Бүгін Лев Николаевич Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері үшін естен кетпес күн. Алты алашқа атағы жайылған Нұрлан ағамызбен кездесу бізге бір ғанибет сезім сыйлады. Бір қызығы, кездесу өте еркін форматта өтті. Қазақ жастарына әнші, сазгер, талантты актер ретінде танылып жүрген ағамызды, бүгін, мүлде басқа қырынан таныдық. Залдағы жастарды тегістей аузына қаратып, кезіндегі рухы биік бабаларымыздай шешіле сөйлей жөнелгенде, айдынгер азаматымыздың соншалықты ұлтжанды, дархан даламыздай кең көңілді, азат еліміздің нағыз жанашыры екеніне көзіміз жетті. Кездесу басында ол жастармен жылы амандасып бірден қонақкәдесін ұсынды. Ардақты әкесі Баянғали Тоқанұлының он екі томдық еңбегін ЕҰУ кітапханасына сыйға тартты. Есіңізге салар болсақ, Баянғали Әлімжанов лирикалық, философиялық өлеңдер мен елуге тарта поэма, оқиғалы жырлардың авторы, драматург, сатирик, айтыс ақыны, жыршы-жырау, манасшы. Ол "Деген екен", "Алаш пен Манас. Қырық айтыс", "Өмірдің өзі...", т.б. кітаптарды жарыққа шығарған қазақ жазушысы және ұлының орындауындағы бірқатар әндерінің сөздерінің авторы. Нұрлан аға өзінің сұхбатында осы өнердің дара да сара жолына түсуіне себепкер болған әкесі екенін айтты. "Әке көрген оқ жонар" демекші, сөздерінен қарапайымдылық пен мейірімділіктің лебі сезілетін оның жүрегінде әкеге деген шексіз құрмет пен сыйластық барын және қазіргі қазақ жігіттерінің барлығы болмаса да, біразы көрмей жүрген нағыз қазақы әке тәрбиесін Нұрлан Әлімжанның бойынан байқадық.
Сұхбат барысында қоғам қайраткеріне студенттер тарапынан өздерін толғандыратын өнер жолына байланысты сұрақтар қойылды. Содан, жастар әншінің алғашқы махаббаты мен әртістік өнері жөнінде қызықты оқиғалар мен қазіргі көпті ойландырар әлеуметтік мәселелерге байланысты ой-пікірін білді. Кездесуде Нұрлан аға поэзия оқып, көпшілікке танылған "Ақ құсым", Көзіне қарай бердім", "Айхай өмір", "Өкпелеме жаным" әндерін шырқады. Кеш соңында, Нұрлан аға Әбубәкір Қайранның "Қасқыр" атты өлеңін жастарға оқып беріп, ұлттық патриотизм мен рухымызды бір асқақтатты, оған қоса тыңдармандарына "Қоштасу" атты жаңа әнін таныстырды. Жастарға алғысын айтып, ерекше ықылас-лебіздерін білдірді. Университет ұжымы атынан Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің проректоры Диқан Хамзабекұлы Нұрлан Баянғалиұлына "көне замандағы әнші" мүсінінің жаңғыртпасын сыйға тартты.
P.S. Нұрлан ағаммен кеш біткен соң сахна сыртында кездесіп, қолын алып, естелікке суретке түскенбіз, бірақ ұялы телефонға суреттер сақталмапты. Амал қанша, ішім удай ашыса да ештеңе өзгермейді. Енді, ағамызбен қайтадан суретке түсіп, сұхбаттасатын тағы бір сәт туады деп сенемін!