Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің халықаралық ынтымақтастығы жайлы

Жоғары оқу орындарының халықаралық ынтымақтастық нысандарын кеңейту қазіргі кезде білім беру қызметі саласын дамытудың маңызды аспектісі болып табылады. Халықаралық серіктестік университет көрсете алатын қызмет аясын ғана емес, ғылымдағы, оқу-әдістемелік жұмыстардағы практикалық нәтижелердін де кеңейтеді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің білім беру бағдарламалары Ұлттық Рейтинг бойынша қазақстандық университеттер арасында жетекші орындарға ие. Әлемдік деңгейдегі ғылыми-зерттеу университетіне айнала отырып, шетелдік серіктестіктер орнату арқылы ҚазҰУ әлемдік жоғары оқу орындарының жаһандық және пәндік рейтингінде табысты алға жылжуда.

Пандемия қиыншылықтарына қарамастан, тек соңғы 6 айдың ішінде Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті келесідей шетелдік қарым-қатынастықтар орнатты:

·         Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Швейцарияның Қолданбалы Ғылымдар Мектебі (Swiss-Sasem) арасында екі дипломды білім беруді дамыту перспективаларын анықтаған серіктестік туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.

·         Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Иран Ислам Республикасының Алламе Табатабай атындағы Университеті арасында жасалған меморандум аясында, Шығыстану факультетінің Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасында «Орталық Азия тарихы: тілі мен мәдениеті» тақырыбында қысқы курсы ұйымдастырылды.

·         Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев Ислам Ғылым Академиясы ұйымдастырған «Абу Наср Әл-Фарабидің ислам өркениетіне қосқан үлесі» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты. Атақты фарабитанушылар, философтар мен ғалымдар қатысқан шара Египетте өтті.

·         АҚШ-тағы Уэйн университетінің профессоры, ғалым-математик Уалбай Өмірбаев және Ұлыбританиядағы Кембридж университетінің профессоры, нейробиолог Базбек Даулетов Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде дәріс оқып бастады.

·         9 желтоқсанда Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде, халықаралық қатынастар факультетінің Халықаралық Қатынастар және Әлемдік Экономика кафедрасында Сингапурдағы ESSEC Business School Asia Pacific School, Азиядағы МВА бағдарламаларының атқарушы директоры профессор Чедомир Несторович онлайн-дәріс өткізді. Дәріс «АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қатынастарына баса назар аудара отырып, «Азиядағы бизнеске АҚШ сайлауының әсері» тақырыбына арналды.

·         Академиялық ұтқырлық аясында Фундаментальды Медицина кафедрасында онлайн дәрістер эстафетасын алғашқылардың бірі болып, Гази университетінің Медициналық Биохимия кафедрасының Медицина Факультетінің профессоры Орхан Канболат (Түркия) онлайн режимінде «Жалпы медицина» мамандығының 2 курс студенттеріне дәрістер өткізді.

·         POSCO Asia Fellowship халықаралық корпорациясы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің 10 студентіне стипендия тағайындады.

Даму перспективаларын белгілей отырып, университет басшылығы тек осы жетістіктерімен тоқтап қалмай, осы бағыттағы жұмысты жалғастыруға дайын, өйткені халықаралық ынтымақтастықты дамыту экономика саласындағы мамандарды жоғары деңгейде дайындауға ғана емес, сонымен қатар отандық білім беру жүйесінің әлемдік білім кеңістігіне интеграциялануына ықпал етеді.

Ал еуропалық және әлемдік білім беру жүйесіне интеграция, сондай-ақ әлемдік деңгейдегі мамандарды даярлау – білім беру мекемелері үшін халықаралық байланыстар орнатуда, білім беру, ғылыми зерттеулер және мәдениет саласында шетелдік серіктестермен әртараптандырылған ынтымақтастықты ұйымдастыруда анықтаушы фактор болып табылады.

 

Жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасының аға оқытушысы,

Ракымбаев Аят Жумашевич



Бөлісу: