Тұңғиық тұнық білімнің бұлағы қашан бастау алады?
17 жастағы бозбаланы білім шаһарына итерген алпауыт күш қайдан келді?
Ғақлия өмірін баянды, ғұмырлы өткізген Әл – Фараби дананың кемел ой – толғамының мықтылығы нәпсісіне ермегендігінен, өмірлік мұратының ақтығынан, Хақ Тағаланың қасиетті түркі жұрты маңдайына бітірген қасиетті, дара тұлға екендігінде ешбір күмән болмақ емес. Көне көздің заманы уағында 870 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының жерінде түркілердің Отырар (Фараб) қаласында дүниеге келді. А.Н.Бернштамның дерегіне сүйенер болсақ, Отырар қаласының орналасқан кең – байтақ, құнарлы, топырағы қасиетті жері қазақ халқының арғы ата – бабалары, қыр көшпенділері мен қаланың тұрғындары бір – бірімен тығыз қарым – қатынас жасап отырған деген толыққанды дерегі әбден орынды. «Шындығында әл – Фараби түркі нәсілдес тайпадан шыққан, туған жері Сыр бойы, Отырар десе болғаны. Сонда ол өзінен өзі қазақ болып жатыр». [1]
Балалық дәуірі кезеңінен білім мен ғылымға ұмтылған Әл – Фараби ұлы ұстаз дәрежесіне жетті, ғұлама ғалымның даралық тұлғасы ашылмаған том кітап болса, қасиеттері мен шығармашылық қабілеттері дәл сондай арнаулы бөлек тақырыпты қамту қажеттілігін тудырады. Әлемнің ұстазы Әл – Фараби білім жолында бар ыждаһат күшін салып, әлем ұстаздарымен теңесер ғалымдармен жиындас болып, білімін толықтырып отырды, білім шаһараларын, Хорасан, Бағдат, Дамаскі, Алеппа, Мысырды аралады. Арман – мақсат, білім жолына етене енген, енді түскен жастар ғалымның еңбегінен дар – қуат алса, ғалымның күнделікті қанағатшыл саналы ғұмыры, нәпсі шекарасын тыйып, ойының мақсат – мүддесі тек бір ғылымды игеріп көздегенін, Жаратушыны танудағы таза ішкі жан дүние, тізбегінше, әлемдік дәрежеде ұстаз болғанын көріп жүз есе машаһат алады деп білемін.
Ұлыларды дәріптеп, қастерлеу – келешек ұрпақтың борышы. Ұлыларды ұлықтамай қалсақ та бір, көне қағаз бетіне қасиетті жазулары дария бұлақтай, күн сәулесіндей жарық беріп тұратыны мәлім. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді», - дейді.
Әбу Насыр Әл – Фараби өз заманының ең үздігі болса, қазірде әлемнің мәшһүрі. Әбу Насыр Әл – Фараби бір өзіне алпауыт ғылым параларын сыйдырған, тоқтала өтетін болсақ, әлеуметтік – саяси салаларын, тіл мәдениетін, философиялық-гуманитарлық (философия, логика, этика, эстетика, саясат, социология, лингвистика, поэзия, шешендік, музыка) және жаратылыстану (астрономия, астрология, физика, химия, география, космология, математика, медицина) саласы. Иә, дәл осы тұрғыда дара данышпанның ғылымдардың шығу төркініне тоқталар болсақ, «Фараби ғылымды діннен бөліп қарайды, себебі оны дербес, оның заңдылықтары еш нәрсеге тәуелді болмайтын заңдылықтар» ретінде есептеген. [2]
Жалпы, Фараби ғылымдарының шығу төркіні жайлы не білеміз? Фараби ғылымдарының шығу тарихы 2 негізгі фундаментальды бөлімнен тұрады. Олар субстанция мен акциденцияны танудан бастау алады, субстанция материя ұғымымен пара – пар, акциденция субстанцияның әртүрлілік көрінісі болып табылады. Фараби бұл туралы былай дейді: «Субстанцияны тек ақыл ғана қабылдайды, акциденция сол екеуінің арасына дәнекер болады», - деп толық түсінік береді.
Адамзат өмірінің негізгі тұты – ақиқат, шындық жолын іздеу. Әл – Фараби бүкіл өмірін адамзатқа арнаған адам екені айтылды. Ғұлама ғалым шындық жолдан адастырар адамға тән нәпсі, жалқаулық, тән тілегінен ада болды, ол жағын, анығында, шегіне жеткізбей тыйым салып қойған. Ғалым шындық жолына тек ғылыми жолмен ғана ізденіске түспеді, ол бар жан тәнімен, тірлік болмысымен түскен адам болып отыр ғой. Екінші жағынан ғылымқұмар талапшылар да болған, алайда, олар өз табиғатын ғылымнан ада ете алмаған, жан – тәнімен толықтай беріле қоймады, содан барып шатасқан.
Әбу Насыр өз еңбектерінің көпшілігін араб тілінде жазған. Отырарда қыпшақша сауатын ашқан Әл – Фараби бойына 70 тілден астамын жиып, үйренген, қажетті кітаптарын түпнұсқада оқыса ғана, оның мәніне терең бойлай алуға болады деп ұғынған. Трактаттарының мазмұнды, өте құнды болуының да бір себебі деп танимыз.
Тақырыбыма сәйкес, ақ пейіл ниет, таза терең тұнық ой, мөлдір көл көңіл, қанағат, рақым ұстазымыздың асыл денесіне біткен қасиеттер, адамгершілік тұлғасы, шыққан ортасы, тәрбиесі – еңбектерінде тайға таңба басқандай көрініп тұрады. Міне, қилы – құйлы заманда халқына бар өмірін арнаған тұлғаның тұрпаты, жазып қалдырған еңбегі – гауһар қазына рөлін атқарып отыр.
Әлем ұстазы Әл – Фарабидің «адам ғылымға түрліше тосқауыл жасайтын мемлекеттен кетіп, ғылыми өркен жайған елде тұруға тиіс», - деп ым жасауына себеп болған ұғым «өресі тайыз кертартпа хадисшілер оны жек көріп, күндей бастаған... Әл – Фарабидің бүкіл ойының негізгі мәніне қарсы шыққан, өйткені, адам бақытын о дүниеден іздеп табуға мезгейтін еді», - өмірінде орын алған кертартпа адамдардың пиғыл әрекетімен байланысты. Дүниеқоңыздылық, көздегі перде, тот басқан жүректі сол заман адамдары жалындап тұрған жас Фарабидің көзіндегі от – ұшқынды да көре алмауына себеп болған деп ұғынамыз. «Ол туған елінің мәдени байлығын, иранның, үндінің, ежелгі дүние мәдениеттерінің жемістерін бойына дарытты. Сондықтан да, таяз ұғымдар мен соқыр сенімдерден жоғары көтеріле білді...». [3]
Данышпанның ғылыми еңбектерінің зерттеуіне шолу жасар болсақ, дүниені құраушы сәуле ұшқындары, зат бөлшектерінің аражіктері қай кезде болмасын үздікісіз байланыста, кейде алыстап, жақындап отырған. Алайда, арақыл көпірінің негізі «сад» еш уақытта жоғалмаған. Қорытынды толғам жасай келе, ғалымның зерттеу еңбек нәтижесі дүниеде бос орынның жоқ екендігіне келіп тірелетіндігінде, яғни, қатынассыз еш нәрсе жоқтығында, дүниенің әрбір мүшесі көрнекті орнын алып, біртұтас құрылыс ретіндегі жиын бейнесінде орын алып отырғандығын аңғарамыз.
Әл – Фараби есімі бақыт терминімен әр кезде қатар жүрмек. Бақыт дегеніміз – абслоютті шектік игілік. Адамдар бақытты ешбір жағдайда күш арқылы емес, парасатты ақыл – ой негізі жетегінде ғана пайымдайды. Бақытты дұрыс пайымдап, түсіне алған адамдар –данышпандар деп өз еңбегінде жітілі деректер ұсынады.
Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым... Қазақтың маңдайына туған, ғасырға бергісіз тұлғалар Абай мен Әл – Фараби рухани мұраларының үндестігі жайлы тоқталып өтейік. Екі қасиетті тұлға екі шалғай ғасырдың, сәйкесінше екі бөлек заманның адамдықтың шыңына шыққан адамдар еді, үндестіктің астары адами қасиеттердің шоғыры мен надандықтың жолын кесіп өтер білім деген таңжарыққа деген махаббат, адамға кесел тудыратын тойымсыздық, жұмысы жоқтық, талпыныссыз жаман өмір сипатына жеткізбей, алдын алар өлеңдерінің ұйқасымен өсиет айтып жеткізеді. Қазақ халқының дара, дана Абайы: «Мен, егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілн кесер едім», - дегені бар. Яғни, Абайдын табиғи ойы , тірегі адамның қасиетіне сену, адамның аз ба, көп пе «көрсем, танысам, білсеміне» тілегін, ұмтылысын меңзеп отыр. Талап тақырыбы маңызды аспектілердің бірі ретінде қарастырылады, қазақ халқы: «Талаптыға нұр жауар» деуінің себебі неде? Талап әрбір балада болады, оған талас қылуға болмайтындығын түсіндіреді.
Абай жан қуаты әркімнің дарасында болады, ал оны ескермей, қадағаламайтын болса шоқтың көзі сияқты ерте сөніп қалатынына назар аудартады, қарама – қарсы бағытта, оны күтіп, ескерсе, әдетке айналдырса ол қағілет зораяды, үлкейеді деп анық деректі айтады. Яғни, іске асыруда қажет болған жақсыларын дамытып, қажетсіздерін тастау керек. Талап деген ұғым махаббатттың алауынан тұтанады, ғылым мен білімге махаббаттың артуы үш нәрсемен жүзеге асырылады, олар, жақсы сөз, деннің саулығы, айналадағы тәрбие деп түсіндіреді Абай.Абайдың ғылыми жолы ізгі құмарлықтан тұрады: «махаббат, шыншылдық әділет, берік сенімділік, ғылымды дамытатын нұрлы, ойлы парасат, жақсыны іске асырып отыратын батыл еңбек, шындықты сақтайтын ұстамды қайратты мінез: Абайша айтқанда, «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» дегені айтылған шарттардың нақ көрінісі болса керек. [1]
Дананың қарасөздері әрбір қазақтың қойын дәптеріне айналды десек, ақиқатты айтқанымыз, қазағын шын ықыласпен сүйіп, керегі мен қажетсіздігінің аражігін ашып, адамдық болмыстың жоғарғы шыңына ұмтылуды шақырған дара Абай мен теңдессіз ғалым Әл – Фараби рухани мұраларының үндестігіне келіп тірелетін тұсы да осы.
Ұлы ұстаздың сүйегі Дамаскіде (Шам) жерленді. Әбу Насыр Әл – Фараби 80 жасқа келіп, өмірден озды. Өнегелі өмірдің үлгісі, адамдық болмыстың сипаты, білім мен ғылымды темірқазық ойға бекіту, екі дүние төрінде де бақытқа кенелуді көрсету – бүкіл саналы өмірін келешек ұрпаққа жәдігер ретінде қалдыруды тірек тұтқан - әлем ұстазы Әбу Насыр Әл – Фараби болды. Күн, ай, жыл, ғасыр өтпек керек, данышпанның еңбегі еш уақытта өлмесі анық, ол - табиғи шарттылық, жәдігер мұра, асылдың ақ қанатты сөзі.
Сұлтан Бағдат Сұлтанқызы
Журналистика факультеті
1 - курс студенті
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Машанов. А, Әл – Фараби және Абай. – Алматы: Қазақстан. – 1994. 192б (52б).
2. А. Көбесов, Әл – Фараби. – Алматы: Қазақстан. – 1994. 43б.
3. Қасымжанов А.Х., Ұлы даланың зиялылары. – Алматы: Қазақ Университеті, 1996. – 157б (25-26б).