Алаш қозғалысы: ұлттық интеллигенция және Сталиндік қуғын-сүргін
Қазақ халқы кемелденген ұлт болып қалыптасуда небір зобалаңды бастан кешірді. Еңсені көтеріп, алға ұмтыла бастағанда әрдайым қиындық пен өткел тұратын: соғыс, ашаршылық, көтеріліс. Бұлардың барлығы- қазақтың даласы мен халқын мыңдаған жылдар бойы аямай сынаған нәубеттер. Бірақ, қандай жағдай, қандай кедергі болмасын "елім", "жерім" деп еңіреген елдің елеулі азаматтары табылып отырды.Қайсар қазақ халқы Ұлы Дала төсінде тәуелсіздіктің туы тігілгенше күресумен,тар жол тайғақ кешумен болды.
Азаттық жолындағы күрес, оның ішінде ұлт-азаттық көтерілістер халық арасында 19,20 ғасырларда кең етек жайған еді. Кенесары Қасымұлының патша үкіметіне қарсы күресін осының бастауы етіп алуға болады. Кейін жалғаса келе, заманның талабымен ілесе келе азаматтық көтерілістер ұлт зиялыларының қозғалысына ұласты. Солардың бірі- Алаш қозғалысы.
Алаш қозғалысы- патша үкіметінің отаршыл саясатына, қазақты қанауына, әділетсіз билігіне қарсы бағытталған күрес. Қозғалыстың басталуына бірнеше ірі әрі күрделі себептер болды:
Көк бөрінің ұрпағымыз дейтін, бостандық пен батылдықты ұлттық символ деп қарастыратын қазақ халқының бір күнде орыс үкіметіне бағынышты болып, дербес шешім қабылдау құқығынан айырылуы елін сүйген, көзі ашық азаматтар үшін ауыр және намысқа тиетін жаңалық болды. Сондықтан да, қазақ жерінде асылдың сынықтары болып есептелетін жандардың басы қосылды. Қазақ жеріне көшкен өзге ұлт шаруаларының күрт өскен лебін азайтып, мүмкін болса мүлдем тоқтату .Бұл- Алаш қозғалысы мүшелерінің басты міндеттерінің бірі еді. Себебі,билік басындағылардың оларды көшірудегі басты мақсаты- айрандай ұйып отырған қазақ халқының бірлігін бұзып, тілінен,дінінен,ұлттық құндылықтарынан айыру болатын. Ежелден мал бағып, егін салып, жайлауы мен қыстауына емін-еркен көшіп,ұшқан құстың қанаты мен шапқан тұлпардың тұяғы талатын кең байтақ жерде мамыражай өмір сүрген қазақ халқы үшін атадан-балаға мирас болған жердің маңызы зор болды.Ал, патша үіметінің қазаққа тиесілі шұрайлы жерлерді,жайылымдарды тартып алып, меншіктеніп алуы ұлттың қайраты мен жігеріне нұқсан келтірді. Сол себепті, саф алтындай таза, бағалы мұраны сақтап қалу үшін кеудесін отқа төсеп, жанын пида етуден ұлт жанашырлары аянбады. Яғни, қазақ үшін ел мен жер-егіз ұғым.Міне, жүрегінде жалындаған оты мен ақ шұға үміті бар ұлтшыл зиялылардың бас қосуының себептері. Олар соңына дейін, мақсат пен мүдде шешімін тапқанға дейін күресті. Бұл-қанға сіңген асыл қасиет.Қай елдің тарихында елімен қатар тілі,діні үшін күрескен майдангерлерді кездестіруге болады? Осы сұраққа жауап іздей отырып, біз, тәуелсіз елдің ұландары дүниеге қазақ деген ұлы есіммен келгенімізді мақтан тұтуымыз керек!
Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов,Әлихан Бөкейханов- Алаш қозғалысының белді, беделді,белсенді тұлғалары. Олардың жаңашыл позициялары,алға қойған қадамдары үлгі алуға тұрарлық. Бірақ, ерекше дарын иелеріне қамшының сабындай ғана өмірді сүру бұйырған екен. Себебі, еліне жау болып танылған барлық қазақтың зиялылары ату жазасына Сталинның бұйрығымен кесілген болатын. Сталин-өте қатыгез,қатал әрі жауыз билеуші болған. Ал, ұлтына пайдасын тигізе білетін жандардың көзін жоюда оның мықты стратегик та болғанын аңғаруға болады.Сталиндік террор, қуғын- сүргін 1937-1939 жылдары жаппай сипат алды. Бар саналы ғұмырын ұлт мүддесіне жұмсаған азаматтар отбасысымен қоса жазықсыз айыпталып, құқығы тапталып, жан түршігерлік қиындықтарды бастан өткерген. Олардың бар «кінәсі» қазақты қазақ билеп, азаттық туы берілсін дегендерінде. Сталинның бұл жоспары өте қасіретті,әділетсіз. Талай жанның өмірін жалмап, болашағын бұзып, баланы ата-анадан,ата-ананы баладан айырған бұл солақай саясат тарихта үлкен апаттардың бірі болып танылады.
Елі үшін дүниеден өткен тұлғаларды еске алғанда, тебіренбейтін жүрек, толғанбайтын адам жоқ шығар,сірә...
Бүгінде, әлем аренасында тәуелсіз Қазақстан Республикасы деген есім бар. Азаттық жолында сатылап күрескен батыр ұлт жанашырларының арқасында бейбіт аспан астында, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманда өмір сүріп келеміз. Ал,қазіргі Ұлы Дала елінің патриоттары елімен, жерімен, ұлы тұлғаларымен әрқашан мақтанып, үлгі тұтады. Қиындықпен келген тәуелсіздікті ардақтап, аялап, дәріптеп, кемел келешекке тапсыруда жұмыс атқару-біздің міндет. Еліміздің тұғыры қашанда биікте болып, мәртебесі өсе бергей! Мәңгілік ел болып, ғасырлар көшінде жасай бергей!