"Алапес" адам

"Алапес" адам
жеке
блог

Қарағанды өңірі аты алты алашқа белгілі ұлдарымен қашанда мақтана алатын. Солардың бірі Ғабиден Мұстафин.  Кеңестік дәуір әдебиетінде көрнекті шығармалар жазып,өндірістік бағыттағы  «Қарағанды» секілді романын жазу үстінде Ғабең не ойлады екен? Романына арқау болған қалаға өзінің бюсті қойыларын білді ме екен?

Биыл 110 жылдығын түрлі дәрежеде атап өтіп жүрген жазушымыздың ескерткішінің жағдайы көрген жанның аянышын тудырары сөзсіз. Ерінбеген құстың бәрі осы кісінің ескерткішіне қонып,басына саңғырып кеткен тәрізді. Өзі қатты бір алып ескерткіш те емес. Арнайы машина алдырып,кранмен көтерілуді қажет ете қоймайды. 4 тепкішегі бар қол сатыңыз болса жеткілікті. Ғабеңнің түрін тым болмаса кітап бетінен бір рет көрмеген адам сыртынан көріп «Апырмай-ә, мына кісі алапес болған екен-ау» деуі де ғажап емес. Қаламмен достығын фельетон жазумен бастаған Ғабең, өзінің 110 жылдығы қарсаңында біреудің әжуаға толы жазбасының кейіпкері болармын деп ойлаған жоқ еді. Ойлайтын да жөні жоқ,біз әжуаласақ, бұған жол беріп отырған өзімізді әжуалап отырмыз.

Ғабеңнің ескерткіш-бюстінен 100 құлаштай жерде кезінде «Күн көсем» атанған Ленин ақсақалдың алып ескерткіші бар.  Бас пен кеудеден ғана құралмаған соң ба, бұл ескерткішке құстар қона қоймайды. Сірә, қол аяғы бар ескерткіштер құстарды жақсы үркітетін болса керек.

Бұған жауапты мекемеге хабарласқанымызда (Саябақ және демалыс орындары басқармасы) бастықтарының қолы бос емес екенін жалықпай айтудан шаршамаған қызбен сөйлесуден жалықтық. 2002-ші жылы ашылған ескерткішті 2012-ші жылы бір-екі рет сабындап жуып алса артық болмас еді.