Алашорда дәуіріндегі ең сымбатты кісі кім?
блог
Алаш. Алаш дәуірі. Алаш азаматтары десе көз алдымызға не елестейді? Ұлтын сүйген бір ұлдың елі үшін, елінің есе теңдігі үшін күресіп, ақыр соңында шейіт болған қасіретті өмірі көз алдыға бірден елестейді. Өмірі аңыз, айтқан сөздері мен жүрген іздері әфсанаға толы осы алтын азаматтардың сәні жайлы да ел арасында мың сан әңгіме бар.
«Сәнін берсін Сәкеннің» деген әннің өзі неге тұрады...
Айтар ойдың ауаны осыдан қолсозым-ақ жерде тұрған Алаш азаматтарының сәні жайлы. Бірден тақырыпқа көшейік. Ер мінезімен, серілігімен, сымбатымен өз заманында-ақ қазақ даласына аңыз боп тараған кісі – Сәкен Сейфуллин.
Ел арасында ет турап отырған әйел Сәкеннің ақ жүзіне, келісті келбетіне таң қала қарап отырып, өз қолдарын туап кете барғанын да сезбей қалады екен деген әңгімелер бүгінгі күнге дейін жетті.
Сәкенмен сән таластырып, сымбатына иық тіресе алатын жалғыз замандасы болған. Ол – Мағжан Жұмабаев. Екеуі бір қызға ғашық боп, бір училищеде оқып, өнер мен әдебиеттің көгіне бірге шыққан азаматтар. Іштей бірін-бірі қандай сыйласа, сән-сымбат, серілік жағынан сондай тартыста жүрген алыптар. Бұл туралы Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнар апамыздың да, Алашорда тарихының майталманы Мәмбет Қойгелдінің де, атақты ғалым Тұрсынбек Кәкішевтың де талай әңгімелегені бар.
Сәкен сері мойныма әжім түседі деп артына бүкіл денесімен бұрылады екен...
Жағам кір болады деп ақ жейдесіне үнемі бөлек жағалық салып жүреді екен...
Түнде Сәкен үйге кіріп келгенде үй іші жарқырап кетеді екен...
Сәкенді көрген кемпірлер тізесі дірілдеп, Сәкеннің пысы басып орындарынан тұра алмай қалады екен...
Сәкенді бір көрген қыз оған өмір бойы ғашық боп өтеді екен...
Міне, осының бәрі ел аузында Сәкеннің көркіне байланысты аңыз боп сақталып келе жатқан әңгімелер.
Осындай ауызекі әңгімелер Мағжанда да айтып тауысқысыз.
Мағжанмен қарама-қарсы келе жатқан қыз Мағжанның жүзінен көз ала алмай қалып, қарсыдағы ағашқа соғылып маңдайын жаралапты...
Мағжанның дидарына бүкіл оқу орнының қыздары ғашық екен...
Әрине, айта берсеңіз таусылмайды. Тәптештей ойлап, шұқшия үңілсеңіз мұндай серілік, мұндай көрікке олардың биік азаматтығы, бір басына жетерлік мол өнерлері де тірек болып тұр. Ақындық қарым, ер мінезіне тән қайсарлық жатыр бұл көріктің астында. Жүректерінен тулап шыққан ел мен ұлттың сірі мұңына суарылған жырлары ақыры оларды қорғасын оқ құштырды...
Бірде, Әлиханды өмірінде екі-ақ рет көріп, көркі мен парасатына бас иген арбакештің әңгімесін бір ағамыздың аузынан естігенім бар.
Арбакеш Әлихан туралы көзінен жас парламай, тебіренбей айта алмаушы еді дейді ақсақалдың ұлы. «Әкемнің өмір бойы түсінбей кеткен бір-ақ ісі болды, - дейді арбакештің ұлы, - әкем мына үкімет жақсы болса, халыққа жақ болса, Әлекеңдей адамзатта жоқ асыл кісіні неге атты деген сұраққа өмір бойы жауап таба алмай кетті» дейді.
Әлиханның дегдарлығы бүгінгі ұрпаққа аңыз болып сәнімен жеткен жоқ, бірақ, Сәкен мен Мағжан сынды екі арысын алақанына салып еркелеткен үлкен азаматтығында жатса керек.
Сонымен Алашорда заманының сымбатты азаматтары, олар:
Бірінші орында: Сәкен Сейфуллин
Екінші орында: Мағжан Жұмабаев
Үшінші орында: Мұхтар Әуезов тұрса жөн болар деп ойлаймын.
Сіздіңше қалай?
Сурет: yvision.kz