Алаш арыстарына тағзым, «Сарыарқадан» - «Семей таңына» дейін

       31 мамыр –саяси қуғын сүргінге ұшыраған, азаттық жолында құрбан болған азаматтарымызды еске алу күні.Биылғы жыл Алаш козғалысының 100 жылдығы десек, аталған күннің маңыздылығы  да,артар жауапкершілігі де   еселене түсті.Осы орайда Алаштың астанасы атанған Семейде қазақтың біртуар ғалымы,алаштың соңғы тұяғы,  Қайым Мұхамедхановтың құрметіне көшенің аты берілді.

Семей топырағынан шыққан қазақ зиялысының ел мүддесі үшін өмірін арнап, Алаш идеясын жақтаушылыарының бірі болғандығы көпке мәлім. Өмірден өзі кеткенмен, жүректен сөзі кетпейтін ғалымның саналы ғұмырын Алаш жұртына арнағандығы белгілі. Алаш Орданың ғасырлық тойы қарсаңында көшенің Қайым Мұхамедхановқа берілуі абыройлы істің бастауы ретінде,  Семей еліне зор қуаныш сыйлап, егемендік үшін күрескен Алаш ардақтысының  өшпес бейнесін Семей өлкесінде тағы бір мәрте жоғарылатты.

Өнегелі өмір жолында  қаншама шәкірт тәрбиелеп, ұстаздық еткен профессордың ізбасары,  Еспенбетов Арап  Сләмұлы өз ұстазы жайлы өнегелі де үлгілі естеліктері жайында салиқалы да саналы сөз сөйлеп жастарымызға қажетті ойымен бөлісті.

Биылғы Алаштың 100 жылдығында Семей жерінде Қайым Мұхамедхановтай тұлғаның есімінің құрметіне көшенің аталғанымен қоса, игілікті істі жалғастырып,  сонау 1917 жылы  Алашорда тұсында бірге иық тіресіп, ең алғаш «Сарыарқа» болып жарыққа шыққан басылым- қазіргі «Семей таңының» 100 жылдығына орай, «Сарыарқа» -ның  ескерткіш-тақтасының ашылу салтанаты да болып өтті.

Бастауын сонау  «Сарыарқадан» алатын тарихи газетіміз, Алаш зиялыларының қаламының ізі,  құнды сөзі қалған  басылым. Қазақ қоғамына саяси бағытта ақпарат жеткізіп,  саяси мақалаларымен қоса әдеби сусындатуға да зор үлес қосқан үнпарақтың халықтың жүрегінен орын алуына көп еңбек сіңіргендердің бірі, Ж.Аймауытов болды. Алаш зиялыларының алды болған , сол шақта жас семинарист М.Әуезовтың   қазақ әйелдерінің болмысы жайындағы «Адамдық негізі-әйел» туындысы ең алғаш  «Сарыарқада» жарық көрсе, басылымның басқа газеттерден айырмашылығы- «Ішкі хабарлар» айдарымен қоса, «Сыртқы хабарлар» айдарының оқырманға жол тартуы еді. Осы  айдармен жарияланған  С.Торайғыровтың «Әлиханның Семейге келуі» атты мақаласы, оқырмандарға тың жаңалықтың жаршысы бола білді. Бұл  тұрғыда басылымның сол кезеңдегі қазақ журналистикасының дамуына үлес қосып, тың дүние мен жаңаша ақпарат берудің тәсілдерін жетілдіре түскендігі де осының айқын дәлелі.

Қазақтың бетке ұстар тұлғалары   қолға алып, іргетасы қаланған   газеттің,   сол заманда Алаш қайраткерлерінің арман-мүддесі мен тілек-ниетін халыққа жеткізген ақпарат көзі, құралы болды. Тамырын тереңге жайған басылымның  бір ғасырлық мерейтойы қарсаңында ескерткіш тақтасының ашылуы игілікті істердің қатарын толықтырғаны сөзсіз.

«Қазақ тарихында қазақ ұялатындай ештеңе жоқ» -  деп Елбасы Н.Назарбаев айтқандай, қазаққа қажеттіні көздеген Алаш  зилыларының  мақсаты бүгінгі күнде жүзеге асырылса да, азаттықты аңсаған арыстарымыздың идеологиясы- қазіргі таңдағы егемендігіміздің құнымен өлшенетіні  хақ.



Бөлісу: