Алакөл жайлы не білесіз?
блог
«Қара балшық, ыстық жүгері алыңыздар»! Сіз осы дауысты естіп тұрсыз ба? Қош келдіңіз, сіз айдынды Алакөлдесіз! Алакөл – Қазақстанның оңтүстік-шығысында орналасқан тұйық және тұзды, шипалы көл. Қазақстандағы курортты аймақтардың бірі саналатын Алакөлдің туризмі қай деңгейде? Осы Алакөл туралы аңызға бергісіз қандай әңгімелер естідіңіз? Естімесеңіз, осы жазбаны оқып көріңіздер.
*Алакөлде көптеген ауруларға шипа болатын қара балшық (грязь) және ақ саз (глина) бар. Қара балшық әсіресе буын ауруларына таптырмас ем болады.
*Алакөлге алыс-жақын шетел азаматтары келіп демалады. Ресей мен Қытай елінің туристері Алакөлге саяхатын жыл сайын алдын-ала жоспарлап қояды екен.
*«Асқазан суы» жайлы естуіңіз бар ма? Естімесеңіз – айтайын. Алакөл маңында асқазан ауруына ем болатын шипалы су бар. Жергілікті халық оны «иісті су» деп атайды. Осы судың қасиетін естігендер алыстан ат терлетіп арнайы келетін көрінеді.
* «Барлық Арасанға» баруды да жоспарлап жүрсіз бе? Алакөлден 20 шақырым жерде «Барлық-Арасан» сауықтыру орталығы орналасқан. Алакөл мен Арасанда апта бойы демалып, барлық ауруларыңыздан құлан-таза айығып кете аласыз. «Бір оқпен екі қоян атып алуға» жақсы мүмкіндік.
* Реликті шағала – Алакөлдің ерекше символы. Әлем бойынша шағаланың бұл түрі тек Алакөл мен Моңғолия жерінде ғана кездеседі.
* Таңертең ерте Алакөл жағасына барып көріңізші. Мүлгіген тыныштық, саф ауа, жағаға ұрған толқын мен реликті шағаланың көл бетінде қалықтауы жаныңызға жайлылық сыйлайды. Күйбең тіршіліктің қиындықтарын ұмытып, демалыстың нағыз рахатын сезінгіңіз келсе, күн шыға салып, ертемен Алакөл жағалауында серуендеп қайтыңыз. Таң шапағы көл бетіне түскенде қайталанбас әдемі көріністің куәсі бола аласыз. Түнімен тыныққан таза да мөлдір суға шомылып алсаңыз да болады. Күні бойы сергек жүруіңізге үлкен себі бар. Сондықтан, ерінбеңіз, ерте тұрып көл жағасына келіңіз!
* Түйе, жылқы, пони мен есек дегендерді тек зоопарктен көріп жүргендер үшін Алакөл жағалауы «тірі зоопарк». Мұнда бұл жануарларды тек сыртынан ғана тамашалап қоймай, сипап, тамақтандырып, мініп, қыдырып келуге де болады. Ал бағасы зоопарктен әлдеқайда арзан. Қалтаңда 200-500 теңге болса жеткілікті.
* Өкпенің қабынуы, тыныс жолдары ауруынан азап шегіп жүрсіз бе? Алакөлдің таза ауасымен кең тыныстап көріңізші. «Алакөлдің ауасы – жанның дауасы» дейді халық. Расымен де, 600 шақырым радиустағы ауаның құрамында ешқандай зиянды қоспалар жоқ дейді мамандар. Сондықтан, астма мен өкпе, тыныс жолдары ауруларының алдын алу үшін де кең тыныстап қайтсаңыз әбден болады.
* Алакөл теңіз деңгейінен 345 метр биіктікте орналасқан қазаншұңқырдан пайда болған. Сондықтан, қан қысымынан зардап шегіп жүргендер үшін аса қолайлы демалыс мекені болып табылады. Алакөлге келгенде қан қысымы мазалайтынын айтқан адамды кездестіріп көрмеппін.
* Алакөл жағасында қаз-қатар тізіліп, күн сәулесіне қыздырып жатқан немесе қара балшық жағып алған адамдардың көптігін көрсеңіз, таң қалмаңыз. Қара балшықтың пайдасы мен тұзды судан соң күнге күю туралы аңызға бергісіз әңгімелерден соң сіздің де қызығушылығыңыз арта түсетініне сенімдімін.
* Судың құрамында натрий хлориді тұздары мен түрлі минералдар, аз мөлшерде кремний ерітіндісі кездесетіндіктен Алакөлдің суы экзема, псориаз, нейродермит, тері ауруларына дауа болып табылады. Арнайы демалыс орындарында антипсор дәрісі арқылы емдеу шараларын жүргізу жолға қойылған.
* Кеңес Одағы кезінде жабық аймақта космоновтарды емдеу шаралары жүргізілген екен. «Космоновтар үйі» аталған аймақта айлап демалған космонавтардың ағзасы радиациядан айығып шығатын көрінеді. Демек, Алакөлдің аса шипалы екені ертеден-ақ белгілі.
* Ертеде, жаугершілік заманда, Қабанбай батыр мен оның сарбаздары жараланып қалғанда, күні бойы көлден шықпай жатады екен. Сонда дене жарақатының бәрі жазылып кететін көрінеді. Бұл да көл суының емдік қасиетінің дәлелі.
* Алакөлден туған-туыс, достарыңызға арналған естеліктер мен кәдесыйлар да таба аласыз. Тек Алакөлде ғана кездесетін ерекше тесік тастар мен жалпақ тастардан жасалған сыйлықтар, ақ қайыңның қабығынан жасалған әшекейлерді қолжетімді бағада сатып ала аласыз. Осындай таңқаларлық сұлулық пен үйлесімді қарапайым заттардан қашап жасаған жандарды сиқыршы демеске шараң бар ма?
* Алайда, суға шомылғанда абай болыңыз! Алакөлдің тереңдігі 75 метрге дейін баратынын есіңізге саламыз. Қатты толқынның кесірінен суға кеткен адамдар саны қаншама?! Егер жақсы жүзе алмасаңыз, алысқа барып қажеті жоқ және қауіпсіздік үшін арнайы ауа толтырылған кеудеше мен дөңгелектерді пайдаланған жөн.
* Алакөлде шешімін таппай жүрген жалғыз мәселе бар. Ол – жолдың жағдайы. Алакөл бағытына пойыз жүрмейтіндіктен, жеңіл көлікпен немесе автобуспен алыс жолды жүріп өтіп қана арман болған Алакөлге жете аласыз. Туристер жолдың жағдайы нашар екенін жиі айтады. Алайда, жыл сайын жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқан жол жөндеу жұмыстары нәтижелі атқарылып жатыр. Таяуда теп-тегіс жолмен Алакөлге қарай зулайтын боламыз.
* Алакөл маңында қоныстанған халық жылына 50 күн ғана жұмыс істейді десек те болады. Мұнда бизнестің түр-түрін жүргізуге болады. Келушілерге тамақ сату, қайықпен қыдырту, балық шаруашылығы, демалыс үйлерінде қызмет көрсету, қолөнер бұйымдарын сатумен айналысатындардың айтуынша отбасының бір жылдық бюджеті жаздағы екі айлық жұмысқа тәуелді. Алакөл жағасындағы сатушылар 5-70 жас аралығында. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейінгі еңбекке жарамды жандардың барлығы дерлік нәпақасын көл жағасынан табады.
* Алакөлде туризм дамымаған дейсіз бе? Меніңше, бұл қате пікір. Жүздеген демалыс орындары мен тұрғын үйлер, киіз үйлер мен арнайы пансионаттар, лагерьлер мен туристік орталықтар демалушыларға сапалы қызмет көрсетуге сақадай сай тұр. Балалар алаңдары, бассейндер мен массаж орталықтары, би кештері мен ойын-сауық бағдарламаларын өткізетін алаңдар – бәрі-бәрі келушілердің қажеттілігін қамтамасыз ету үшін қызмет етеді.
* Алакөлде қызып тұрған шаруаның бірі – қайық айдау. Моторлы қайық, ескекті қайық, жылдамдығы жоғары катерлер мен әр түрлі пішіндегі (банан, кресло, балық пішіндес) тіркемесі бар қайықтарға мініп алып, Алакөлдің о шетінен бұ шетіне саяхат жасай аласыз
* Қайықшылардың бір күндік табысы 20-30 мың теңгені құрайды. Алакөлдің ортасында орналасқан, халық «Аралтөбе» деп атайтын белгісіз аралға 7-10 адамға арналған қайықпен барып қайтудың өзі 30 мың теңге. Алайда, қайықшылардың табысы ауа-райына, келушілер санына байланысты. Дауылды күндері толқынмен ашық шайқасқа шықпауға кеңес береміз.
Менің Алакөл туралы көрген-білгенім, ойға түйгенім осы. Ал сіз қандай ой алып-қосар едіңіз?
Дана Маратова