Әл-жәбрдің атасы
блог
«Әл-жәбрдің атасы» – белгілі математик ғалым Асқар Жұмаділдаевтің идеясымен жарық көрген оқушылар, ұстаздар және ғылымсүйер оқырманға арналған республикалық ғылыми-танымдық журнал. Алғашқы саны 2023 жылы қараша айында жарық көрді.
«Әл-жәбрдің атасы» атану себебі – алгебраның атасы Мұхаммед әл-Хорезми деген кісінің «Әл Жәбр уә-л Муқабәла» деген еңбегі болған. Әл-Хорезми – Арал теңізі бойында туған, әлемдік өркениетке орасан зор үлес қосқан ойшыл, Иран мен Тұран ғана емес, бүкіл әлемге ортақ тұлға. Журналдың мақсаты – жастарға ғылым-білімді насихаттау, математикаға қызықтыру.
Бас редакторы – белгілі математик, академик Асқар Жұмаділдаев. Асқар Серқұлұлы журнал туралы былай деді: «Менің бала күнімде – «Қазақстан пионері», «Балдырған», «Білім және еңбек» сияқты біздер оқитын екі-үш журнал болатын. Елімізде 10 мыңнан аса газет-журнал шығады екен. Бірақ соның арасында ғылымға арналған журнал да, газет те жоқ. Сол себепті осы журналды шығаруды мақсат еттім. «Qalan.kz» платформасының қолдауымен осы ойымды жүзеге асыру мүмкіндігі туды. Біз қазақ тілін ғылымға, техникаға бейімдеуіміз керек. Журналда осы жағы да қамтылады».
Журнал редакциясына математиктер, білікті мамандар, ғалымдар мен журналист-редакторлар тартылған. Жоба жетекшісі – Садық Шерімбек, математика бойынша ғылыми редакторлары – Айдын Сәбі, Назаржан Әбілқайыр; шеф-редакторы – Оралай Алейдарова, ғылыми редактор – Асылтай Тасболат, Мағжан Қайранбай, иллюстраторы – Рабиға Сатыбалды
Журналдың мән-мазмұнын аша түсетін «Ұлы тұлғалар», «Ғылым қазығы», «Тісбасар», «Маман бол», «Қатені тап» және басқа да қызықты айдарлар бар. Математикаға қатысты теориялық мәселелер «Ғылым қазығы» айдарында қамтылады, ал «Құнан жарыста» НЗМ, БИЛ мектептеріне түсем деушілерге арналған математикадан емтихан сұрақтары, «Тай жарыс», «Құлын жарыс» айдарларында балалардың жас ерекшелігіне сай қызықты есептер ұсынылады. «Дөнен жарыста» математика мұғалімдеріне олимпиада есептерін ұсынады. «Тіл – құрал», «Зерттеулер», «Сыр сандық» сияқты айдарларда әртүрлі тақырып ұсынылады. Оқушыларға қазір және келешекте сұранысы жоғары мамандықтар туралы жан-жақты ақпарат беретін «Маман бол» деген айдар да бар.
«Жаңарған ұлттар» айдарында әртүрлі мемлекеттердің ғылыми технологиялық прогреске жету жолын нақты кейстермен беріледі. Мәселен, бірінші санында Оңтүстік Кореядағы жоғары технологиялық компаниялардың тарихын, Сингапурдың өзгеше білім беру жүйесін, ал екінші санында Израильдің тамшылатып суару технологиясын баяндайды. Бұл айдардың мақсаты – жас ұрпақтың бойында «біз де технологиялық алпауыт елге айнала аламыз» деген сенімді ұялату.
«Әл-жәбрдің атасы» журналы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының ақпараттық қолдауымен жарыққа шығарды. Алғашқы саны 2 мың данамен жарық көріп, Қазақстанның түкпір-түкпіріне таратылды. Екінші саны литийге арналған.