бағыштап, бұлақ басынан су ішіп, ниет етушілердің қарасы қалың. Бұл дегеніміз, өз кезегінде әулиелі қонысқа келушілердің сенімін көрсетеді.

Қазақ елінің дархан даласының қайсыбір тауы мен тасы да ыстық әрі өз бетінше қасиетті. Ал кеме қалған Қазығұрттың әсем табиғаты мен бау-бақшасын, осынау шырайлы өлкенің қаншалықты қадірін түсініп, қастерлеп жүрміз? Бұлай дейтінім, аталған жерде туристерге жасалған жағдай айтпай-ақ белгілі қандай екені. Қазығұрт десе тізбектеліп кете беретін табиғатынан бөлек, осындай киелі жерлерінің көптігі туризмді дамытуды сұрап тұрғанын байқауға болады. «Ақбура» әулиенің басына ниет етіп келушілерге көрсетілер қызметті ауыз толттырып айтуға тұрмайды, дегенмен ілгерілеушілік қолға алынған секілді, себебі жол салудың қарасы бұл өңірге енді келді.

Тағай Асылбайұлының айтуынша, көнекөз қариялардың бірінде көне түрікше (ескі шағатайша) жазылған қолжазбада қасиетті Қазығұрт тауы бөктеріндегі Шілтер Ата мен Ақбура Ата туралы айтылған екен. Оған қарағанда, ілгеріде Шілтер Ата – үйсіндердің пірі, Ақбура Ата – қаңлылардың пірі болыпты. Сонымен бірге қолжазбада Ақбура Атаның бір ғажайып керемет қасиеті баян етілген болатын. Ол кісі азанғы памдат намазының екі бас сүннетін Қазығұрт тауының баурайында оқып, екі бас парызын Қағбада оқып, оған зиярат етіп, қажылық жасағандай сол Мекке-Мәдина жақта тәмамдап келетін көрінеді.

Бұрынырақта Ақбура әулие бұлағының басында қос ақ жылан болыпты. Бірі – аталық, екіншісі – аналық.

Бір жас жігіт сүйген қалыңдығын өзінің тілегімен Ақбура Атаға зияратқа ертіп келіпті. Сонда қыз ынты-шынтысымен әулиеге беріліп, Һақ тағаладан шапағат күткен жандай мүлгіп отырады. Жігіт айналадағы сұлу табиғатты қызықтап жүреді. Бір уақытта періштедей әсем қыздың алдына аппақ жылан келіп, басы қақшиып, көтеріліп тұрады. Сол кезде жігіт кеп қалып, сойылдай қатты ағашпен жыланның қақ төбесінен ұрып, жауызды өлтіргендей ерленеді. Сонда қыз:

– Ой, оның маған қарап тұрғаны жағып еді, – деп көзін ашып, басын көтеріп қарайды. Оның көзінен әсте-әсте нұр қашып, сол күйі жан тәсілім болады. Жігіт киелі аналық жыланды өлтіргенін біліп, өкініште жүріп, ақырында ол да құсадан қаза табады.

Бертінгірек уақытта да Ақбура әулиенің аппақ жыланын көрген куәгерлер кездеседі. Кешегі кеңес заманында талай жылдар бойы Ақбураның күтіміне қарап, шырақшы болып келген Әбдіқұл қарияның Ұлдан атты қызы бар. Сол қыз кішкентай бала күнінде екі көзі қып-қызыл боп ауырып, жас ағып, кеш болса жатып қала береді. Тіпті көрмей қалады. Дәрігерлердің емі оған қонбайды. Ұлдан он бес-он алты жасқа жеткен кезде Әбдіқұл қария оны Ақбура әулиенің басына ертіп апарып, сол араға түнеп, зиярат етіп жүреді.

Бір күні Әбдіқұл қария бұлақ көзіндегі тастарды ашып, жөндеп жатқанда, қызы да көмектескен боп отырады. Әлден уақытта Ұлдан:

– Ойбай, жылан! – дейді. Ол жыланды көріп шошынғанға ұқсайды. Әбдіқұл қария «Сонда қызымның көргені ғой», – деп қараса, көзі кәдімгідей көріп тұр екен. Сөйтіп, Ұлдан ауруынан құлан-таза айығып, тәуір болып кетеді.

Осындай қасиетті жердің Қазығұрт тауының оңтүстік етегінде, табиғаты әдемі, тыныш, салқын жерде орналасқаны қатты қуантады.

Сіз білесіз бе? Қазығұрт-Алланың шапағаты түскен, Пайғамбардың кемесі тоқтаған әулие тау ғана емес, жаныңа жапырақ жаяр жақсылық мекені екенін. Мұны айтқан мен емес, жазушы-Әлібек Асқаров. Ол өзінің Оңтүстікке сапарында Қазығұрттың тұрғындары жайлы былай дейді: «Қазығұрттықтар алдымен ырымшыл жұрт екен, содан кейін намысшыл екен. Адам бойынан ізгілікті көре білу, жақсылықты тани білу үрдісін Қазығұрттықтар көптен бері өздерінің өмір салтына айналдырыпты.»

Мұның өзі Қазығұрттық тұрғындардың бар атағын асқақтатып тұрғандай көрінеді.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер: Әлия Ортаева. «Ақиқат-Истина» газеті, №37, 23 қыргүйек, 2003 жыл, 6-бет

Құралбек Ергөбеков. «Ақбура Ата әулие» Қазығұрт. 2013. 90-бет;

«Еңбегі еленген жандар» Шымкент. «Жебе» 2016. 136-бет;

Түркістан. "Мұра". 1995. 23-24 беттер.



Бөлісу: