Кез келген сайт болсын, тв болсын, газет болсын рейтин қуып жұмыс істейді. Рейтингі неғұрлым көп болған сайын, жұмыс та сол үшін бағаланады.
Өмірде де солай. Тек рейтингтің орнын тұрмыстық қажеттілікпен алмастырыңыз. Біз бәріміз бір нәрсені қуып, бір нәрсенің жетегіне еріп өмір сүреміз.
Мен қазіргі көп қазақтың өмірі туралы айтар болсам, біз, қазақтар, соның ішінде тағдыр толқынына тірексіз лақтырылғандар материалдық қажеттіліктің соңына шам алып түсіп алғанбыз. Біздің санамыз, ойымыз, тіпті арманымыз ақшаға шырмалған. Өйтпеске тағы болмайды.
Өйткені қазір кім-кімді алып қарамаңыз, осы заманның заңғары дегендердің өзі ақшаның құлы болып кеткен. Біз ақшаны идеалға, қолында күші бар құдіретке айналдырып алған сияқтымыз.
Сізге мынаны айтайын. Шын мәнінде адамға ең алдымен керегі бақыт та, мыңдаған доллар да емес, ең керегі – үміт! Үміттеніп, алға қарай ұмтылу, жақсы өмірге деген құлшыныс адамды адам етіп тұр ма деймін.
Бір сәт өзімді барлық мақсаты орындалған адам ретінде сезінсем, бойымды қорқыныш билейді. Иә, әрі қарай не болады? Мен бір таңда өзімді барлық мақсаты жүзеге асқан бақытты адам ретінде сезінсем, келесі таңда кім болып оянам? Мақсатсыз, армансыз, үмітсіз жүрген біреу!
Ондайдан сақтасын.
Адам баласы жақсы нәрсеге де, жаман нәрсеге де тез үйренеді. Қалада өскен асфальт баласын ауылға апарып сиыр бақтырсаңыз, бірнеше күннен кейін төселіп кетеді. Ауылдан шығып қалаға келген баланы қазір шын қалалықтан ажыратып көріңіз ))
Соған қарағанда адам баласы нағыз қанағатсыз, жаңа нәрсеге тез бейімделгіш, өмірді қанша сүрсе де, тоймайтын тойымсыз тіршілік иесі ме деймін.
Мен өзімнің ешқашан, еш уақытта құс бола алмайтынымды түсінген сәттен бастап бүкіл әлемді ойша шарлайтын болдым. Кейін интернет арқылы. Адам баласы дүниенің қай түкпірінде туылса да, қай тілде сөйлесе де, шын мәнінде оның ешқандай маңызы жоқ сияқты. Бастысы – баяғы қу дүниеге көзі тоймайтын жаратылыс.
Бірақ басқаларға қарағанда көбіміз үлкен мақсат, арманымыз жоқтығымызбен "ерекшеленеміз". Мәселен сіз кім болғыңыз келеді? Шіріген бай болғым келеді деймісіз? Әлбетте!
Ал Отан үшін не істегіңіз келеді? Немесе әлем үшін?
...
Абайдың өлеңі не үшін әлі күнге өзекті деп ойлайсыз? Өйткені, сол қазақ әлі сол күйде. Өзгермеген. Өспеген.
Біз әлі қараңғы екенбіз.
Әлем әлі толық біле бермейтін, әлі толық мойындалмаған Қазақстанның елеусіз бір пұшпағында туғаным үшін (және осы жерде өлетінім үшін), кеудемсоқ, бос сөзге құмар, еліктегіш, болашағы дүдәмал, интернеттен мәліметті орысша қазақ әріптерімен іздейтін (оз озин тану), жалқау, ішітар, намыссыз, жақсыдан үйренуге жоқ адамы басым қоғамның бір бөлшегі екенім үшін мен бәлкім кінәлі де шығармын.
Бәлкім...
Осы "қараңғы" қоғамның ішінен жарқ етіп біреу шығар. Коко Шанель секілді.
Не Стив Джобс секілді...
Сурет: вк