Алаш ардақтылары ұлт мақтанышы
блог
Алаш ардақтылары - халқының сан салалы мұрасын дәріптеген ,ұлттық сананы көтеруді ту еткен қазақтың бетке ұстар нағыз батырлары.Алаш арыстарының еліне сіңірген ерен еңбектері тарихымызда тайға таңба басқандай орын алды.Менің ойымша,қазақ зиялыларының туған тілі мен тарихын,өнері мен мәдениетін дамытуға қосқан үлесі бүгінгі тәуелсіз еліміздің жемісі.
Қазақ елі үшін „алаш” сөзі тамыры тереңге жайылған тарихты қазбалайтын өзекті тақырыптардың бірі.Елімізде әлі күнге дейін „Алаш” идеясын арқау етіп жүрген рухты жандардың бары мені қуантады.Болашақ еліміздің терезесі тең ,туы көк байрағында еркін желбіреген халық болуды көздеген ұлт мақтаныштарын естен шығармаған абзал.
Әлихан Бөкейханов бастаған Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай, Мұхаммеджан Тынышбаев, Халел және Жалел Досмұхамбетовтар, Бақытжан Қаратаев сынды қазақтың батыр ерлері атамекен үшін аянбай тер төгіп,аттары тарихта қалды.Әрбір айтылған бұл тұлғалар ел басқаруға қабілетті еді.Осындай алаш қайраткерлерінің жазықсыз ұмытылған есімдерін өскелең ұрпаққа жеткізу - біздің парызымыз.
Батырларымыздың алаш идеясы үшін күрескен уақыты-1907 жылдан 1930 жылға дейінгі аралықты қамтыған. Сол жолда „Керегеміз - ағаш,ұранымыз - Алаш“ -деген ежелгі қазақ халқымыз басынан не өткермеді. Алаш жетекшілерінің рухты ұрандары сол заманның оқыған алғыр, талантты жастарын баурап алды. Міржақып Дулатов «Оян, қазақ» десе, Халел Досмұхамедов «Өз тілін өзі білмеген ел – ел бола алмайды. Тілінен айрылған жұрт – жойылған жұрт» деп ұлт жанды халқымыздың санасына ой салады. Ахмет Байтұрсынов: «Басқалардан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға – оқу керек! Бай болуға – кәсіп керек! Күшті болуға – бірлік керек! Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек!» деген сөздерінен алар тағылым мен түйер ойлар орасан зор.Терең түсінген,тыңғылықты тыңдаған адам баласына осындай ұстаздарымыздың өз әдеби мұрасында айтқан сөздері сүрінгенде сүйенер сенімді серігі,адасқанда жолына жарық болары сөзсіз.
Меніңше,осындай дара тұлғаларымыздың ой тұжырымдары мен елеулі еңбек жолындағы істері мына бәрімізге рухани азық. Әлихан Бөкейхановтың жеке жобасы бойынша, өз жерімізде өндірілген бір уыс жүн әр азаматтарымыздың үстіне тоқыма болып тоқылып, киілуі қажет.Мемлекетіміз сол жоба арқылы толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуге қадам жасады. Бүгінде халқымыздың еңбегінің арқасында әлеуметтік әл-ауқатымыз жақсарып, инновациялық даму жолындамыз.
Қорыта айтсам,сәуле көзден жылт еткенше „қазақ” деп шыр еткен алаш ардақтылары ұлт мақтанышы болып қала бермек.Ал біздегі мақсат „Алаш идеясын” дәріптеп,Алаш зиялылары армандаған тәуелсіздік биігін шыңдап,баянды ету.